Экология министрі Атыраудағы ағын суларды тазалау құрылғыларын модернизациялауды жеделдетуді тапсырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атыраудағы ағын суларды тазалау құрылғыларын модернизациялауды жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрге Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ағын суларды тазалау құрылғыларының модернизациясы таныстырылды. Сондай-ақ, мұнда механикалық тазалау ғимараттарының, ағын сулардың ашық тоғандарының реконструкциясын, 860 гектар аумақтағы «Тухлая балка» булану алаңының рекультивациясын жүзеге асыруға бағытталған «Тазалық» жобасы қолға алынған.

Зауыт басшыларының ақпаратына сәйкес, механикалық тазарту ғимараттарының реконструкциясы 2021 жылы аяқталады. Қалған жұмыстарды 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр.

«Бұл жұмысты сапалы әрі тезірек жасау керек. Аймақтағы экологиялық жағдай мен атыраулықтардың өмір сапасы осыған тікелей байланысты. Жобаны жеделдету қажет»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасына сәйкес Атырау мұнай өңдеу зауытында ауаның ластануы жөніндегі ақпаратты қаладағы LED-экрандарға шығару басталған.

Еске салсақ, қазір аталған министрлік Атырау облысындағы экологиялық проблемаларды шешу үшін аймақтың қоғам өкілдерімен бірге Жол картасын дайындап жатыр. Жақында аталған құжатқа қол қойылып, жергілікті органдар жүзеге асыруға кіріседі.


Соңғы жаңалықтар