Экология кодексінің жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жолданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология кодексінің жобасы Парламент Мәжілісінде екінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс отырысында экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Мансұрхан Махамбетов кодекс жобасының жаңа редакциясы қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқарудың неғұрлым тиімді және ашық жүйесін құруға бағытталғанын мәлім етті.

Кодекс жобасы 28 қазанда бірінші оқылымда мақұлданған.

«Екінші оқылымға дайындық барысында депутаттар 98-бапты пысықтады. Оған сәйкес I және II санаттағы объектілер - рұқсат беру рәсімдері шеңберінде, ал III санаттағы объектілер - оңайлатылған нысанда мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді. Сондай-ақ III санаттағы объектілерге жататын мал шаруашылығы саласындағы мәселелерді реттеуді оңайлату бойынша ұсыныстар пысықталды. Кодекс жобасын талқылау барысында нормалар пысықталды. Оларға сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жер салығын төлеушілерге әкімшілендіруді жеңілдету және жақсарту мақсатында әсер етуге экологиялық рұқсат алудың қажеті жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар, депутаттар екінші оқылымға дейін ең үздік қолжетімді техникалардың неғұрлым қатаң анықтамалықтарын қабылдау кезінде бұрын берілген кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қарауға ұсынып отыр.

«Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын қайта қарау рәсімін ашықтығы үшін міндетті қоғамдық тыңдаулар көзделген. Кен өндіру және металлургия қызметі тоқтап қалмауы үшін осындай кәсіпорындардың бұрыннан жинақталып қалған қалдықтарын орналастыруды реттеу үшін кодекстің кейбір нормаларын қолдануды 2036 жылға дейін кейінге қалдыру көзделген. Эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу мерзімдері бойынша 2023 жылға дейін кейінге қалдыру жоспарланып отыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар