Экономикалық даму бағытында инновацияларға екпін қою керек - Төлеутай Рақымбеков

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экономикалық даму - инновацияны енгізуге байланысты. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтіп, халықтың көкейінде жүрген мәселелер көтерілді. Осы орайда білім мен ғылым, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына қатысты тиісті тапсырмалар жүктелді. Бұл тұрғыда отырыс барысында әріптестерім, сарапшылар біраз пікірлерін айтты. Сонымен қатар, осыған дайындалып ғылым саласына қатысты өз ұсыныстарымды жеткізген едім. Отырыстағы сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салалар бойынша тиісті тапсырмалар берді», - деді Т. Рахымбеков «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында.

Осы орайда ол Мемлекет басшысының жыл сайын ғалымдардың әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлу туралы тапсырмасын қолдайтынын жеткізді.

«Дамыған елдердің ғылыми орталықтарында ғалымдарға тағылымдамадан өтуге мемлекет тарапынан қолдау жасау маңызды. Ғалымдар тәжірибе алмаспаса, онда бұл бағыттағы даму процестері тежеліп қалатыны анық. Білім саласына елеулі қолдау жасалып жатқаны белгілі, дегенмен ғылым бағытына айрықша назар аудару керек. Экономикалық даму - ең алдымен инновацияны енгізуге байланысты. Ал инновация ғылыми жетістіктер арқылы келеді. Сондықтан осы бағытқа ерекше екпін қойған жөн», - деді Төлеутай Рақымбеков.

Сонымен қатар ол елімізде ауыл шаруашылығы саласын кадрмен толық қамту үшін мамандандырылған 3 аграрлық университетке тиісті мүмкіндіктерді жасау керектігін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай , Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Төлеутай Рақымбеков ауылды жерлерде инновацияны дамыту үшін білімнің ұлттық жүйесін құру бойынша бағдарлама әзірлеуді ұсынған еді.

Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев диплом басып бере беретін жоғары оқу орындарын жабу қажеттігін айтқан болатын.

Президент ғылымның қандай бағыттары қаржыландырылатынын айтты.

Мемлекет басшысы жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағлымдамадан өтуіне қаржы бөлу керектігін атап өтті.

Сонымен қатар Қ. Тоқаев докторанттардың стипендиясын көбейтуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар