Экология «Nur Otan»-ның басым бағыттарының біріне айналуы керек - Елбасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қуаңшылықтың зардаптарына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БҰҰ болжамы бойынша, климаттың өзгеруі адамзат үшін жаңа сын-қатер болмақ. Сол себепті биыл азық-түліктің әлемегі бағасы 30% өсті. Бұл кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Аптап ыстық елімізде малдың қырылуына, жемшөп тапшылығына, егін шығымының төмендеуіне әкелді. Қазақстан үшін су ресурстарының сарқылуы өзекті мәселе. Жалпы экология мәселесі «Nur Otan» партиясы мен еліміздің басым бағыттағы мәселесінің біріне айналуы керек деп есептеймін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, ол көміртегі бейтараптығы мәселесіне де тоқталды.

«Әлем қауымдастығы 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Қазірдің өзінде өндірісте жаңа экологиялық стандарттар енгізіліп, салық түсімдері азая бастады. 2030 жылға қарай 190 ел көмірден толық бас тартуды жоспарлап отыр. «Экологиялық лас» өнім бәсекеге қабілетсіз бола түсуде. Мұның бәрі экономикамыздың құрылымын өзгертуді, оған инвестиция тартуды қажет етеді. Біз энергия өндірісіне қазба отынды ең көп пайдаланатын елдердің біріміз. Көмірсутек үстемдік құрған дәуір біртіндеп аяқталып келеді. Оның орнына жасыл энергияның дәуірі орнайды. Мұндай жағдайда Қазақстанның дамуы инновациялардың дамуымен, цифрландыру деңгейімен, жаңа технологияларға қол жеткізумен, адами капиталдың сапасымен айқындалады», - деді Елбасы.


Соңғы жаңалықтар