Экотуризм - қазақстандық туризмнің дамуын қарқынды жолға қоятын бірден-бір бағыт- Р.Темірбеков

None
None
АНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда елдің аса мол табиғи байлығын қорғаудың, оны сақтай отырып, жергілікті халықты бизнеспен айналысуға ынталандырудың бірден бір жолы - экотуризмді дамыту.

Туризм саласындағы бизнестің бұл түрі Қазақстанда қалай дамып жатқандығы жөнінде Орталық Азиядағы «Еуразия» қорының (ОАЕҚ) атқарушы директоры Ринат Темірбеков әңгімелейді.

- Ринат Сабырұлы, ОАЕҚ Қазақстанда экотуризмді дамыту үрдісімен айналысатыны белгілі. Елде туризмнің бұл түрін дамытудың маңызы жайында айтып берсеңіз?

 - Орталық Азиядағы «Еуразия» қоры Қазақстандағы экотуризмді дамыту бастамасын жүзеге асыра отырып, екі маңызды мақсатты көздейді, олар - ауылдық жерлердегі халықты экономикалық белсендіру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу. Негізінен, Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен қорықтар аумағында тұратын халық, ауыл-шаруашылығы және өнеркәсіптік өндіріс бизнесімен барынша мүмкін көлемде айналысуға заңнамалық тұрғыда шектелген. Қайта құру үдерісінен кейін болған экономикалық дағдарыс кезеңінде, көптеген осындай ауылдардың тұрғындары, амалсыздан  браконьерлікпен және орманды заңсыз кесумен айналыса бастады. Ал экотуристік бизнес осы тұрғындар үшін заң аясында әрі табиғатпен үйлесімде пайда табу мүмкіндігін қарастырады. Сондықтан, жергілікті халық қоршаған  ортаны өз бизнесін дамытудың бірден-бір ресурсы ретінде қарастырып, оны сақтап-қорғауға мүдделі болады деген үміттеміз.

 - Қазақстанда туризмді, оның ішінде экотуризмді дамытудағы проблемалар қандай? Және бұл саланы көптеген шет елдерде сияқты мемлекеттің негізгі табыс көзіне айналатындай деңгейге көтеру мүмкін бе?

  - Туризм, оның ішінде экотуризм - бұлар, табысы бірқатар факторлардың жиынтығына тәуелді болып табылатын қызмет салалары. Әдетте, кез-келген шетелдік сапар үшін туристік компаниядан сатып алынатын ең қарапайым туристік өнімнің ішіне визаны рәсімдеу және демалу орнына дейін жеткізіп салу қызметтері, қонақ үйде тұру, тамақтану, көңіл көтеру бағдарламалары мен түрлі қауіптерге қарсы сақтандырулар кіреді. Туристің алатын әсері сапардың қауіпсіз болуына, қажетті қызметтерге оңай қол жетімділікке, көрсетілетін әр қызметтің сапасына және баға мен сапаның ара қатынасының үйлесімдігіне байланысты болады. Осы тұрғыдан біздің қазақстандық мүмкіндіктерге қарап көрейікші, онда тиісті талаптарға сай емес сапасыз жолдарды, интернеттің әлі де жоғары тарифтерін және көптеген осы сияқты кемшіліктерді көреміз. Сонымен қатар, қонақтарды күту үшін арнайы жабдықталған үйлердің қызметін құқықтық реттеу әлі де жолға қойылмаған. Оларға кейде ірі қонақ үйлерге арналған талаптар қойылып жатады. Кейде экотуризм бизнесіне машықтанған жергілікті тұрғындар өздерінің шағын бизнесін заңды тіркеудің және маркетингтің маңызын түсінбей жатады.

 Бізге бір-бірімен әкімшілік тұрғыда байланысы жоқ салаларды жетілдіру қажет - визаны ресімдеуді жеңілдету және оның бағасы, темір және автокөлік жолдары, қонақ үй бизнесі (шетелдік әр туристің қалтасы көтере бермейтін «бес жұлдызды» қонақ үйлерді есепке алмағанда) және қызмет көрсетуші қызметшілерді сауатты дайындау.

 Сөз жоқ, республикамыз аумағында орналасқан мол табиғи және тарихи көрнекі жерлер, сырттан туристерді тарту және ішкі туризм салаларын дамытуда бізге үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Бірақ біз, қосымша инфрақұрылымдар жасалмаса және бұл ресурстарды ұқыпты қолдануға әу-бастан тиісті деңгейде назар бөлінбесе, бұл салада біраз уақытқа дейін бәсекеге қабілетсіз болып қалатынымызды ұғынуымыз тиіс. Мұндай салаларда имиджді қалыптастыру өте қиын, бірақ оны жоғалтып алу өте оңай.

 - ОАЕҚ бүгінгі күнге дейін қандай экожобаларды жүзеге асырды?

  - ОАЕҚ-ның Қазақстанда экологияны қорғауға қатысты іске асырған жобалары өте көп. Әдетте жобалар - экологиялық проблемалар туралы халықты ақпараттандыруға және ол проблемаларды шешу жолдарын іздеуге бағытталады. Екіншісі айтарлықтай қаражат салымын және ұзақ уақытты қажет етеді. ОАЕҚ көп жағдайда жобалардың осы екінші түрін жүзеге асырумен айналысады. 2003 жылдан бері біз ҚР Туризм және спорт министрлігімен, «ЭксонМобил Қазақстан Инк.» компаниясымен және Жаһандық экологиялық қормен бірлесе отырып, Ақсу-Жабағылы (Жамбыл облысы), Лепсі (Алматы облысы) және Қатонқарағай (Шығыс Қазақстан облысы) экотуристік бағыттарда ірі ілкі жобаларды іске асырдық. Сондай-ақ Қазақстандық туристік қауымдастықтың базасында Қазақстандағы экотуризм жөніндегі алғашқы Ақпараттық-ресурстық орталықты, экотуризм саласындағы менеджмент бойынша  алғашқы бакалавриат бағдарламасын және Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жеті экотуристік бағыттарды құрдық. Экотуристік қызметтерді көрсету бойынша Қазақстанның басқа да аймақтарында кішігірім жобалардың негізі қаланып, дамуда.

  - Қазақстанда туристердің демалуына лайықталған демалыс орындары жайында көп жағдайда қазақстандықтардың өздері біле бермейді, шетелдік туристерді қалай тартып отырсыздар?

 - Иә, ақпараттық насихат аз болғандықтан, демалушылар легінің қарқыны да сол шамалас. Дегенмен,  баршылық. Біздің бағдарлама шеңберінде құрылған экотуристік бағыттар бойынша демалуды қалаған туристер қажетті ақпараттарды интернеттегі www.eco-tourism.kz сайтынан, көптеген шет елдерде таратылатын «Lonely planet» туристік жол сілтемешіден, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін ерікті адамдар мен мамандар арқылы біледі. Сонымен қатар, туристік агенттіктерімізге мақсатты түрде хабарласып, алдын ала сатып алынған жолдамалар бойынша келетін туристер де бар. Біздің клиенттер көбінісе өз бетінше саяхаттайды. Жол сілтеушілер мен интернеттегі ақпараттарға сүйеніп, қоғамдық көліктерде демалу орнына дейін өздігінен жетеді.

 - Жергілікті тұрғындар туристерге қандай қызметтерді ұсынып отыр?

 - Халықаралық ұйымдардың анықтамаларында экотуризмнің ең негізгі сипаттамаларының бірі - туристік өнімді әзірлеуде жергілікті тұрғындардың қызметін барынша тарту болып табылады. Қазақстандық экотуристік бағыттарда ауыл тұрғындары көбінесе - қонақ үйлер мен жатын бөлмелерді,  үй жағдайында пісірілген ас мәзірлерін беру, табиғи және тарихи көрнекті жерлер бойынша саяхатқа шығару, салт атпен және түйемен серуендеу, моншалардың әр түрі мен Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлерімен таныстыру секілді  қызметтерін ұсынып отыр.

 - Шет елдерде демалуды қалайтын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып отырғанын ескерсек, Қазақстанда экотуризмді дамыту - инвестицияларды ел ішінде сақтап қалудың бірден-бір жолы деуге болады. Бірақ Қазақстанда демалу қаншалықты тиімді?

 - Менің ойымша ел ішінде демалған адам біріншіден, қаражат жағынан ұтады. Екіншіден  виза, сақтандыру және әуре-сарсаңға түсіретін басқа да осы сынды жәйттарды қажет етпейді. Экотуристік базаға бір туристің келуі күніне үш мезгіл тамақтануын қоса есептегенде және бағыттың танымалдығы мен орынның жайлы болуына қарай - 2500 теңгеден 4500 теңгеге дейін тұрады. Ашық аспан астындағы шатырларға орналасу тамақтануды есепке алмағанда, тәулігіне 800 теңге, ал 15 адамға арналған автокөліктік және автобустық саяхаттар орташа 4-12 мың теңге тұрады. Көптеген экотуристік базалар балаларға және топ болып демалушыларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кеткен жөн.

 - Алдағы қазан айының басында Астанада БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы Бас Ассамблеясының 18-ші сессиясы өтеді. Әлемнің 160-қа жуық мемлекеті көз тігіп отырған бұл ауқымды шара отандық туризмнің дамуына қалай әсер ете алады деп ойлайсыз?

 - Бұл оқиғаны  елдің туристік саласының ілгерілеуіне серпін беретін үрдіс ретінде, сонымен қатар белгілі бір сынақ ретінде қарастыруға болады. Себебі оның барысында бізге отандық туристік саланың әлеуетін барынша көрсетіп, елдің туристік бағыттағы біртұтас және оң имиджін қалыптастыруға негіз салу қажет. Ұстанымдарымыз дұрыс қабылданған жағдайда, отандық туризм бұл іс-шарадан, ішкі туристік бағыттарды дамыту жағынан болсын, Қазақстандағы туризмді дамыту үшін шетелдік инвестицияларды тарту тұрғысынан болсын, тек қана ұтады.

 - Форум барысында «Қазақстанның жеті кереметі» байқауының нәтижелері таныстырылады деп күтілуде. Сіз үшін Қазақстанның жеті кереметі аталуына қандай жерлер мен ғимараттар лайық?

  - Қазақстандағы көптеген жобалық бағыттарды жүзеге асырып, оны дамытуға атсалысып жүрген кез-келген адам секілді, біз үшін де әрбір жердің өзінің қайталанбас ерекшелігі бар. Қатонқарағай, Маңғыстау облысы, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан, Қарқаралы -  бұл тізімге көптеген көрікті мекендерімізді қоса  беруге болады.

 - Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар