Экология министрлігі киіктер популяциясын сақтауға шақырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі киіктер популяциясын сақтауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның Telegram парақшасына сілтеме жасап.

«Бүгін - халықаралық киік күні. Киіктердің дүниежүзілік таралымының 90% - дан астамы Қазақстанда мекендейді. Олардың - Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді үш популяциясы бар. Киіктің қазіргі жайылым аймағы еліміздегі он әкімшілік облыстың аумағын қамтып, тіпті Өзбекстан мен Ресей Федерациясының көршілес облыстарына да таралады», делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киікті қорғау, өсімін молайтумен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК айналысады.
«Айта кетейік, еліміздегі киіктердің саны әр жылдары өзгеріп отырды. Мәселен, ХХ ғасырда киіктердің ең көп саны 1970-ші жылдары - 510 мыңнан 1 млн 200 мыңға дейін, ең аз саны – 1990-шы жылдары – 148-ден 976 мыңға дейін тіркелді. Содан кейін 10 жыл бойы, негізінен браконьерліктің нәтижесінде тұрақты төмендеу байқалды. ХХІ ғасырдың басында олардың саны едәуір төмендеп, 2003 жылы 21,1 мыңға жетті», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Охотзоопром, Зоология институты қабылдаған қорғау шараларының арқасында киіктердің саны қалпына келе бастады. 2019 жылғы мәлімет бойынша киік саны 334 400 болды. 2020 жылы пандемияға байланысты есеп жүргізілген жоқ. Қазір санақ қайта жанданды және нәтижесі жыл соңында белгілі болады.
«Киіктерді қорғау үшін Комитет, ҚР Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл сайын браконьерлікпен күрес бойынша «Киік» табиғатты қорғау акциясын өткізеді. Қазақстанда киікті, олардың бөлігі мен дериватын ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, пайдалануға тыйым салу 2023 жылға дейін ұзартылды», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киіктерді атқаны үшін жазаны қатаңдату қажеттігін айтты. Елімізде браконьерлік үшін қылмыстық заңнама күшейтілді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 339-бабы киікті, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде киік мүйіздерін заңсыз олжалағаны, иемденгені, сақтағаны, өткізгені, әкелгені, әкеткені, жібергені, тасымалдағаны немесе жойғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не одан айыруды көздейтін жаңа бөлікпен толықтырылды.
Соңғы жаңалықтар