Экология мәселелеріне арналған жол карталарының нәтижесі қандай
2022 жылғы 15 қаңтар 16:15

Экология мәселелеріне арналған жол карталарының нәтижесі қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол карталары туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің еліміздің халқын өңірлердегі экологиялық мәселелер жиі алаңдатады. 2020 жылы халықпен кездесіп, іске асыру мерзімі 2025 жылға дейінгі 485 нақты іс-шараны қоса отырып, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 16 жол картасын бекіттік», - делінген Экология министрлігі мәліметінде.

Бүгінгі таңда келесі іс-шаралар аяқталды:

-Түркістан қаласын және бірінші кезекте Нұр-Сұлтан қаласын газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар, нәтижесінде 14 000 үй газға қол жеткізді;

- Қызылорда және Арал қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарын салу;

- Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігіндегі ҚТҚ бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары;

- Нұр-Сұлтан қаласының жел режимін зерттеу, оның нәтижелері бойынша осы жылдың мамыр айының соңына дейін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізілетін болады;

- Алматы қаласында дизельдік отын қолданылатын қоғамдық көлік сатып алуға тыйым салынды, ал жұмыс істеп тұрған қоғамдық көлік газға ауыстырылуда.

- Алматыда ЖЭО-2-ні жаңғырту бойынша техникалық экономикалық негіздемеге оң Мемлекеттік сараптама алынды, оның құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Министрлік Жол карталарын орындауды Үкімет отырысының талқылауына шығарды. Өйткені Павлодар, Атырау, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында іс-шаралардың орындалу мерзімдерінде артта қалушылық бар.

«Жол карталарын орындау жағдайын талдау 2021 жылға жоспарланған іс-шаралардың 63%-ы орындалғанын көрсетті. 2025 жылға қарай Жол карталарын орындау нәтижесі қалаларда атмосфералық ауаның ластануын азайтуы, тарихи экологиялық проблемаларды шешуі, сарқынды сулардың сапасын жақсарту және оларды қысқартуы, сондай-ақ қалдықтармен және көгалдандырумен байланысты ахуалды жақсартуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдар біздің аумақтық бөлімшелерімізбен бірлесіп, әр тоқсан сайын карталардың барлық тармақтары түпкілікті орындалғанға дейін олардың іске асырылу барысы туралы жариялайтын болады», - деп аталып өткен министрлік хабарламасында.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT