Экономика және инжиниринг саласындағы нақты жобалар Қазақстанға да, Францияға да қажет - Қазақстандағы Франция Елшісі

None
None
АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан-Шарль Бертонэ «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-да болды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Компания басқармасының төрағасы Саят Нүсіпов Елшімен кездесу барысында Қазақстандық-француздық технологиялар трансферті орталығының аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы барысы туралы әңгімеледі.

«Қазіргі уақытта Қазақстан алдында шикізат жеткізуші рөлінен алшақтау, тау-кен өнеркәсібі қызметінен мол қосылған құн алу, басымдық ретінде сирек кездесетін металдарды пайдалану бойынша индустриялық байланысты дамыту тапсырмасы тұр. «CEIS» компаниясы «BRGM» геологиялық және тау-кен өнеркәсіптік орындарға мамандандырылған француздық мемлекеттік органнан сирек кездесетін металдар саласында зерттеулер жүргізетін бірлескен зертхана құру және дамыту туралы келісім алды. Бұл жобаға қатысушылардың бірі Қазақстандық-француздық технологиялар трансферті орталығы болып табылады», деді С.Нүсіпов.

Өз кезегінде Жан-Шарль Бертонэ Қазақстандық-француздық технологиялар трансферті орталығы қызметінің маңыздылығын атап өтіп, француздық тараптың ынтымақтастыққа мүдделілігі жоғары екендігін білдірді.

«Біз экономика және инжиниринг саласындағы ынтымақтастыққа үміт артамыз. Нақты жобалар Қазақстанға да, Францияға да қажет. қазіргі уақытта біз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Францияға сапарына дайындалып жатырмыз. Осыған орай бірқатар іс-шаралар жоспарланған», деп мәлім етті Елші Жан-Шарль Бертонэ.

Екі тарап та Қазақстандық-француздық технологиялар трансферті орталығы аясында инжиниринг саласындағы одан әрі ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар