Экологиялық талаптарды бұзған Атырау мұнай өңдеу зауытына айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытына 40 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты – Атырау қаласындағы атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің бірі. Кәсіпорынның қала ауасының ластануына қосқан үлесі – 46,5%. Ал, қала бойынша шығарындылар 23 мың тонна болса, оның 10,7 мың тоннасы компанияға тиесілі.

Атырау облысы бойынша экология департаменті соңғы үш жылда компанияға қатысты 11 тексеру жүргізді. Оның 4-еуі осы жылы. Бақылау барысында анықталған негізгі заң бұзушылықтар – шекті рұқсат етілген шығарындылардың белгіленген нормативтерінен асып кетуі және алаудағы газды жағу салдарынан экологиялық рұқсатсыз қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыру. Осы жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынға жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам айыппұл салынды», - деп тоқталды комитет төрағасы.

Сонымен қатар, қойылған талаптарды сақтамағаны үшін зауыттың 4 объектісіне берілген экологиялық рұқсат мерзімінен бұрын тоқтатылған. Бұған қоса, компания 2025 жылға дейін ауаға бөлетін зиянды қалдықтар көлемін 25 пайызға қысқартуға міндеттелді.

Фото: ortcom.kz
Соңғы жаңалықтар