Екпенің арқасында 10 жылда дифтерияға шалдығу оқиғасы тіркелмеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екпенің арқасында соңғы 10 жылда дифтерияға шалдығудың бірде-бір жағдайы тіркелмей, соңғы 20 жылда сары ауруға шалдығу жағдайы 40 есеге төмендеген. Бұл туралы ОҚК-дағы баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцинациялауға келсек біздің ата-аналар тек ғылыми тұрғыда дәлелденген ақпараттарға құлақ асса дейміз. Интернеттен алынған ақпараттарға ешқашан сүйенуге болмайды! Ғаламтордағы мәліметтердің көбі расталмаған. Түсініксіз профессорларды интернетте кездестіруіңіз мүмкін. Сондықтан, уәкілетті органдардың ақпаратымен ата-аналар шешім шығаруы керек», - дейді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуына қарағанда, ең бірінші мақсат - халқымызды вакцинацияға шақыру болып отыр.

«Ата-аналардың көзқарасын вакцинацияға бұру керек. Тиімділігін бұған дейін айттым: бұрын ауылда мүгедек жандар көбірек болды. Ол полимелит ауруына сәйкес кездесетін. Қазіргі уақытта ауылдарымызда ондай жағдайлар жоқ. Ол - ең біріншіден вакцинацияның арқасы. Мысалы, барлық тұрғындарға белгілі - «А» гепатиті, яғни сары ауруы бойынша елімізде 1998 жылы 34 мың жағдай тіркелген. Қазір бұл аурудың тіркелуі - 40 есеге азайды. Біз тек 2 жастағы балаларға екпе жасаймыз - соның арқасы. Өткен жылы сары аурудың 880 жағдайы ғана тіркелді. Көрдіңіз бе? Дифтерия ауруы соңғы он жылда тіркелген емес. Ал бұрын дифтерияның өршуі қандай болды!? Міне, сондықтан вакцинаның маңыздылығын ұғыну керек», - дейді Бекшин.

Айта кетсек, Қазақстанда иммундау апталығы 2019 жылғы 24-30 сәуір аралығында өтеді. Иммундау апталығының мақсаты - халықты вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы хабардар ету, иммундауға сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру, егу шараларымен толық қамту болып отыр.

Соңғы жаңалықтар