Экс-шенеуніктер де бар: Атырауда сотталғандар көше сыпырып жүр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сотталғандар көше сыпырып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 70-ке жуық азамат сотпен белгіленген жазасын өтеу үшін қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар көшелерді сыпырып, қаланың тазалығына үлес қосып жүр. Жазасын өтеушілердің арасында бұрын мемлекеттік қызметте болған шенеуніктер де бар.

«Қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза сот үкімімен жергілікті атқару органдары бекіткен нысандарда жүзеге асырылады. Біздің мақсатымыз – сотталғандарды қоғамдық жұмысқа тарту арқылы тәрбиелеп, қылмыстың қайталануына жол бермеу. Өйткені, қоғамдық жұмыстың тәрбиелік мәні тиімділігін дәлелдеді. Жазасын өтеуші азаматтар екінші рет шалыс баспауға тырысады», - дейді Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Манарбек Ғабдуллин.

Департамент бастығының айтуынша, жауапқа тартылғандар күніне 4-тен 8 сағатқа дейін жұмыс істейді. Алайда, оларға еңбекақы төленбейді. Жазаға тартылғандардың көпшілігі – есірткіні пайдаланғандар, мас күйінде көлік жүргізгендер, ұрлық жасағандар.

Қазір пробация қызметінің есебінде 1200 сотталушы тұр. Солардың бірі – Аман. Қылмысы үшін өкінгенмен, қоғамдық жұмысты атқарудан қашпайды.

«Қылмыс жасағаным үшін маған шартты жазамен қатар, қоғамдық жұмысты атқару міндеттелді. Көше тазалап жүргеніме өкінбеймін. Күніне 4 сағат Атырау қаласының көшелерін қоқыстан тазартамын», - дейді жазасын өтеуші Аман.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда пробация есебінде тұрған адамдар жеке кәсібін ашқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар