Экономикалық белсенді халықтың тек 20 пайызы ғана өзін баспанамен қамтамасыз ете алады - С. Нокин

None
None
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда тұрғын үй нарығында қалыптасқан жағдаймен сараласақ, экономикалық белсенді халықтың тек 20 пайызы ғана өзін баспанамен қамтамасыз ете алады.

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және маслихаттармен жұмыс жасау жөніндегі кеңестің отырысы барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.  Естеріңізге сала кетейік, кеңес отырысында «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы жобасы талқыланған болатын.

«Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы жүргізілген зерттеулеріміз көрсеткеніндей, жаңа тұрғын үй нарығында сатып алудың шаршы метрі ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 156 мың теңгені құрады. Осыған орай, 4 адамнан тұратын отбасы жаңа тұрғын үйден 40 шаршы метрді құрайтын баспананы 15 жылға 15 пайыздық ставкамен ипотекалық заем арқылы алатын болса, онда бұл отбасының ай сайынғы төлемі  86 мың теңгені құрайтын болады. Бұл осыған дейін белгіленген қолжетімділік лимитінен 2,2 есеге артық», - дейді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, қайта сатылым нарығындағы үйдің бағасы шаршы метрі 113 мың теңгені құрап отыр. Осы нарықтағы баспана сатып алу мәселесін жоғарыда келтірілген мысал ретінде қарастырсақ, онда 4 адамнан тұратын отбасының ай сайынғы төлемі 63 мың теңгені құрайды екен. Аталған сома да қолжетімділік лимитінен 1,3 пайызға артық.

«Осылайша, жүргізілген зерттеулер нарықтағы қалыптасқан жағдайдың орташа табысы бар халықтың белгілі бір бөлігінің тұрғын үйге сұранысын қанағаттандыра алмайтынын көрсетіп отыр. Ал халықтың табысына келер болсақ, бүгінгі таңда жұртшылықтың орташа жалақысы - 89 мың теңгені құрап отыр.  Сонымен қатар, елімізде халықтың экономикалық белсенді бөлігі 8,4 млн. адамды құрайды. Зерттеулер қорытындысына жүгінсек, экономикалық белсенді халықтың 20 пайызы немесе 1,5 млн. адам ғана қазір қалыптасып отырған нарықтық жағдайда өзін баспанамен қамтамасыз ете алады», - дейді С. Нокин.

Соңғы жаңалықтар