Экология министрі елорда көк түтіннен қашан арылатынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда аспанын алып кететін түтін проблемасын шешуге болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түтін проблемасын шешуге болады. Ол мәселе еңсерілетініне сенімдімін. Ол бағыттағы қажетті дайындық жұмыстарының бәрі жүргізілді. Тиісті тетіктер әзірленді. Елбасының тарихи шешімінің арқасында Сарыарқа газ желісі тартылды. Қазірдің өзінде елордадағы үйлер газға қосылып жатқанын білесіздер», - деді министр.

Оның айтуынша, министрлік бұл мәселені әрдайым бақылауда ұстап отыр. Қалада қазіргі таңда 300 шақырымға жуық газ тарату құбырлары тартылып қойған.

«1 мыңға тарта техникалық шарттар таратылды. Мерекелерден кейін белсенді түрде бәрін іске қоса бастаймыз. Қазірдің өзінде 300-ге жуық үйге газ қосылып қойған. Бірнеше мың үй тағы тапсырыс берді. Бүгінге дейін тұрғындар көмір сатып алып қойғандықтан, әзірге сұраныс керемет деп айта алмаймын. Екіншіден, ЖЭО-лар да газға қосылуда. Төрт қазандық газға қосылып қойды. Биыл қалған қазандықтар газға қосылады. Осылайша, келесі жылыту маусымында біздің қаладағы ауа едәуір тазарып қалуы керек», - деп түйді министр.


Соңғы жаңалықтар