Экология министрі бағынышты қызметкері жемқорлық жасаған басшы жұмыстан кететінін ескертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология министрлігіне қарасты комитеттер 2 апта ішінде саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша нақты ұсыныс беруі тиіс. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының Президенті Заңға қол қойды. Заңда мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынышты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілігі көзделген. Бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда комитеттердің басшылары, сондай-ақ аумақтық бөлімшелер мен ведомстволық бағынышты ұйымдардың басшылары қызметінен босатылады. Осыған байланысты комитеттердің, сондай-ақ аумақтық бөлімшелер мен ведомстволық бағынышты ұйымдардың басшылары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс», - деді министр.

Оның айтуынша, салаларды цифрландыруды, рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру мен автоматтандыруды, әкімшілік кедергілерді азайтуды ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау тәсілдерін толық өзгерту және елеулі түрде қайта қарау қажет. Осыған орай министр комитет төрағаларына екі апта ішінде жетекшілік ететін салалардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

«Өткен жылы Мемлекет басшысы Үкімет пен халық арасындағы диалогты қамтамасыз етудің негізгі мақсаты - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске қосты. Біздің министрлік халықпен, тұрғындармен тікелей жұмыс істейді. Біз ашық мемлекеттік орган болуға тиіспіз. Осыған байланысты вице-министрлерге, комитет төрағаларына өңірлерге шыққан кезде проблемалық мәселелер бойынша азаматтарды қабылдауды, бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілерде кеңінен жария етуді тапсырамын», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар ол комитеттер мен олардың аумақтық бөлімшелеріне сайттарын сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жергілікті жерлердегі аумақтық бөлімшелердің басшылары азаматтарды апта сайынғы негізде сайттарда және әлеуметтік желілерде тікелей трансляциялай отырып қабылдасын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар