Экология министрі елдегі су проблемаларын көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев алдағы уақытта елді сумен қамтамасыз етуде кездесуі мүмкін негізгі проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта елдегі сумен қамтамасыз ету жағдайы экономика салалары мен халықтың талаптарын қанағаттандырып отыр. Алайда су саласының мынадай негізгі түйткілдерін атап өтуге болады. Біріншіден – өзен ағынының құлауы мен суды тұтыну көлемінің өсуі салдарынан орта және ұзақ мерзімді кезеңде елді сумен қамтамасыз етудің болжамы төмендеуде. Екіншіден - арналардың және ирригациялық жүйелердің сындарлы тозуы салдарынан тасымалдау кезіндегі судың жоғары шығыны. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында шығындар 50%-ға дейін жетеді. Оларды қысқарту үшін арналарды жөндеу мен су ресурстарын автоматты басқаруды енгізу талап етіледі. Келесі - инфрақұрылымға тартылатын инвестициялардың және білікті кадрлардың жетіспеушілігі», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ өткен халыққа есеп беру кездесуінде.

Осыған байланысты, министрліктің алдында 2030 жылы қосымша жер үсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 100 шақырым деңгейінде су балансын сақтау, суармалы жерлерді 1,4-тен 3,0 млн га-ға дейін ұлғайту үшін жаңа ирригациялық жүйелерді салу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және қайта жаңарту, су саласын цифрландыру, су үнемдеу міндеттері тұр.

«Жерді суландыру бойынша келесі жұмыстар атқарылды. 2019 жылы 66 мың га алқапта су шаруашылығы инфрақұрылымы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, еліміздің 5 өңірінде (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары) суармалы жерлердің шамамен 0,5 млн га (492 мың га) сумен қамтамасыз етілуін арттыру және қалпына келтіру бойынша тиісті жобалар іске асырылуда. Қарыз және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырудың жалпы сомасы - 274 млрд теңге. Жалпы 3 жыл ішінде біз 6,7 мың шақырымнан астам арналар, 4 су қоймасы, 4 су торабы, 239 тік дренаж ұңғымасы және 23 мың өзге де су шаруашылығы құрылыстарын қайта жаңғыртатын боламыз», - деді ол.

Министрдің айтуынша, осының арқасында 88 мың жұмыс орны, оның ішінде құрылыс кезеңінде 11 мың жұмыс орны ашылатынын айтады. Қалпына келтірілген суармалы жерлерді айналымға енгізу ауылда 77 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға ықпал етпек.


Соңғы жаңалықтар