Экономика қалпына келгенімен, бағаны тежеу – басты міндет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан экономикасы пандемия басталғанға дейінгі өсім көрсеткішіне жетті. Бірақ мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен жергілікті әкімдіктерге арқаны кеңге салуға әсте болмайды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының айтуынша, жыл аяғына дейін бағаның өсімін тежеп ұстау маңызды.

«Экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру жұмысын одан әрі жалғастыру қажет. Сонымен бірге, биылғы тамыз айында инфляция өсті. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияның ұлғаюына барынша себеп болып отыр. Бағаның ең үлкен өсімі Түркістанда, Нұр-Сұлтанда және Қызылордада байқалған. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер бағаны тежеу жұмысын күшейтуге тиіс», - деді ол Үкімет отырысында.

Инвестициялық климат оңала бастады

Премьер-Министр біртіндеп елдегі инвестициялық климат та оңалып келе жатқанына тоқталды.

Әсіресе құрылыс саласына тартылған инвестиция өскен. Мұны ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те айтты.

«Экономикалық өсімнің маңызды факторы - ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде өндіруші емес салаларда инвестиция тарту белсенділігі байқалды. Осыған байланысты есепті кезеңде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 18,0%-ды құрады. Инвестиция құрылыс саласында – 2,5 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 81,7%-ға, ауыл шаруашылығында – 43,2%-ға, саудада – 39,9%-ға, ақпарат және байланыста – 37%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында –16,2%-ға және көлік саласында – 9%-ға өсті», - деді ведомство басшысы.

Әсет Ерғалиевтің айтуынша, қаңтар-тамызда 8,9 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген.

Ең жоғарғы өсім Атырау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тіркеліп отыр.

Кіріс 7 – трлн, шығыс – 9 трлн теңге

Ал ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаевтың мәлметіне қарағанда, елдегі инфляция тұрақты сипат алып барады. Бұлай кете берсе, оның көлемі жыл соңына қарай 8,5% жетуі мүмкін.

Экономикадағы әрбір қиындық Ұлттық қорға салмақ түсіреді. Жыл басынан бері негізгі көрсеткіштердің баяу болса да қалыпқа келуі Ұлттық қорға салатын салмақты азайтқанға ұқсайды. Соның арқасында қордағы активтердің көлемі ұлғая бастапты.

«Ұлттық қордың активтері тамыздың соңында 56,9 млрд АҚШ доллары болды. Тамызда 396 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттерді бөлу үшін 845 млн АҚШ доллары сатылды. Тамызда Ұлттық қорға түскен түсім – 420 млрд теңге», - дейді Ұлттық банк басшысы.

Қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемін алу қарқыны әуелгіден 5,5 есе баяулаған.

Есесіне, «7-20-25» бағдарламасы бойынша мақұлданған ипотеканың құны 500 млрд теңгеге жуықтап отыр.

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жылдың 8 айында бюджетке түскен кіріс 7 трлн 139 млрд теңгеге жеткен.

Ал шығыс 9 трлн теңгеден асқан.

Үкімет отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қалай іске асып жатқаны да талқыланды.

Бензин «экспорты» бақылауда

Ерұлан Жамаубаевтың сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері 36 млрд теңгеге 106 объект сатылған.

Ал жоспар бойынша 2025 жылға дейін 733 объектіні сату көзделген.

Әлемде эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанып, шектеулердің алынуы Қазақстанның мұнай экспорттау жоспарын орындауға мүмкіндік берген сыңайлы.

8 айда 44 млн тонна мұнай экспортталған.

Дегенмен, мұнайдың өндірісі Орынбор газ өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарының кесірінен сәл баяулап отыр.

Салдарынан «Қарашығанақ» жобасынан мұнай алу көрсеткіші 93 пайыз ғана орындалған.

Үкімет инфляцияны тежеу үшін жанармай бағасына әсер ететін алыс-берісті қатаң реттеуін жалғастыратын түрі бар.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан аумағынан автокөлікпен бензин әкеутге салынған тыйым тағы жарты жылға ұзартылуы мүмкін екенін жеткізді.

Бүгінде бұл мәселе тиісті ведомстволардың арасында талқыланып жатқан көрінеді.

Өңірлерден Ауыл шаруашылығы министрлігіне түскен жедел деректерге сенсек, биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың шығымы былтырғыдан 33,6 пайыз төмен болатын түрі бар. Бұған, әрине, құрғақ жаз әсер етіп отыр.

Тек Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында ғана республикалық орташа көрсеткіштен жоғары өнім алынған.

Министр Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, 8 айда елде төрт түліктің басы өскен. Әсіресе жылқы саны 9,6 пайызға артқан.


Соңғы жаңалықтар