ЭКСКЛЮЗИВ: «Біз, қазақ елі - қорқақтық дегенді білген емеспіз!» - Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хаты, 1943 жыл

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылы 7 ақпанда шыққан санында «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хаты» жарияланды. Бұл сол кезде одақ деңгейінде елеулі серпіліс туғызған оқиға болған еді. Хат қазақ тілінде басқа да газеттерде жарияланды және орыс тіліне аударылып «Правда», «Известия» секілді орталық газеттер мен майдандық газеттерге басылып, майдандағы қазақстандық жауынгерлер арасында кеңінен оқытылды. Бұдан басқа, «Правда» газетіннің 1943 жылғы 6 ақпандағы санында «Даңқты қазақ халқы кеңестік Отан үшін күресте» деген мақала да жарық көрді.

Ал аталмыш хатқа келер болсақ, оған ресми деректер бойынша 2,6 млн. астам адам қол қойған. Олардың ішінде қарапайым шаруадан бастап, ақын-жазушылар, ғалымдар және партия қайраткерлеріне дейін бар.

Бұл шынында да дер кезінде жазылған хат болды. 1943 жылдың ақпаны... Соғыстың жүріп жатқанына бір жыл жеті өткен кез. Таяуда ғана кеңес әскерлері Кавказ өңірі мен Сталинград қаласын жаудан азат етті. Фельдмаршал Паулюс бастаған жүз мыңға жуық неміс басқыншылары қолға түсті. Ондаған мыңы оққа ұшты. Бұл жеңіс әрине оңайға түскен жоқ. Қаншама боздағымыздан айрылдық. Қаншама ананың, сүйген жардің етегі жасқа толды. Ал жау болса әлі де кеңес жерінде. Украина, Белоруссия, Балтық елдері әлі азат етілген жоқ. Осындай, соғыстың шешуші кезеңде Қазақ халқы қарғыс атқыр соғыстың ауыртпашылығын, азабын қанша тартып жүрсе де, дүр сілкініп, еңсесін көтеріп, қайраттанып, болашаққа үмітпен қарап, майдандағы қазақ жауынгерлеріне рух беретін жалынды сәлем хатын жолдады.

Ол шын мәнінде жауынгерлердің рухын көтерген, күшіне күш, қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан рухани Үндеу іспеттес болды. Бұл хат, сондай-ақ, халықтар достығының шынайы да айқын үлгісі екендігі даусыз!

«Қазақстанның ардақты ұлдары! Құрметті балаларымыз, ерлеріміз бен туысқандарымыз! Өздеріңнің туған үйлеріңнен алған хатты қандай сезіммен оқысаңдар, бұл хатты да сондай сезіммен оқыңдар!» - деп басталады хат.

Кейін қазақ жауынгерлерінің сонау Мәскеу түбіндегі және басқа да майдандардағы ерлік істері жазылып, оларды қазақ халқы мақтан тұтатындығы айтылған.

«227 фашисті жалғыз қырған дала қырғиы сержант Әбдібековтың, гвардия подполковнигі Момышұлы мен Советтер Союзының геройы Мәлік Ғабдуллиннің аттарын естігенде жаудың төбе шашы тік тұрып, зәресі ұшады. Бұл екеуі жауынгерлерді соңдарынан ертіп алып, немістің қаратүнек қалың қолының ортасынан қақ жарып өтіп, 17 күн жүріп өз бөлімдеріне қосылған» - деген сөздер бар хатта.

Сонымен қатар, тарихи құжатта тылда да еңбектің қарқынды жүріп жатқындығы, бүкіл халықтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Жеңіс үшін аянбай тер төгіп, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жатқандығы айтылады.

«Мұндағы ата-ана, аға-іні, апа-қарындастарың да босағада қол қусырып, құр мұңайып, құр қобалжып, босқа отырған жоқ. Олар жаппай соғыс білімін үйренуде. Олар зауыттарда, шахталарда, егіс үстінде. Олар бұрынғы сендердің істеріңді істеп, орындарыңды ойсыратпай жүр. Ешбір станокты аңыратып жетім қалдырған жоқ. Бір трактор, я бір соқа қалған жоқ далада. Қазақтың ұл-қыздары аянбай, талмай, ерінбей, жалықпай сол майданда жүр. Ет, май, жүн, тері заттарын біздің Қазақстан барған сайын үдете беріп отыр. Қызыл кавалерияға әрі берік, әрі жүйрік аттарымызды жіберіп жатырмыз. Алыстағы елдерің сендердің майдандағы ерліктеріңе осылай жауап беріп отыр. Жауға тиіп жатқан тасшоқпарды осылай қосқолдап бірге сілтесіп жатырмыз» - деп жазылған.

«Қорқақтың күні қараң» демекші, Қазақ халқы майдандағы жауынгерлерді қорқақтық танытпауға шақырады:

«Жауынгер! Туған анаң, сүйген жарың, қара көзді қарындастарыңның айнымас аманатын ұмытпа:

Жеңіп қайтсаң жауыңды

анаңның жарық күні сен!

Жеңе алмасаң жауыңды

жер жастанғыр қорқақтың

тумай кеткір бірі сен!

Біз, қазақ елі - қорқақтық дегенді білген емеспіз! Егер де орталарыңнан қорқақ шықса, беттескен жаудың алдында босаңдық етсе, ондайларға туған ел қарғысын ғана арнайды. Туған анасы теріс батасын береді, сүйген жары теріс айналады. Қорқақ - өз баласы мен өз анасының, өз жарының жендеті. Оның бағасы өлім ғана!»

Хатта сонымен қатар, Қазақ халқы атынан серт беріледі:

«Қазақстанның байтақ даласын жайқалған егінге толтыруға серт береміз, бауырлар! Түгін тартсаң майы шығатын төрт түлікке толтыруға серт береміз, бауырлар! Қарағандының көмірі мен Ембінің мұнайын майдан қанша тілесе, сонша береміз! «Қасарысқан жауыңа қанды көбік жұтқызу» үшін қанша қорғасын, қанша мыс керек болса, сонша береміз! Берген сертті бұлжытпай орындаймыз, біз жеңеміз!»

Содан соң, бүкіл қазақ жауынгерлерін Ұлы Жеңіске жету жолында өз арының алдында, халықтың алдында серт беруге шақырады:

«Майдандағы қазақ жауынгерлері! Сендердің талай асқан ерліктеріңді естігенде төбеміз көкке тие мақтандық. Cендердің аттарыңды мақтана атап, күндіз естен, түнде түстен шығармаймыз! Қара ниетті жауды өз ниеттеріне жеткізбейтіндеріңе мұндағы туысқандарың - біз қалтқысыз сенеміз! Ендеше, жау басына жасын болып түсіңдер! Барлық ашумен, кетпес кекпен қаhарлана соғыңдар! Халық аманаты, Сталин әмірі осы ғана!

Қазақстанның ардақты ұлдары! Майдан өлкесінде әрқашан көкжиектен көтерілген күнге қараңдар да, туған жерлеріңді еске алыңдар! Селеулі теңіздей тербелген Арқаның кең далаларын, алтын бұлағы сорғалаған Алтайдың асқар жоталарын, ақбас Алатаудың жеміске безенген сай-салаларын, соншалық кең туған-жерлеріңдегі аталарыңның қасиетті қабірлерін, туған-өскен үйлеріңді көз алдарыңа келтіріңдер. «Соларды жауға таптатпаймыз» деп ант етіңдер! Ардақты ұлдарымыз, туысқандарымыз! Қырыңдар жауды! Атқан оғың, сілтеген найзаң мүлт кетпесін! Жер алам деп келген немістер жер жастансын! Біздің жер - жаудың көрі болсын!»

Міне, осындай жалынды сөздермен жауынгелерді жеңіске жетелей түседі. Бұл тарихи хат, тарихи аманат:

«Қазақ ұлы! Жаудың есін жыйдырмаңдар! Аямай соғыңдар жауды, соңғы демдерің тоқталғанша, тамшы қандарың қалғанша соғыңдар! Қолдан қуат, бойдан әл кеткенше соғыңдар дұшпанды! Жеңілу қорлығынан алысып өлген артық!

Жауынгер! Қолыңа берген қаруды жұмсай біл! Украина мен Белоруссиядағы, Дон мен Балтықтағы бауырластарыңды жаудан тез айырып алуға асық. Сол үшін ұмтыл! Көз жасып бұлап еңіреген аналар мен балалар даусын сен естимісің? Сәулетті, сәнді қалаларыңды жаудың аяусыз өртеп жатқанын көремісің? Қасиетті жеріңді жауға әлі де таптатамысың? Басқыншылардың сазайын аяусыз тартқыз! Сескенбе, қорықпа өлімнен! Жауынгер үшін - өлім жоқ! Біз жеңуге тиіспіз! Біз жеңеміз!» - деген сөздермен аяқталған.

Аталмыш хатқа қол қойғандар:

Бадаш Жүсіпалиев - Батыс Қазақстан облысы Камен ауданындағы Карл Маркс атындағы колхоздың орденді төрағасы;

Ким Мая Сам - Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Авангард» колхозының атақты күріш егушісі;

Жұмат Кенжеков - Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы «Жаңа ауыл» колхозының шопаны, орден иегері ;

Сонжүрекова - Павлодар облысының Абай атындағы колхозының орденді звеновойы;

Үмітбаев Қажымұрат - Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданындағы «Баян» колхозының қос орденді төрағасы;

Доспаева Балғаным - Гурьев облысының «Байшонас» кәсіпшілігінің операторы, орден иегері;

Сүлейменова - Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Жаңғыз тал ауылдық кеңесінің төрағасы;

Скворцов - Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы;

Күләш Байсейітова - КСРО халық әртісі, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, орден иегері;

Қенжебай Құлжанов - Солтүстік Қазақстан облысының Көкшетау ауданындағы «Қазақстан» колхозы фермасының меңгерушісі, орден иегері;

Сәбит Мұқанов - жазушы;

Ангелина Паша - Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Буденный атындағы МТС-тің қос орденді бригадирі;

Естай Беркімбаев - халық ақыны;

Смағұл Қосыбаев - Гурьев облысы «Алғабас» ауданының төрағасы, орден иегері;

Нұртас Оңдасынов - ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы;

Бақыш Сәрсенбаев - Батыс Қазақстан облысының Камен ауданындағы «Оян» колхозының жылқы фермасының меңгерушісі, орден иегері;

Жұматай Шаяхметов - Қазақстан К(б) П Орталық Комитетінің хатшысы;

Ольга Котенева - КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, еңбегі сіңген оқытушы;

Дүйсенова - Ақмола облысының Ақмола ауданындағы «Құрсуық» колхозының орденді звеновойы;

Әбдісәмет Қазақбаев - ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы;

Кулитов - Қазақстан К(б)П Алматы облыстық комитеті мен қалалық комитетінің хатшысы;

Өтеген Шақаев - Батыс Қазақстан облысының Камен ауданындағы Чапаев дивизиясы атындағы колхоздың төрағасы, орден иегері;

Азанбай Тілеуқабылов - Қарағанды облысындағы Балхаш мыс қорыту зауытының цех шебері, орден иегері;

Қаныш Сәтбаев - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасының төрағасы, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының докторы, орден иегері;

Есенбаев - Солтүстік Қазақстан облысының Совет ауданындағы «Көктерек» колхозының тракторшысы;

Айымгүл Ізтілеуова - Қызылорда облысындағы Жалағаш ауылдық кеңесінің төрайымы, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты;

Сәтбай (Санғай) Рысқұлов - Қарағанды облысындағы Горбачев атындағы №1-ші шахтаның навалоотбойщиктер бригадасының бригадирі, орден иегері;

Бердіқұлов - Павлодар облысы Баянауыл аудандық партия комитетінің хатшысы;

Құсайын Илиясов - Солтүстік Қазақстан облысындағы «Интернациональный труд» колхозының колхозшысы, орден иегері;

Самат Мұсалимов - Солтүстік Қазақстан облысындағы Н- зауытының ұстасы, стахановшы;

Бабочкин - КСРО халық әртісі;

Көшебай Пірімов - Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Қызыл ту» колхозының төрағасы, орден иегері;

Георгий Хайдин - Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногор кен ошағының бұрғылаушысы, орден иегері;

Нұрпейіс Байғанин - халық ақыны, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, орден иегері, Ақттөбе облысынан;

Рақым Ыбыраев - Қарағанды облысындағы №1-ші шахтаның навалоотбойщигі, орден иегері;

Якупов - Қазақстан ЛКЖС Орталық Комитетінің хатшысы;

Берліқожанов - Алматы облысының Талдықорған ауданындағы «Сарыбұлақ» колхозының төрағасы;

Оразбаева - Қостанай облысының Затобол ауданының «Красное Сормово» колхозының сауыншысы;

Салиха Оңғарбаева - Алматы облысының Қоғалы ауданындағы Киров атындағы созхоз директорының орынбасары, орден иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты;

Бейсенбай Жұмағұлов - Жамбыл облысының Талас ауданындағы «Тамды» колхозының төрағасы, орден иегері;

Үртіш Қарымсақова - Ақмола облысының Атбасар ауданының «Ерікті» колхозының сауыншысы, стахановшы;

Жарқымбаев - Семей облысындағы Семипалатинск стансасының вагон депосының слесірі, орден иегері;

Әзима Бектенова - Ақтөбе облысындағы атақты тарышы, орден иегері;

Ирина Худякова - Өскемен өнеркәсібінің стахановшысы;

Әдия Қарабалин - Ақтөбе облысының «Социализм жолы» колхозының колхозшысы;

Кәрім Шаяхметов - Семей облысындағы кеме жөндеу зауытының құю цехының ұстасы, орден иегері;

Ақын Ақжігіт - Солтүстік Қазақстан облысындағы Ильич МТС-інің комбайнері, орден иегері;

Ғазиз Әбдірахманов - Қарағанды облысындағы №1-ші шахтаның навалоотбойщиктер бригадасының бригадирі, орден иегері;

Қашқын Үмбетова - Қызылорда облысының Арал ауданындағы Жамбыл атындағы балықшы колхозы төрағасының орынбасары;

Шығанақ Берсиев - Ақтөбе облысының атақты тарышысы, орден иегері;

Сероштан - Алматы облысының Қоғалы ауданындағы Сталин атындағы колхоздың төрағасы, орден иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты;

Сағындық Жұматаев - Оңтүстік Қазақстан облысының Фрунзе ауданындағы «Майдантал» колхозының звеновойы, орден иегері;

Әбжан Жүсіпов - Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, орден иегері;

Аманбет Мамандияров - Шымкент қаласындағы қорғасын зауытының электр дәнекерлеушісі;

Әлмағамбетов - Павлодар облысының Павлодар ауданындағы Жамбыл атындағы колхоздың төрағасы;

Қалжан Жүзжасарова - Қызылорда облысындағы Қармақшы механика зауытының стахановшысы;

Қасымбеков - Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы «Дарбаза» созвхозының шопаны;

Жағыпар Мыңжасаров - Семей облысындағы Қаракөл МТС-інің директоры, орден иегері;

Баймұратов - Жамбыл қант зауытының ауысымдық инженері;

Владимир Назаренко - Ақтөбе облысы, Кеңес Одағының батыры;

Гүләйхан Ыбыраева - Қостанай облысының Жетіқара ауданындағы Забелев ауылдық кеңесінің төрайымы, орден иегері;

Толыбай Жолдыбаев - Жамбыл облысының Меркі ауданындағы «Большевик» колхозының төрағасы;

Нартай Бегежанов - халық ақыны, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қызылорда облысы;

Жәмилә Сейсенова - Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Киров атындағы колхоздың сауыншысы;

Қасен Тұрмұхамедов - Қостанай облысындағы астық совхозының тракторшысы;

Ахмет Жұбанов - композитор, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, орден иегері;

Әбілғалым Төлесов - Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданындағы «Қызыл жұлдыз» колхозының төрағасы;

Қарақатов - Ақтөбе облысындағы 18-ші партсьезд атындағы совхоздың тракторшылар бридасының бригадирі, орден иегері,

Қапаш Қазыбаев - Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Жаңатұрмыс колхозының төрағасы;

Әсия Якупова - Қостанай облысындағы Павлов МТС-інің аға агрономы, орден иегері;

Шайхы Әбішев - Гурьев МТС-інің директоры, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты;

Ыдырыс Ерғалиев - Гурьев облыстық кеңесінің төрағасы;

Жамиға Тезекова - Семей облысындағы Таңсық МТС-інің тракторшылар бригадасының бригадирі;

Курушев - Ақмола облысындағы «Үшінші Интернационал» шахтасының темір ұстасы, стахановшы, орден иегері;

Алексей Купаев - Ақмола облыстық партия комитетінің хатшысы, екі мәрте орден иегері;

Қаделі Ысқақова - Гурьев облысының Теңіз ауданындағы Карл Маркс атындағы колхоздың төрағасы;

Гүлзия Алтыбекова - Қызылорда облысының пионері, 8-ші сыныптың үздік оқушысы;

Рамазан Хамитов - Шығыс Қазақстан облысындағы Зыряновск кен ошағының бұрғылаушысы, стахановшы;

Байжанов - Қостанай облысының Обаған ауданындағы «Коммунистер кеңесі» колхозының тракторшысы;

Сергей Опутин - Гурьев облысындағы «Ескене» кәсіпшілігінің директоры, облыстық кеңестің депутаты;

Мұқатов - Ақмола облысындағы Ақмола стансасының слесірі, орден иегері;

Есқариев - Гурьев облысындағы «Ескене» кәсіпшілігінің бұрғылау шебері, орден иегері;

Базарпинов - Семей облысының Шар ауданындағы Шар МТС-інің тракторшысы, орден иегері;

Бермағамбетов - Гурьев облысындағы «Мақат» мұнай кәсіпшілігінің мұнай өндіруші шебері, орден иегері;

Баршын Бетегеева - Жамбыл облысының Луговой ауданындағы «Восток» колхозының звеновойы;

Қожагелді Жақсылықов - Семей облысындағы Шар стансасы депосының машинисі;

Төкен Қаппаров - Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы «Шалғын» МТС-інің тракторшысы, орден иегері;

Бұл хатқа барлығы 2 631 506 адам қол қойған.

Оқырман назарына ұсынылып отырған, осы хат басылған «Социалистік Қазақстан» газетінің көшірмесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің Мұрағат ісі және құжаттану жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығынан алынды.

*** Хаттың толық нұсқасы

Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хаты

Қазақстанның ардақты ұлдары! Құрметті балаларымыз, ерлеріміз бен туысқандарымыз!

Өздеріңнің туған үйлеріңнен алған хатты қандай сезіммен оқысаңдар, бұл хатты да сондай сезіммен оқыңдар, бауырлар.

Бұл хатты сендерге жүздеген жыл тар кезең, тайғақ асулардан сансыз азаппен өтіп, бақытқа жеткен барлық халқың жазып отыр. Сондықтан көзбен ғана емес, көкірекпен, еліңді, жеріңді сүйетін жүрекпен оқыңдар, туысқандар.

Мұз теңізінің аралдарында, Карелияның гранитті шыңдарында, Кавказдың қар бүркенген тауларында, Смоленщинаның қалың ормандарында, Украинаның бұйратты белестерінде, қысқасы, қасықтай қандарыңды, қадірлі жандарыңды аямай қорғап жүрген қасиетті Отанның қай бұрышында бұл хатты алсаңдар да, көз алдарыңа туған жерлерің Қазақстанды елестетіңдер.

Орыстың патшалары мен отаршылдары, хандар мен байлар қазақ халқын мейірімсіз талады, тынысын тарылта езді. Кең даланың барқыттай бетегесін байлардың табындары жайлады, құнарлы қара топырағына помещиктердің егіндері салынды. Сол малдарды бағатын, егіндерді оратын кедейлер мінер атқа, ішер асқа жарымады.

Бірақ өмір сүруге қазақтың күші де мол, еркі де зор халық. Бақытқа жету үмітін сан ғасыр сарғая көтергенде, оның белі талған жоқ. Сол іздеген бақытына Советтер Союзындағы бауырлас халықтармен білек біріктіру арқылы, ұлы орыс халқының туысқандық көмегімен, Ленин-Сталин туы астында жетті де, зорлықшылардан құтылды. Социалистік ұлы Октябрь революциясы қазақ халқын қайта жасартты.

Міне, осындай қолға қонған бақыт, Қазақстанды алтын арай атқан таңдай көріктендіріп, кең дала тотыдай құлпырып тұрған кезде, қара ниетті жау жағаға жармасты. Жаудың ондағы ойы: бізге құлдық қамытын қайтадан кигізіп, қайтадан азаптау, тағы да тұншықтыру.

Қазақстанның ардақты ұлдары! Жауды ол тілегіне жеткізбейтіндеріңе мұндағы туысқандарың - біз қалтқысыз сенеміз. Сондықтан да сендердің аттарыңды мақтана атап, күндіз естен, түнде түстен шығармаймыз.

Майдан өлкесінде әрқашан көкжиектен көтерілген күнге қараңдар да, туған жерлеріңді еске алыңдар. Селеуі теңіздей тербелген Арқаның кең далаларын, алтын бұлағы сорғалаған Алтайдың асқар жоталарын, ақбас Алатаудың жеміске бөленген сай-салаларын, соншалық кең, туған жерлеріңдегі аталарыңның қасиетті қабірлерін, туған-өскен үйлеріңді көз алдарыңа келтіріңдер. Соларды жауға таптатпаймыз деп ант етіңдер!

Гитлер бандаларының ардақты Отанымызға шабуыл жасауына, міне, бір жыл жеті ай. Ол залымдар Украинаға, Белоруссияға, Қырымға, Донбасқа, Донның даласына қан теңізін селдетті. Бізбен бауырлас сол елдерде фашист бандалары талай ғазіз аналарды, әйелдерді масқаралады, балаларды қырды, үйлерді талқандады. Халық қазыналары талауға түсті. Аталық мәдениет мұралары бүлінді.

Ардақты ұлдарымыз, туысқандарымыз!

Қырыңдар жауды! Атқан оғың, сілтеген найзаң мүлт кетпесін! Жер алам деп келген немістер жер жастансын! Біздің жер - жаудың көрі болсын!

Сендерді туған елің, - қазақ халқы атаңның мынадай нақылымен тәрбиелеген:

- Бақыт, дәулет орнаса, ырыс қонады,

Ынтымағы еліңнің дұрыс болады.

Ұлың жауынгер болады.

Қызың қырағы болады.

Бірі оған болса,

Бірі бұған болады.

Топтанып жауды қашырады.

Осы нақылда айтылған бақыт сыпаттарының бәрі де бүгінгі елімізде түп-түгел емес пе?!

Қазақ халқы Октябрь революциясына дейін де орыстың жұмысшыларымен, шаруаларымен достасып кетті. Патша үкіметі мен байлар бұрынғы Руссия империясындағы халықтар арасына іріткі саламын деп, талаптанған сайын, халықтар достығы жымдаса түсті. Орыс пен қазақ халқы талай рет күш біріктіріп, қанаушыларына қарсы шықты. Пугачев көтерілісінде, 1905 жылғы революцияда, Октябрь күндерінде қазақ халқы ұлы орыс халқына күш қосып, тартысқа бірге түсті.

Сыртқы жаумен күресуде қазақ халқы ұлы орыс халқымен атам заманнан бері бірге келеді. Бұдан жеті ғасыр бұрын біздің тоқсан екі баулы Қыпшақ мемлекеті орыспен білегін біріктіріп, тевтон орденді төбеттерді қызыл жон қып бірге қуысып, Чуд көліне бірге тоғытысқан.

Бұдан алты ғасыр бұрын шетел басқыншылары Руссияға шабуыл жасағанда оның бетін қайтарып, қирата қырған орыс армиясының алдыңғы қатарында ер Едіге бастаған қазақ қосыны бар-ды.

Қазақтың бірінші ғалым-зерттеушісі, атақты оқымысты жиһанкезі, мінезі мен еңбегінде көп ұқсастықтары болғандықтан орыс достары "Сахараның Лермонтовы" деп атаған біздің Шоқан Уәлиханов бұдан 82 жыл бұрын былай деген: "қазақ пен орыс халқының тағдыры ортақ, бар күшті солардың ынтымақтарын нығайтуға жұмсау керек".

Қазақ халқының ұлы ақыны, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Абай қазақ халқы мен орыс халқын туысқан ел ету үшін бар күшін салып, болашағы бір елдердің жүрегі де бірге соғуын тіледі. Абай Пушкин мен Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударды. Орыс халқының ұлы ойымен күткен үміттерін қазақ даласына таныстырды.

Қазақ халқы ұлы орыс халқын жанындай жақсы көріп, сүйеді. Немістер Ленин қаласына ұмтылып, оны ашаршылықпен алғылары келген кезде, Ленинград көшелерінде сүйікті ақынымыздың "Ленинградтық балаларым!" деп салған айғайы тіпті күшті шықты. Жамбылдың данышпан сөздері түн ішінде Ленинград баспаханаларында басылып болып, таңертең көше біткенде ілініп те қалды. Әйелдер тоқтай қалып оқып, жылап жіберетін еді. Майданға кетіп бара жатқан еркектер ақын сөзін қойын-қонышына тығып әкетеді екен.

Қаласы қамауда тұрған жұртқа данышпан ақынның аузымен бүкіл байтақ ұлы ел "Біз сендермен біргеміз", - деді.

Біздің елде өз Отанын сүюдің берік негізі - халықтар арасындағы мызғымас берік достықта. Осы күні біздің қазақ Ленинградтың зәулім сарайларып қарап, мол сулы Нева мен Солтүстіктің мүлгіп мұнартқан қалың орманына қарап, не тіпті, сонау Қиыр Шығыстың шоқыларына қарап: "Бұл - менің жерім, бұл - менің Отаным. Ағайын, туған, көршілер, менің не барым сендердікі, сендердің не барың менікі", - деп әбден айта алады.

Украин режиссері Довженконың қазақ жауынгерлерінің бір қылықтары жайындаңы әңгімесі жұрттың бірінің есінде. Жау қолынан жаңа ғана босатып алған Украина жерін қазақ жауынгерлері қолдарымен сипап, азап тартқан, ұлдарының қанына боялған жерді жата қалып сүйіпті. Олар Украинаның сары белдері өздерінің туған жерін еске салғандықтан істеген жоқ мұны. Олар мұны -бұл сүйікті қымбат жер қазақ үшін де туған жер болғандықтан істеді. Олардың жүрегіне Херсон далалары да, суы мол Днепр де, Украинаның шие бақшалары да өз жеріндей жылы тиеді.

Қазақстанның ардақты ұлдары!

Бұдан 500 жыл бұрын жасаған қазақтың атақты батырларының бірі, өздеріңе мәлім, Орақұлы Қарасайдың ерлік оқиғасы бізді ерлік істерге және жеңіске шақырады.

Елін, жерін басып алуға келе жатқан жауға қарсы аттанғанда, Алшын, Смайыл дейтін қорқақтар "қашайық" деп үрейленеді ғой, сонда 15 жастағы Қарасай батыр былай деп толғамай ма:

Астымдағы көк бұйра ат,

Қанатым менің болсын деп,

Қымбатқа алып мінгемін.

Үстімдегі көк сауыт,

Кебінім менің болсын деп,

Үстіме алып кигенмін.

Солқылдаған ақ найза,

Басыма сайғақ болсын деп,

Оң қарыма ілгенмін.

Мен анамнан туған күн,

Өлерімді білгенмін.

Не қылғаным қайтқаным,

Жанды құрбан айтқамын.

Жаудан жасқанбаған Қарасай өлемін деп емес, өлтіремін, жеңемін деп аттанған емес пе еді! Ол соңына ерген топқа:

Төсегіме төрт кісі,

Жастығыма бес кісі,

Қылышыма қырық кісі,

Найзамның ұшы жүз кісі,

Мылтығыма мың кісі,

Мың сан болсын, мың болмай,

Осынша қырмай, басылман!

Кеудеден кетер жан үшін,

Жерге тамар қан үшін,

Бойымды жаудан жасырман, - демеп пе еді?!

Бұл жалғыз Қарасай батырдың сөзі мен ісі емес, Қарасайдан 200 жыл бұрын жасаған "ел қамын жеген Едіге" батырдан бастап, Октябрь революциясының батыры Аманкелді Имановқа дейінгі барлық қазақ батырларының сөзі мен ісі осы болатын.

Батыр аталарың "жаным - арымның садағасы" дейтін. Советтер Союзының Батырлары - Қосаев, Есболатов, Көжебергенов, Сеңгірбаев батырлардың үлгісі мен асқан ерлік істері, майдандағы қазақ жасы, - сендерге "саны көп деп сескенбе, қаруы көп деп тайсалма!" дейтін аталарыңнан қалған мұра.

Тұтқынға түскен бір фашист былай депті: "Біз шабуылға көшіп едік. Бір қоңыр түсті жауынгерлер бізге қарсы ұмтылды. Олардың аянбай ұмтылып, қасарып алысқандары сонша, біз шыдай алмадық. Бізге бір үрей пайда болды да, кейін шегіндік. Кейін бізге бізбен жағаласқандар қазақтар екендігін айтты. Бұл дүниеде мұндай да қорқа білмес ер ел барлығын біз бұрын білмейтін едік".

Я, фашистер бұрын білмейтін, бірақ, енді мерген көздің қалай көздеп, қалт етпес қолдың қалай атарын, қазақтың кім екенін жақсы білетін болды олар, 227 фашисті жалғыз қырған дала қырғиы сержант Әбдібековтің, гвардия подполковнигі Момышұлы мен Советтер Союзының Геройы Мәлік Ғабдуллиннің аттарын естігенде, жаудың төбе шашы тік тұрып, зәресі ұшады. Бұл екеуі жауынгерлерді соңдарына ертіп алып, немістің қаратүнек қалың қолының ортасын қақ жарып өтіп, 17 күн жүріп, өз бөлімдеріне қосылған. Үсті-бастары арандай қаруланған үш фашиспен жалғыз алысқан жауынгер Расуловты да атай аламыз. Ол жараланған бойы алыс салып, тұтқынға түспей, үшеуінің бірін атып өлтіріп, біреуін жарып өлтіріп, енді біреуін жамбасқа ала көтеріп алып, өзенге тастап жіберген.

Біз бұл арада арғы аталары құралайды көзінен ататын, темір шынжырды жіптей үзетін қазақ батырларының бүгін жауды қалай ұрып жүргендіктерінің талай үлгісін келтіре алар едік.

Орта ғасырдың оқымысты жиһанкезі Карпини қазақ даласын көргеннен кейін күнделік дәптеріне сақтандыру сияқты мынадай бір нәрсе жазған: "Бұл даланың халқы жау көрсе-ақ бассалады да, оқ жаудырады, қырып болмай тынбайды. Мұны жұрт біліп қойсын". Мұны немістер де ұмытпасын! Бостандығын ерекше сүйетін қазақ халқының батыр ұлдары Отанына тиген жауды құртпай тынбайды.

Қымбатты жауынгерлер!

Сендер жаумен алысып жатырсыңдар. Өз күштеріңе еркін сенесіңдер. Бірақ, арқаларыңды тірегендерің ұлы Отандарың екені - күштеріңді үстеп, еселей берсін.

Сарыарқа деп аталатын сол жердің таулары мен далаларынан, жерде қандай металл болса, соның бәрі түгел табылады.

Шымкент қорғасын заводынан үлкен завод Европада жоқ. Қарағанды көмір қоры қазір СССР-да екінші орын алады. Оның көмірі Отанымыздың ондаған заводтарын жемдеп тұр.

Қатерлі кезең, мынау ұлы соғыс тұсында Қазақстан не барын майданға беріп жатыр.

Бұл сырды Жамбыл қарт былай деп жырлайды:

Қаратау толы қорғасын,

Көкшетауда қалың мал.

Алтайым жатыр алтын жал.

Қаптағандай күміспен,

Шымкентте өскен мақталар.

Қарасам көзім жетпейді

Толқыған шексіз егінге,

Балығы тайдай тулаған

Көлдерімде, теңізде.

Күні, түн поезд ағылған,

Тиелген қара көмірге.

Өзендей тасып мұнайым

Ағады сыймай өңірге.

Ас пен оғым жетеді

Залым жауды жеңуге.

Сирек кездесетін металдардың Қазақстан жерінен шығып жатқандарын танктің бронінде, зеңбіректің мойнында, пулемет пен мылтықтың өңешінде, соғыс кемелері мен самолеттердің денелерінде көресің.

Бұл соғыс - мотор соғысы. Бензиннің жақсы түрлерін, әуе кемесінің моторларына керекті жақсы майларды біздің Ембі мұнайы беріп отыр. Қазақстанда мұнайлы жер жарты миллион шаршы километрлік көлемде деп есептеледі. Еділдің сағаларынан басталады да, Үстірттің қызыл қырқасына дейін барады. Каспийдің жағасынан басталады да Сыртқа барып тіреледі. Бұл жердің астында жатқан сұйық алтынның есебі жоқ. Жүз мыңдаған тонна мұнайды Ембі осы күні-ақ беріп отыр.

Мұндағы ата-ана, аға-іні, апа-қарындастарың да босағада қол қусырып, құр мұңайып, құр қобалжып, босқа отырған жоқ. Олар жаппай соғыс білімін үйренуде, олар заводтарда, шахталарда, егіс үстінде. Олар бұрынғы сендердің істеріңді істеп, орындарыңды ойсыратпай жүр. Ешбір станокты аңыратып жетім қалдырған жоқ. Бір трактор, я бір соқа қалған жоқ далада.

Қазақтың ұл-қыздары, аянбай, талмай, ерінбей, жалықпай сол майданда жүр.

Жәкен Мұқанова ескі-іскер шахтерлермен жарысқа түсіп, забойда жүр. Ол ерекше еңбегі үшін орден де алды.

Кеудесінде Ленин ордені жарқырайтын Шығанақ Берсиев төрт ұлын майданға жөнелтіп, өзі дамылсыз еңбегінің арқасында бір гектар жерден 1200 пұт тары алып отыр. Өздерің білесіңдер, бұл күнге дейін жер бұлай мейірленген емес қой. Лениногор руднигіндегі бұрғышы Хайдиннің бір сменада берген рудасын революциядан бұрын Риддердің бар рудниктері бір күнде бере алмайтын еді.

Иіріліп жатқан алтын мая астықтар, аппақ күріш, ақмамық мақта, майдандағы жас, сендер үшін, біздің жеңіс үшін!

Есепсіз мал қысқы жайлауда семіріп жатыр. Жамбыл облысындағы бір ғана "Мойынқұм" жайлауында жарты миллион мал жайылады. Соңғы бес жылдың ішінде малдың саны бұрынғыдан үш есе артты. Соғыстан бергі уақыттың ішінде үш миллионнан артық мал қосылды. Ет, май, жүн, тері заттарын біздің Қазақстан барған сайын үдете беріп отыр. Қызыл кавалерияға әрі берік, әрі жүйрік аттарымызды жіберіп жатырмыз.

Алыстағы елдерің сендердің майдандағы ерліктеріңе осылай жауап беріп отыр. Жауға тиіп жатқан тас шоқпарды осылай қосқолдап бірге сілтесіп жатырмыз.

Қазақ әйелі қашаннан да батыр ерінің жан жолдасы, сенімді серігі болатын.

Қазақтың әйелдері сыбанып жіберіп, Қарағандының шахталарына түсті, комбайн тізгінін қолдарына алды, өріс толы төрт түлікке де өздері бас, өздері көз. Әйелдер бригадаларының еңбекте ерлікпен озып алған қызыл тулары такаббар желбірейді.

Жауынгер! Туған анаң, сүйген жарың, қара көзді қарындастарыңның айнымас аманатын ұмытпа:

Жеңіп қайтсаң жауыңды,

Анаңның жарық күні сен.

Жеңе алмасаң жауыңды,

Жер жастанғыр қорқақтың

Тумай кеткір бірі сен!

Біз, қазақ елі, қорқақтық дегенді білген емеспіз. Егерде орталарыңнан қорқақ шықса, беттескен жаудың алдында босаңдық етсе, ондайларға туған ел қарғысын ғана арнайды. Туған анасы теріс батасын береді, сүйген жары теріс айналады. Қорқақ - өз баласы мен өз анасының, өз жарының жендеті. Оның сыбағасы өлім ғана.

Қазақ ұлы! Жаудың есін жидырмаңдар! Аямай соғыңдар жауды, соңғы демдерің тоқталғанша, тамшы қандарың қалғанша соғыңдар! Қолдан қуат, буыннан әл кеткенше соғыңдар, дұшпанды! Жеңілу қорлығынан алысып өлген артық!

Қуаныш пен рахатты күштілер ғана әкеле алады. Осы күш біздің бойымызда, осы күш біздің армиямызда.

Қазақстан ұлдары! Майданнан ылғи жақсы, ылғи қуанышты хабар келеді. Кавказ тауларының қияларында, Еділ бойында, Дон далаларында, Ленинград жанында жауға үстей-үстей ауыр соққылар беріліп жатыр.

Майдандағы қазақ жауынгерлері! Сендердің талай асқан ерліктеріңді естігенде, төбеміз көкке тие мақтандық. Сендердің ерліктерің, жауға жасаған шабуылдарың, туған елдерің Қазақстанды бір көтеріп тастады. Халық майданға таңдаулы ұлдарын жібергенін қуанышпен мақтан етеді.

Бірақ бұл соңғы айқас емес екенін де жақсы білеміз. Шойнаңдаған жаралы айуан әлі де арпалысады, оған қайтадан баскөтертпеу үшін бір емес, мың соққы беруіміз керек! Жау басына жасын болып түсіңдер! Барлық ашумен, кетпес кекпен қаһарлана соғыңдар! Халық аманаты, Сталин әмірі осы ғана.

Сіздердің майдандағы шабуылдарыңа, біз елдегі ерлік еңбектерімізбен жауап береміз. Майданға қарай ағылып жатқан поездар жүрісін тездете түседі. Шахтадан шыққан көмір мен темір арта береді. Жүздеген өндірістер планнан тыс миллиондаған сомдық өнім беруде. Қызыл тулы Ескене мұнай промыселы жақында тәулік программасын екі есе артық орындады. Бұл Ембі мұнайшыларында бұрын болмаған-ды. "Майқайың" алтын кендерінде қымбат металл өткен айлармен салыстырғанда екі есе артық өндірілді. Отан қорғау заводтары Қызыл Армия үшін қару-жарақ пен оқ-дәріні күн сайын планнан тыс беруде.

Қазақстанның колхозшылары Тамбов колхозшыларының патриоттық үлгісімен "Қазақстан колхозшысы" деген жойқын бір танк колонналарын жасау қорына 371 миллион сом қаржы берді, әлі жинап жатыр.

Қымбатты жауынгерлер! Сендерге жәрдем үшін жүздеген, мыңдаған колхозшылар, колхозшы әйелдер барлық тапқан-таянғандарын түгел беруде. Сіздер бұл сияқты тамаша адамдарды жақсы білулерің қажет. Олар: Бөкенбаев Оразбай, Қаратал ауданындағы "Қызылбұлақ" колхозының председателі, ол танк колоннасын жасау қорына 300 000 сом берді. Қозыбаев, Меңдіқара ауданындағы "Жаңа тұрмыс" колхозының председателі, 190 000 сом берді. Байжанов Сафи, Обаған ауданындағы "Коммунистер Советі" колхозының тракторисі - 170 000 сом берді, Қадиша Исқақова, Теңіз ауданындағы Карл Маркс атындағы колхоздың председателі - 175 000 сом берді. Беласарова, Шаян ауданындағы "Ақбастау" колхозының председателі - 167 000 сом берді. Оңдасынова Бектай, Шаян ауданындағы "Ақтас" колхозының председателі - 166 000 сом берді, Жүсіпов Әбдікәрім, Түркістан ауданындағы "Бірлік" колхозының председателі - 165 000 сом берді.

Қызыл Армия үшін күн сайын колхозшылардан, колхозшы әйелдерден мың пұттан астық, ет, май, тағы сондай ауыл шаруашылық азық-түліктері үздіксіз құйылуда. Ұзамай-ақ, мыңдаған алып танктердің арасынан өздеріңнің ата-ана, әйелдерің мен апа-қарындастарыңның қаржыларына жасаған танктерді көресіздер.

Қазақстанның байтақ даласын жайқалған егінге толтыруға серт береміз, бауырлар! Қарағандының көмірі мен Ембінің мұнайын майдан қанша тілесе, сонша береміз. "Қасарысқан жауыңа, қанды көбік жұтқызу" үшін қанша қорғасын, қанша мыс керек болса, сонша береміз.

Берген сертті бұлжытпай орындаймыз, біз жеңеміз!

Жеңістің ұлы күні жақындап келеді. Фашизмнің өлімін жақындату үшін бар күшті қос-қабаттай жұмсаңдар. Сағынған аналарың мен жас жарларың, үйдегі жас бөбектерің сол күнді асыға күтеді. Қуанған жүректер бірге соғар, қуанған көздер бірге жылар күнді күтеді. Үлкен бақыт күні біздің елдің үстінде. Барлық әлем, бар адамзат сендердің ерліктеріңе бас иіп, мадақтап, босанған дүние демін еркін бір ала алатын болады.

Сол күндерде біздің жер бұдан да бетер құлпырар, ел тұрмысы қайта жайнап, сәулетті өмір қайта орнар. Көңіл күйі көкке өрлер, бауырлар.

Тапжылмас табанды, қайыспас қайсар болыңдар. Туысқан орыс, грузин, украин, белорус, өзбек елдерімен ұлы совет елінің барлық халықтарымен қол ұстаса жұп жазбай бірге қимылдаңдар!

Отан ұстатқан ерлік туларын қор етпеңдер! Бұл тулар жауынгерлік ардың, еліңе біткен ерліктің, атаңнан қалған даңқтың белгісі.

Біздің барлық жүйе тамырларымыз тек қана жауға деген кекпен соғатын болсын. "Сен неміс өлтірдің бе?" - әрбір жауынгер қазақ өзіңе осы сұрақты ғана бер.

Жауынгер! Қолыңа берген қаруды жұмсай біл. Украина мен Белоруссиядағы, Дон мен Балтықтағы бауырларыңды жаудан тез айырып алуға асық. Сол үшін ұмтыл! Көз жасын бұлап еңіреген аналар мен балалар дауысын сен естимісің? Сәулетті, сәнді қалаларыңды жаудың аяусыз өртеп жатқанын көремісің? Қасиетті жеріңді дұшпанға әлі де таптатамысың?!

Қазақ халқының әрі атақты батыры, әрі атақты ақыны Махамбет Өтемісұлы бұдан жүз жыл бұрын жауынгерлердің міндеті - "қасарысқан жауына, қанды көбік жұтқызу!" - деген болатын.

Басқыншылардың сазайын аяусыз тартқыз! Сескенбе, қорықпа өлімнен! Жауынгер үшін - өлім жоқ! Біз жеңуге тиіспіз! Біз жеңеміз!

Жасасын біздің барлық халықтардың Лениндік-сталиндік айнымас ұлы достығы!

Жасасын Қызыл Армия!

Неміс-фашист басқыншыларды жеңуді ұйымдастырушы қолбасшымыз, барлық халықтардың көсемі ұлы Сталин жасасын!

Хатқа қол қойғандар:

Бадаш Жүсіпалиев - Батыс Қазақстан облысы Камен ауданындағы Карл Маркс атындағы колхоздың орденді төрағасы; Ким Мая Сам - Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Авангард» колхозының атақты күріш егушісі; Жұмат Кенжеков - Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы «Жаңа ауыл» колхозының шопаны, орден иегері ; Сонжүрекова - Павлодар облысының Абай атындағы колхозының орденді звеновойы; Үмітбаев Қажымұрат - Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданындағы «Баян» колхозының қос орденді төрағасы; Доспаева Балғаным - Гурьев облысының «Байшонас» кәсіпшілігінің операторы, орден иегері; Сүлейменова - Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Жаңғыз тал ауылдық кеңесінің төрағасы; Скворцов - Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы; Күләш Байсейітова - КСРО халық әртісі, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, орден иегері; Кенжебай Құлжанов - Солтүстік Қазақстан облысының Көкшетау ауданындағы «Қазақстан» колхозы фермасының меңгерушісі, орден иегері; Сәбит Мұқанов - жазушы; Ангелина Паша - Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Буденный атындағы МТС-тің қос орденді бригадирі; Естай Беркімбаев - халық ақыны; Смағұл Қосыбаев - Гурьев облысы «Алғабас» ауданының төрағасы, орден иегері; Нұртас Оңдасынов - ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы; Бақыш Сәрсенбаев - Батыс Қазақстан облысының Камен ауданындағы «Оян» колхозының жылқы фермасының меңгерушісі, орден иегері; Жұматай Шаяхметов - Қазақстан К(б) П Орталық Комитетінің хатшысы; Ольга Котенева - КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, еңбегі сіңген оқытушы; Дүйсенова - Ақмола облысының Ақмола ауданындағы «Құрсуық» колхозының орденді звеновойы; Әбдісәмет Қазақбаев - ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы; Кулитов - Қазақстан К(б)П Алматы облыстық комитеті мен қалалық комитетінің хатшысы; Өтеген Шақаев - Батыс Қазақстан облысының Камен ауданындағы Чапаев дивизиясы атындағы колхоздың төрағасы, орден иегері; Азанбай Тілеуқабылов - Қарағанды облысындағы Балхаш мыс қорыту зауытының цех шебері, орден иегері; Қаныш Сәтбаев - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасының төрағасы, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының докторы, орден иегері; Есенбаев - Солтүстік Қазақстан облысының Совет ауданындағы «Көктерек» колхозының тракторшысы; Айымгүл Ізтілеуова - Қызылорда облысындағы Жалағаш ауылдық кеңесінің төрайымы, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты;

Сәтбай (Санғай) Рысқұлов - Қарағанды облысындағы Горбачев атындағы №1-ші шахтаның навалоотбойщиктер бригадасының бригадирі, орден иегері; Бердіқұлов - Павлодар облысы Баянауыл аудандық партия комитетінің хатшысы; Құсайын Илиясов - Солтүстік Қазақстан облысындағы «Интернациональный труд» колхозының колхозшысы, орден иегері; Самат Мұсалимов - Солтүстік Қазақстан облысындағы Н- зауытының ұстасы, стахановшы; Бабочкин - КСРО халық әртісі; Көшебай Пірімов - Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Қызыл ту» колхозының төрағасы, орден иегері; Георгий Хайдин - Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногор кен ошағының бұрғылаушысы, орден иегері; Нұрпейіс Байғанин - халық ақыны, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, орден иегері, Ақттөбе облысынан; Рақым Ыбыраев - Қарағанды облысындағы №1-ші шахтаның навал кен отбойщигі, орден иегері; Якупов - Қазақстан ЛКЖС Орталық Комитетінің хатшысы; Берліқожанов - Алматы облысының Талдықорған ауданындағы «Сарыбұлақ» колхозының төрағасы; Оразбаева - Қостанай облысының Затобол ауданының «Красное Сормово» колхозының сауыншысы; Салиха Оңғарбаева - Алматы облысының Қоғалы ауданындағы Киров атындағы созхоз директорының орынбасары, орден иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты; Бейсенбай Жұмағұлов - Жамбылоблысының Талас ауданындағы «Тамды» колхозының төрағасы, орден иегері; Үртіш Қарымсақова - Ақмола облысының Атбасар ауданының «Ерікті» колхозының сауыншысы, стахановшы; Жарқымбаев - Семей облысындағы Семипалатинск стансасының вагон депосының слесірі, орден иегері; Әзима Бектенова - Ақтөбе облысындағы атақты тарышы, орден иегері; Ирина Худякова - Өскемен өнеркәсібінің стахановшысы; Әдия Қарабалин - Ақтөбе облысының «Социализм жолы» колхозының колхозшысы; Кәрім Шаяхметов - Семей облысындағы кеме жөндеу зауытының құю цехының ұстасы, орден иегері; Ақын Ақжігіт - Солтүстік Қазақстан облысындағы Ильич МТС-інің комбайнері, орден иегері; Ғазиз Әбдірахманов - Қарағанды облысындағы №1-ші шахтаның навалоотбойщиктер бригадасының бригадирі, орден иегері; Қашқын Үмбетова - Қызылорда облысының Арал ауданындағы Жамбыл атындағы балықшы колхозы төрағасының орынбасары; Шығанақ Берсиев - Ақтөбе облысының атақты тарышысы, орден иегері; Сероштан - Алматы облысының Қоғалы ауданындағы Сталин атындағы колхоздың төрағасы, орден иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты; Сағындық Жұматаев - Оңтүстік Қазақстан облысының Фрунзе ауданындағы «Майдантал» колхозының звеновойы, орден иегері; Әбжан Жүсіпов - Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, орден иегері; Аманбет Мамандияров - Шымкент қаласындағы қорғасын зауытының электр дәнекерлеушісі; Әлмағамбетов - Павлодар облысының Павлодар ауданындағы Жамбыл атындағы колхоздың төрағасы; Қалжан Жүзжасарова - Қызылорда облысындағы Қармақшы механика зауытының стахановшысы; Қасымбеков - Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы «Дарбаза» созвхозының шопаны; Жағыпар Мыңжасаров - Семей облысындағы Қаракөл МТС-інің директоры, орден иегері; Баймұратов - Жамбыл қант зауытының ауысымдық инженері; Владимир Назаренко - Ақтөбе облысы, Кеңес Одағының батыры; Гүләйхан Ыбыраева - Қостанай облысының Жетіқара ауданындағы Забелев ауылдық кеңесінің төрайымы, орден иегері; Толыбай Жолдыбаев - Жамбыл облысының Меркі ауданындағы «Большевик» колхозының төрағасы; Нартай Бегежанов - халық ақыны, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қызылорда облысы; Жәмилә Сейсенова - Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Киров атындағы колхоздың сауыншысы; Қасен Тұрмұхамедов - Қостанай облысындағы астық совхозының тракторшысы; Ахмет Жұбанов - композитор, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, орден иегері; Әбілғалым Төлесов - Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданындағы «Қызыл жұлдыз» колхозының төрағасы; Қарақатов - Ақтөбе облысындағы 18-ші партсьезд атындағы совхоздың тракторшылар бридасының бригадирі, орден иегері, Қапаш Қазыбаев - Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Жаңатұрмыс колхозының төрағасы;

Әсия Якупова - Қостанай облысындағы Павлов МТС-інің аға агрономы, орден иегері; Шайхы Әбішев - Гурьев МТС-інің директоры, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты; Ыдырыс Ерғалиев - Гурьев облыстық кеңесінің төрағасы; Жамиға Тезекова - Семей облысындағы Таңсық МТС-інің тракторшылар бригадасының бригадирі; Курушев - Ақмола облысындағы «Үшінші Интернационал» шахтасының темір ұстасы, стахановшы, орден иегері; Алексей Купаев - Ақмола облыстық партия комитетінің хатшысы, екі мәрте орден иегері; Қаделі Ысқақова - Гурьев облысының Теңіз ауданындағы Карл Маркс атындағы колхоздың төрағасы; Гүлзия Алтыбекова - Қызылорда облысының пионері, 8-ші сыныптың үздік оқушысы; Рамазан Хамитов - Шығыс Қазақстан облысындағы Зыряновск кен ошағының бұрғылаушысы, стахановшы; Байжанов - Қостанай облысының Обаған ауданындағы «Коммунистер кеңесі» колхозының тракторшысы; Сергей Опутин - Гурьев облысындағы «Ескене» кәсіпшілігінің директоры, облыстық кеңестің депутаты; Мұқатов - Ақмола облысындағы Ақмола стансасының слесірі, орден иегері; Есқариев - Гурьев облысындағы «Ескене» кәсіпшілігінің бұрғылау шебері, орден иегері; Базарпинов - Семей облысының Шар ауданындағы Шар МТС-інің тракторшысы, орден иегері; Бермағамбетов - Гурьев облысындағы «Мақат» мұнай кәсіпшілігінің мұнай өндіруші шебері, орден иегері; Баршын Бетегеева - Жамбыл облысының Луговой ауданындағы «Восток» колхозының звеновойы; Қожагелді Жақсылықов - Семей облысындағы Шар стансасы депосының машинисі; Төкен Қаппаров - Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы «Шалғын» МТС-інің тракторшысы, орден иегері, бұл хатқа барлығы 2 631 506 адам қол қойған.

1943 жылғы 6 ақпан, "Изестия, "Правда" газеттері,

1943 жылғы 7 ақпан, "Социалистік Қазақстан" газеті.

Соңғы жаңалықтар