Экокомпаниялар полиэтилен пакетке тыйым салуға қалай қарайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Green TAL» ЖШС директоры Әсет Ахмадиев Қазақстандағы полиэтилен пакетті сатуға тыйым салу туралы экокомпаниялар қалай қарайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз. Бұл бастамамен келісеміз. Себебі, полиэтилен пакеттер экологияға салдары ауыр залал келтіреді», - деді Әсет Ахмадиев.

«Green TAL» ЖШС түрлі нұсқадағы экосөмке тігумен айналысады.

«Біздің ұйым - әлеуметтік жоба, оның негізгі бөлігі - халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту. Бүгінде компаниямызда 32 адам жұмыс істейді. Дәлірек айтқанда, мүгедек адамдар, көпбалалы отбасыларға жататын жалғызбасты аналар», - дейді Әсет Ахмадиев.

Сонымен қатар, компания таза мақтадан жасалған сөмкелерді ғана тігетінін атап өтті.

«Мысалы, түрлі форумдарға, баспаханаларға, ұйымдарға сөмкелер жасаймыз, шетелдік миссиялардан тапсырыс көп түседі. Бізде өнімнің түрі көп. Сөмке, арқа қоржыны, пакет, жағажай сөмкелерін тігеміз. Сондай-ақ, балалардың жиһаздарын тек ағаштан ғана жасаймыз және оны гипоаллергенді бояумен, лакпен бояймыз. Біз экологиялық таза өнімдерге назар аударамыз», - деді Әсет Ахмадиев.

Сонымен қатар, болашақта компания крафт-қағаздан қаптама шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа Экологиялық кодекс бойынша еліміздің аумағында бөлшек саудадағы полиэтилен пакеттерді сатуды кезең-кезеңмен тоқтату мәселесі қарастырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар