Экология министрлігі қоқыс мәселесі бойынша жүйелі жұмыс бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Нұр-Сұлтан қаласына жақын жердегі стихиялық қоқыстарға рейд жүргізді. Мұндай рейдтер бүкіл елде өткізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлікке қарасты экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов Мемлекет басшысының стихиялық қоқыс үйінділерін жою туралы тапсырмасын орындаудың маңызын атап өтті.

Еске салсақ, биылғы 10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күн өткен сайын күрделеніп отырған экологиялық проблемаларды шешудің өзектілігін жеткізген болатын.

«Жыл сайын 5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Оларды өңдеу көлемі - еліміз бойынша тек 15% ғана. Бұл - жеткіліксіз. Үкіметке жедел түрде заңнамалық база әзірлеп, «Waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай туғызу қажет, - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал өткен аптада экология министрлігі әр өңірдегі стихиялық үйінділер туралы азаматтардан ақпарат жинау үшін жедел желіні іске қосқан болатын. Бүгінде 250-ден аса шағым келіп түскен. Шағымның көбі - Алматы облысы (40 шағым), Алматы қаласы (апта ішінде - 18 хабарлама), Ақтөбе, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қоқыс үйінділері туралы. Үйілген қоқыс туралы ең көп хабар берген - Қарағанды (15) және Ақтөбе (14) облысының, сондай-ақ Алматы қаласының (11) тұрғындары.

Экология министрлігі хабарлағандай, жыл басынан бері тапсырыс бойынша Қазақстанның ірі қалалары мен оның 50 шақырым аумағындағы өндіріс және тұтыну қалдықтарына ғарыштық мониторинг жүргізілген. Осының нәтижесінде бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам заңсыз қоқыс орындары анықталды.

Ғарыш мониторингі кезінде министрлік өңірлердегі үйінділерді жоюдың жаңа кестесін жасап, бекіту үшін әкімдіктерге жолдады. Бүгінде оның 18-і жойылды.

Жедел желі нөмірі: +77759524900.


Соңғы жаңалықтар