Экология министрлігі өз жұмысының басты бағыттарын айқындады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алғашқы алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс жұмысына министр Мағзұм Мырзағалиев пен ведомствоның жауапты басшылары қатысты. Жиында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов, сондай-ақ аумақтық департаменттердің басшылары қатысып, 2019 жылғы 1 жартыжылдықтағы қызметінің есебін баяндады.

Мәселен, 2019 жылы табиғатты пайдаланушылар тарапынан табиғатты қорғау шараларын іске асыруға 171 млрд теңге бөлу жоспарланса, осы жылдың 6 айында ол соманың 60 млрд теңгесі иегерілген. Атап айтқанда, мысалы «KazakhmysSmelting» ЖШС-да (КазахмысСмэлтинг) жылына 41,5 мың тонна шығарылымды азайту көзделетін шаң-газ тазалау жабдығын құрастыру және эмиссияларды автоматтық мониторингілеу жүйесі орнатылған.

«Геология саласында жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялары есебінен орындалған геологиялық барлау жұмыстарының қортындысы бойынша қорлардың өсіміне қол жеткізілді. Мемлекеттің балансына алғаш рет 4 қатты пайдалы қазбалар кенорны, 2 көмірсутек кенорны және 2 жерасты сулары берілді. Инвестиция тарту мақсатында «Минералдық ресурстардың ұлттық деректер қоры» ақпараттық жүйесі жасалуда», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Ал орман шаруашылығы саласында орман иеленушілер 26,7 мың га алаңда ағаш отырғызған. Жалпы 2030 жылға қарай көрсеткіш 87 мың гектарға жеткізіледі. Корея Республикасы Орман шаруашылығы қызметімен бірге осы көктемде Арал теңізінің кепкен арнасында 5,0 мың га аумақта сексеуіл отырғызылған.

«Ағаштарды заңсыз кесу өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 10 пайызға (158-ден 143-ке) азайған. 2019 жылы әуеден жүргізілген есеп нәтижесі бойынша, Қазақстандағы ақбөкендердің жалпы саны 334 мың. Өсім 56,0 пайыз. Бұл ақбөкендерді қорғау бойынша қабылданған шаралардың аса тиімділігін көрсетеді. Сирек және жоғалып бара жатқан аша тұяқты жануарлар санының қайта көбеюі байқалады», - делінген хабарламада.

Су ресурстарын басқару саласында ағымдағы жылы 11 апаттық су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сол секілді суармалы жерлерді дамыту мақсатында 610 мың га аумақтағы гидромелиоративтік жүйені орнықтыру көзделіп отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев алқа мәжілісін қортындылай келіп, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың ұлықтау кезінде жариялаған Қазақстанды дамытудың 10 жаңа міндеттерін түсіндірді.

«Оларды түсіндіру шеңберінде министр әзірленген жаңа Экологиялық кодекс жобасын жан-жақты талқылаудың қажеттігін атап көрсетті. Оны ағымдағы жылдың аяғында Парламентке енгізу жоспарлануда. Су ресурстарын және су қауіпсіздігін тиімді басқару мәселесіне айрықша назар аударылды. Министрлік суды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, халықты ауыз сумен қамту, су есептеудің цифрлық технологиясын енгізуді көздейтін еліміздің ұзақмерзімдік Су қауіпсіздігі стратегиясының тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Браконьерлермен және ағаш кесушілермен күрес мәселесіне айрықша назар аударылды. Жуырда браконьерлік пен ағаш кесу бойынша қылмыстық жауапкершілікті күшейту шаралары енгізіледі. Геология саласына да ерекше көңіл аударылып отыр. Бір ай ішінде инвесторларды геологиялық барлауға ынталандыру шаралары жасалады. Ал геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеуге геология саласындағы ғалымдар тартылады», - делінген хабарамада.

Соңғы жаңалықтар