Экологиялық заңнаманың бұзылуына жол берген Бурабай ауданының басшылығына жауапкершілік туралы мәселе қойылды - ҚР Бас прокуратурасы

None
None
АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат - Ақмола табиғат қорғау прокуратурасы «Бурабай» ұлттық паркінің қорғалатын аумағында коммуналдық қалдықтарды орналастыру жөнінде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарының сақталуына тексеру жүргізді,

деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.

ҚР «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтары туралы» Заңының 24-ші бабына сәйкес Ақмола облысы әкімінің 2007 жылғы қаңтардың 23-індегі қаулысымен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің айналасында жалпы ауданы 181733 гектар қорғалатын аумақ құрылып, оның жерлерін пайдаланудың құқықтық режімі анықталды.

Қаулының 3-ші тармағына сәйкес Ұлттық парктің өсімдік және жануарлар әлемінің табиғи кешендері мен нысандарына, мәдени-тарихи нысандарына залал әкелуі мүмкін әрекеттер жасауға, нақты айтқанда ластаушы заттар мен сарқынды суларды ауаға, ашық су қайнаркөздеріне және жер бетіне төгуге, қоқыс тастауға тыйым салынған.

Прокуратура жүргізген тексеру барысында Бурабай ауданының жергілікті атқарушы органдарының және Қотыркөл, Абылайхан мен Зеленоборский ауылдық округтері әкімдерінің ҚР-ның экологиялық заңнамасын және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы тұрмыстық қоқыстарды жинау мен утилизациялау шараларын қабылдамауынан туындаған өрескел заң бұзушылықтар анықтады.

Мәселен, Зеленоборский ауылдық округтің аумағында Бурабай ауылынан 18 шақырым жерде тұрмыстық қоқыстарға арналған жалпы ауданы 68,2 гектар полигон орналасқан. Полигон құқықтық режімді бұза отырып, Ұлттық парктің қорғалатын аймағында қызмет етеді. Оған қоса, полигонның қызметі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2005 жылғы мамырдың 24-індегі №137 бұйрығымен бекітілген «Елді мекендер аумағын ұстаудың санитарлық- эпидемиялогиялық талаптары» нормаларына толығымен сәйкес келмейді; полигонның шекаралары жалға түсірілмеген, қорғаушы ор тұрмыстық қоқыстармен толып кеткен, қоқыс қоймасында тұрмыстық қоқыстар бей-берекет шашылған. Қолданыстағы жалғыз арнайы техника тексеру кезінде бұзылған күйінде тұрды. Полигонның сыртында көп мөлшерде құрылыс қоқыстары жиналып қалған.

«Бурабай» ұлттық паркінің деректері бойынша, қорғалатын аумақта тұрмыстық қоқыстардың заңсыз 13 қоймасы Ақылбай ауылдық округінде (1), Қатаркөл ауылдық округінде (7), Золотобор ауылдық округінде (5) орналасқан. Барлық қоқыс қоймаларының жалпы ауданы 11,2 гектар. Парктің қорғалатын аумағындағы барлық қоқыс қоймалары толығымен полигонға көшірілуі арқылы жойылуы керек. Бурабай ауданының аумағында 55 елді мекен орналасқан, 79,2 мың адам тұрады. Алайда ауданда 2 ғана заңдастырылған тұрмыстық қалдықтардың полигоны қызмет етеді (Шортанды қаласында, Бурабай ауылында).

Тексеру қорытындылары бойынша прокуратура Бурабай ауданының әкіміне заңсыз қоқыс қоймаларын жою шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізді. Заңдылықтың бұзылуына жол берген және оны жоюға шаралар қабылдамаған ауылдық округтер әкімдерінің жауапкершілігі жөнінде мәселе көтерілді.

Соңғы жаңалықтар