Экология министрі шығарындыларды төмендету іс-шараларын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығарындыларды төмендету үшін қоғамдық және коммуналдық көлікті газ және электр көлігіне ауыстыру керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылы экологиялық мониторингтің нәтижесі бойынша Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезказған, Шымкент қалалары атмосфералық ауаның жоғары ластануымен сипатталып отыр. Шығарындыларды төмендету үшін келесідей іс-шаралар қарастырылып отыр. Бірінші, Экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізеді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, екіншіден, синистрлік пен кәсіпорындардың арасында меморандумдар мен жол карталарына қол қойылды. Оларға сәйкес кәсіпорындар шығарындыларды 20 пайыздан 30 пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

«Үшінші, министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті 10 қаладағы бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін 2025 жылға қарай шығарындылар лимитін 20 пайыздан кем емес көрсеткішке төмендететін болады. Облыс әкімдіктері осындай жұмысты екінші және үшінші санаттағы кәсіпорындар үшін өткізуі тиіс. Бұдан әрі айтсақ, шығарындыларды азайту мақсатында әкімдіктер елді мекендер мен шаруашылық субъектілерін газдандыруды жалғастыру қажет. Сонымен қатар, қоғамдық және коммуналдық көлікті газ және электр көлігіне ауыстыру жұмысын одан әрі жүзеге асыру керек», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар