Экология министрлігі киіктерге қамқорлық танытуға шақырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті киіктерді қорғау мен олардың жағдайын бақылауды күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Себебі соңғы уақытта Қарағанды және Ақмола облыстарының елді мекендері мен автомобиль жолдарының маңында ақбөкен жиі байқала бастады. Олардың ішінде әлсіреп қалған мүйізді киік (еркек) көп. Бұл 2020 жылдың желтоқсан айында өткен күйек кезеңінің салдары. Бұдан бөлек қалың жауған қар мен күннің күрт суытып, ауа температурасының соңғы 5-6 күнде - 40 градусқа дейін төмендеуі де ақбөкеннің жағдайына әсерін тигізіп жатыр.

Аталған факторлар киіктердің тіршілігін, азықтандырылуын қиындатып, өміріне қауіп төндіріп жатыр. Жыл басынан бері 14 киік өлімі тіркелді», делінген хабарламада.
Комитеттің мәлімдеуінше, мұндай жағдайда браконьерлер пайдаланып кетуі мүмкін. Осыған байланысты ведомство әлсіреген киіктерді азықтандыруды көздейтін биотехникалық іс-шараларды да жүргізіп жатыр.
«Азаматтарға әлсіреген жабайы жануарларды байқаған жағдайда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне мына нөмір бойынша 8 777-678-52-52 немесе «Охотзоопром» ӨБ-ге (8 775-569-92-21) хабарлауды, оларға қамқорлықпен қарауды сұраймыз», делінген үндеуде.
Еске салайық, Қазақстанда киіктердің Орал, Бетпақдала және Үстірт популяциясы мекендейді. 2019 жылғы есеп бойынша киік саны 334 мыңға жетті. 2020 жылдың көктемінде енгізілген шектеуге байланысты есеп жүргізілген жоқ. Алайда 2020 жылғы киік төлінің көп болғанын ескере отырып, бүгінгі күні олардың саны 450 мыңнан асты деп болжанады.

Еске сала кетсек, Қазақстанда киіктердің күйлеу маусымына жүргізілген мониторинг жұмысы аяқталды. Желтоқсанның 10-ы мен 21 аралығында Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жүргізілген мониторинг топтары 88 мың киікті байқаған.

Соңғы жаңалықтар