Экономика министрлігі елден капиталды шығармауды ынталандырмақ
2022 жылғы 23 маусым 13:10

Экономика министрлігі елден капиталды шығармауды ынталандырмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаралып отырған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, сондай-ақ салық салудың өзекті мәселелерін шешу мақсатында әзірленді.

«Заң жобасында биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемелерін 50%-ға, қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30%-ға ұлғайту көзделген. Бұл ретте өндіру 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін басталатын жаңа кен орындарын 15% рентабельділік деңгейіне жеткенше, 5 жыл мерзімге дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату ұсынылады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, елден капиталды шығармауды ынталандыру мақсатында дивидендтер бойынша жеңілдіктерді қайта қарау ұсынылады.

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі Келісімді орындау үшін темекіге арналған акциздердің мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен ұлғайту ұсынылады. Сонымен қатар темекі өнімдерінің басқа түрлері бойынша акциздерді кезең-кезеңімен ұлғайту қарастырылған», - деді министр.

Мұнымен қоса, цифрлық майнингке, ауыл шаруашылығына, спутниктік байланысқа салық салу мәселелерін реттеу бойынша нормалар көзделген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қыздырылатын темекі өнімдеріне акциздерді енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT