Экономикалық ынтымақтастық ұйымының жүлдесі қазақстандық ғалымға табысталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) жүлдесі салтанатты түрде белгілі қазақстандық антрополог ғалым Оразақ Смағұловқа табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісті рәсім «Ғылым ордасы» ғимаратында өтті.

Іс-шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) президенті Мұрат Жұрынов, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Фузули Маджидли, ҚР СІМ Алматы қаласындағы Өкілдігінің басшысы Асқар Шоқыбаев, ғылыми орта мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында А. Шоқыбаев ҚР Сыртқы істер министрінің атынан естелік медаль, үздік марапаттар грамотасы мен 5000 АҚШ доллары мөлшеріндегі қаржылық сыйлықтан тұратын ЭЫҰ жүлдесін табыс етті.

Өкілдік басшысы ЭЫҰ жүлдесі О. Смағұловтың антропология ғылымының дамуына қосқан зор үлесінің халықаралық деңгейде мойындалуының бір белгісі екенін атап өтті.

ЭЫҰ жүлдесінің жеңімпаздарын 2021 жылы 28 қарашада Ашхабад қаласында өткен Ұйымның 15-ші саммиті барысында мүше мемлекеттер басшылары анықтаған болатын.

О. Смағұлов «Тарих, мәдениет, әдебиет және бейнелеу өнері» номинациясында жеңімпаз атанды.

Сонымен бірге, салтанатты іс-шарада Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін көрнекті ғалым, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Республикалық физикалық антропология ғылыми-зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері Айнагүл Смағұловаға Түркі академиясының алтын медалі табыс етілді.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 1985 жылы құрылған, оған Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан мүше болып табылады. Ұйымның штаб-пәтері Тегеран қаласында орналасқан.

О. Смағұлов – Қазақстандағы антропология ғылымының негізін қалаушыдардың бірі болып саналады, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Болонья ғылым академиясының корреспондент мүшесі.


Соңғы жаңалықтар