Экологиялық таза дрондар: Ақтау оқушылары үздік жобаларын ұсынды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Жас. Жалын. Жаңғыру» халықаралық жастар форумында шөлденуге қарсы күрес жобасы, биші роботтар, зағиптарға арналған «ақылды» бөрік сияқты ғажап әзірлемелерін көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шара аясында «Таратуға лайықты идея» форматындағы «TEDx NIS» роботтық техника жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Онда Алматыдан келген Сан-Францискода өткен TechNovation Challenge Гран-при жеңімпазы Дияра Бейсембекова SOS-хабарламаға дәл геопозиция көрсетуге арналған GPS қабылдағышы бар QamQare мобильді қосымшасын, тағы бір алматылық оқушы Данияр Тұрғамбаев First Global Challenge роботын, ақтаулық Ғаламаддин Асқарұлы зағиптарға арналған «ақылды» бөркін, Оралдан келген Асан Бекқалиев роботтандырылған мобильдік су электр станциясын, семейлік Әділ Ордаев «биші роботын», Ал Атыраудың тумасы Айнұр Адайбаева шөлденуге қарсы күресетін роботын ұсынды.

Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен барлық роботтар халықаралық және республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі болған, дипломдар алған.

«Біздің қаламыз Атырауға шөлдену қаупі төніп тұр, тіпті мектебіміздің маңындағы өсімдіктер де нашар өседі. Сондықтан да қуаңшылыққа қарсы күресетін робот жасағымыз келді. Бұл қазірге лего конструкторларынан жасалған прототип, алдағы уақытта детальдарды берік материалдардан жасаймыз, роботтың денесі де үлкендеу болады. Мамыр айында роботты сынақтан өткізіп едік, бір аптадан кейін себілген тұқым өніп шықты. Осы жобамыз Атыраудағы жастар форумында «Экология бойынша үздік жоба» атанды. Жетекшім - Найзабек Әзербаев», - дейді Айнұр Адайбаева.

Тағы бір тамаша қондырғыны жасаған алматылық оқушы қауіп төнген адамдарды құтқаруға асығады екен. «Біз құтқарушы дрон жасадық. Кейде ТЖ қызметкерлері бара алмайтын жерлер болады, ал біздің дрон сол кезде көмекке келіп, өміріне қауіп төнген адамды құтқарады. Егер дрон адамды көтере алмаса, оған қажетті киім, дәм-су, дәрі-дәрмек бере алады. Дронның бір ғажабы, ол виртуалдық жолмен басқарылады, оның бағдарламасын өзім жазып шықтым. «Эйр Астанаға» дронымыз ұнады, мұнымен тіпті Коста-Рикадағы көрмеге қатыстық. Қазірге ол легодан құрастырылғандықтан, өз салмағынан басқа 1 кг жүкті көтере алады», - дейді Алматы НЗМ оқушысы Әнел Қаремғали.

«Әлемде толқын ең табысты энергия көзі. Күн мен жел тұрақты емес, ал толқындар үнемі қасымызда. Денсаулыққа зиянсыз, орын да алмайды. Судың бетінде кинетикалық энергия көп, оны пайдалану керек. Бәсекелесіміздің қондырғысы энергияны магниттік индукция әдісімен жинайды, ал біз кез келген адам құрастыра алатын механизм жасадық. Оралда, Жайық бойында оны сынап көрдік. 12 вольт энергия алдық, ал ұялы телефонды қуаттауға небәрі 5 вольт жеткілікті», - дейді Дана Сұлтанова. Ол бұл жоба бойынша Орал НЗМ-де Ораза Мәдинамен бірге жұмыс істеп жатыр.

Форум қорытындыларына орай ҚР Зияткерлік мектептерінің оқушылары өздерінің әлеуметтік жобалары бойынша Нұрмұхан Жантөрін атындағы облыстық музыкалық-драма театрында «Ұлы дала мұрагерлері» шығармашылық есебін тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар