Экология кодексі: Қазақстанда «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде қоршаған ортаны қорғау мақсатында «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты енгізіледі. Бұл туралы ҚР Әділет министрінің орынбасары Ақерке Ахметова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 2 қаңтарда жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, ол бойынша «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын іске асыру көзделген. Сол секілді экологиялық заңнама мен талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қарастырылған. Түзілетін қалдықтардың көлемін қысқарту мақсатында «Waste to Energy» қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізу жөніндегі заң қабылданды. Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалалары анықталды», - деді А.Ахметова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, вице-министр еліміздегі азаматтардың бейбіт жиындарға қатысуы және еркін пікір білдіру құқықтары туралы сөз қозғады.

«2020 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң күшіне енді. Заң бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін өзгертеді және оларды өткізуге рұқсат алу рәсімін жеңілдетеді. Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» 130 бабы қылмыссыздандырылды және «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты тудыру» 174-бабы ізгілендірілді», - дейді ол.

Бұған дейін Әділет министрі орынбасары Ақерке Ахметова Қазақстанда адам құқықтарын қорғау бойынша БҰҰ ұсынымдарының қалай жүзеге асып жатқанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар