Екіжақты құжаттар, ҰҚШҰ аясындағы отырыс: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапарының қорытындысы

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – 27 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары аясында бірқатар шара ұйымдастырылды. Жалпы, осы сапар қарсаңында қырғыз тарапы егжей-тегжейлі дайындық жүргізгені байқалады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 28 қарашада Бішкек қаласында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты. Осы орайда Қазақстан Президентінің қырғыз жерінде өткен екі күндік сапары аясындағы жұмысына шолу жасауды жөн көрдік.

Қос елді достықтың берік арқауы біріктіреді

Биыл мамыр айының соңында өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков екіжақты кездесу өткізген болатын. Ал екінші рет 12 маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында Қазақстан Президенті қырғызстандық әріптесімен Бішкекте жүздесті. 2019 жылдың соңына жоспарланған Қазақстан Президентінің осы мемлекеттік сапары ауқымды әрі өзекті мәселелерге қатысты оңтайлы шешімдерді жасауға негізделді.

Сонымен, 27 қараша күні түске таман «Манас» халықаралық әуежайына қонған ұшақтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков пен Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Нұрпейісов күтіп алды.

Осыдан кейін мемлекеттер басшылары Бішкектегі «Ата-Бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барып, қуғын-сүргін құрбандарының монументіне гүлдестесін қойды. Сонымен қатар, екі ел Президенттері әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысып, қуғын-сүргін құрбандары мен Ш. Айтматовтың рухына арнап құран бағыштады.

Түстен кейін Президенттер «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында екіжақты келіссөздерді бастап кетті. Шағын құрамдағы кездесуден кейін, делегациялар Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысында барлық саланы қамтитын мәселелерді жан-жақты талқылады.

«Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің төртінші отырысы 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала береді. Соңғы бес жыл оңай болмады. Яғни сауда соғысы, санкциялық текетірестер, нарықтың халықаралық конъюнктурасы нашарлады. Осы қиындықтарға қарамастан, біз ынтымақтастықтың жоғары деңгейін қолдауға, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын іздеуге әрі дамытуға ұмтылып келеміз. Бұл өз кезегінде қазақ-қырғыз қатынастарының рухы мен сипатына сай келеді», - деді ҚР Президенті.

Қ.Тоқаев Қырғызстан Қазақстан үшін жақын көрші әрі бауырлас мемлекет екенін, осы орайда екі ел бір-біріне ежелден қолдау жасап келгенін атап өтті.

«Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай достық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынастарымызды табысты жолға қоя білдік», – деді Мемлекет басшысы.

Атап айтқанда, қазақ-қырғыз қатынастарының маңызды басымдығы ретінде ортақ шекараның болуын, ретке келтірілген көліктік инфрақұрылымды және ЕАЭО-дағы серіктестікті атап өткен жөн. Осының арқасында, Қазақстан Қырғызстанның алдыңғы қатарлы сауда серіктестерінің біріне айналды. Сонымен қатар, бүгінде Қырғызстан Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі.

«Біздің сауда айналымдарымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды», – деп нақтылады Қазақстан Президенті.

Белгілі болғандай, Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақ инвесторлары тау-кен, қайта өңдеу, құрылыс, сауда, банк секторында, телекоммуникация саласында қамтылған. Олар Қырғызстанның әлеуметтік өміріне белсенді қатысып, жұмыс орындарын құруда, сондай-ақ қаржы мен технологияның тартылуын ынталандырып келеді. Бүгінде Қазақстанда қырғыз кәсіпкерлерінің қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

«Бұл тұрғыда сауда көрсеткіштерінің көлемі осымен шектелмеуі тиіс екенін түсінеміз. Біздің таяудағы мақсатымызда тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу ескерілген. Осыған байланысты екіжақты сауданың номенклатурасын кеңейту бойынша және жаңа нарықтық бағыттарды іздестіруге қатысты тапсырмалар бердік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, келіссөздер барысында кәсіпкерлер тұрақты түрде тікелей байланыс орната алатын арнайы алаң құру бастамасы талқыланды. Осы орайда Қазақстан мен Қырғызстанның өңіраралық форумдарын өткізу тәжірибесін енгізу қарастырылып отыр. Екі ел үкіметтеріне бұл ұсынысты пысықтау бойынша тапсырма берілді.

Қазақстан Президенті өзара сауда-саттықтың шамамен 50 пайызын құрайтын шекарамаңы ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Осы орайда экспорт-импорт операцияларын қолдап, ынталандыру үшін Қазақстан тауарларды рәсімдеу және дайындау жөніндегі логистикалық орталық құруды ұсынды. Бұл жобаның іске асырылуы елдеріміздің аумағында әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, тауарларды жылжытуға айтарлықтай мүмкіндіктер туғызады.

Өз кезегінде Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.

«Сіздің Қырғызстанға сапарыңыз қазақ-қырғыз ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенеміз. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты қатынастардың маңызды бағыттарын талқыладық. Осы орайда қазақ-қырғыз қатынастарының ауқымды тақырыптарын қамтыған мазмұнды әрі нәтижелі пікіралмасу жүргіздік», - деді ол.

Сонымен қатар С. Жээнбеков бірнеше жылдан бері өткізілмеген Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының маңыздылығына тоқталды.

«Осы орайда бауырлас екі ел арасындағы мәдени байланыстар қадамдарына айрықша мән бердік. Аталған салада қарым-қатынасты нығайту бойынша ортақ пікірге келдік. Мүнымен қоса, Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында өзара әрекеттесу мәселелерін талқылап, халықаралық тақырыпта да пікір алмастық», - деп нақтылады Қырғызстан Президенті.

Айтпақшы, Қазақстан мен Қырғызстан өзара Мәдени күндерін ұйымдастыру шараларын пысықтайтын болады. Соңғы рет мұндай шара алты жыл бұрын өткізілген болатын. Келіссөздер барысында қырғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте ұлы Абайға ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша екі ел үкіметтері арасында бірқатар құжатқа қол қойылды.

ҰҚШҰ мемлекеттері алдағы жоспарды айқындады

Бүгін Бішкекте мемлекеттер басшыларының қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Сессия жұмысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысты.

Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары ұйым қызметі аясында өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылап, биылғы жылғы ұйым қызметтінің басым бағыттарын іске асырудың қорытындысын шығарады, сондай-ақ алдағы жоспарды айқындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен кездесуде қатысушы мемлекеттер басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізді.

«Біз ҰҚШҰ аясындағы саяси ынтымақтастықты дамытуға, Ұйымның әскери-күштік әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдар жасауға ниеттіміз», – деді Президент. Мемлекет басшысы халықаралық қауіпсіздік саласындағы саяси диалогты күшейту қажеттігін айта келе, Еуразия кіндігінде орналасқан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі ҰҚШҰ-ның атқаратын жауапкершілігіне назар аударды.

Оның пікірінше, Ұйым Еуропа мен Азияны қауіпсіздіктің біріңғай Еуразиялық платформасында байланыстыра отырып, өз позициясын қазіргіден де нығайта алады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндетті қарастыру керек екені айтылды. Бұл тұрғыда ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажеттігі көтерілді.

«Біз ешкімге қарсы шықпаймыз, керісінше, өзара тиімді диалогқа дайынбыз. Бұл ұстанымды ілгерілету маңызды», – деді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағындағы, сонымен қатар Ауғанстандағы лаңкестікке қарсы іс-қимыл мәселелеріне жеке тоқталды.

«Бүгінде ресми билік ел аумағының жартысынан астамын ғана бақылайды. Онда халықтың 65 пайызы тұрады. Ауғанстанның қалған аймақтары террористік ұйымдардың қолында. Оңтүстіктен төнетін осындай қауіптің бар екенін ескере отырып, ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен басқа да қатерлерге қарсы күресу үшін қарулы күштер мен құралдарды сақадай-сай ұстауы қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Саммит қатысушыларына «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясының нәтижесі туралы айтты. Сонымен қатар, Президент заңсыз есірткі айналымымен күрес, ақпараттық және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударды.

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің атап өтуінше, ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесі сессиясы барысындағы талқылау кезінде күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша толықтай өзара түсіністікке қол жеткізілді.

«Бүгін шағын құрамдағы отырыстың қорытындысына тоқталып өткім келеді. Біз сындарлы және сенімгерлік тұрғыда күн тәртібіндегі тақырыптардың кең шоғырын талқыладық. Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты өзекті проблемалар бойынша ашық пікір алмасу жүргіздік. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша толықтай өзара түсіністікке қол жеткізілді. Сонымен қатар, сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметінің негізгі қорытындыларын да талқыладық. Қауіпсіздіктің заманауи сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы әрекет ету бойынша шаралар қабылданды. Алдағы жылға атқарылатын қызметтің өзекті бағыттары айқындалды. Қырғыз Республикасының төрағалығы аясында ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін көтеру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді», - деді С. Жээнбеков

Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин ҰҚШҰ аясында бірлесіп атқаруды қажет ететін бағыттарды атады.

«Біз серіктестерімізбен халықаралық лаңкестік және экстремизммен күрес саласында өзара іс-қимылды нығайтуға ұмтыламыз. ҰҚШҰ кеңістігінде халықаралық лаңкестік топтарды анықтау мен жою бойынша бірлескен операциялар тәжірибесін жалғастыруды дұрыс деп санаймыз. Осы орайда лаңкестердің базаларына, қаржыландыру көздеріне тосқауыл қоюға қатысты болып отыр. Біз антитеррор тәжірибесімен бөлісуге дайынбыз», - деді В. Путин.

Оның сөзіне қарағанда, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша ҰҚШҰ қызметін жандандыру басымдықты мақсат болып отыр. Осы тұрғыда 2021-2025 жылдар кезеңіне ҰҚШҰ-ның есірткіге қарсы жаңа стратегиясы туралы бастамасы көтерілді. Бұл стратегия есірткіні өндіру мен саудалауға тосқауыл бойынша, сондай-ақ осы орайда шекаралық режімді күшейту аясында нақты шараларды қамтиды.

«Біздіңше, ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін өрістетуге қатысты, бітімгерлік күштердің жоғары даярлығын қолдау мәселелері айрықша көңіл бөлуді қажет етеді», - деді РФ басшысы.

Атап айтқанда, Қырғызстанның ҰҚШҚ-дағы төрағалығы аяқталуына байланысты ұйымдағы төрағалық енді Ресейге өтеді. Кезекті сессия 2020 жылы Ресей аумағында ұйымдастырылады.

«Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымындағы төрағалық Ресейге өтеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалықты қабылдауға байланысты РФ Президенті Владимир Путинді құттықтағым келеді», - деді Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков.

Айтпақшы, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшылары 2020 жылдан бастап Ұйымның Бас хатшысы лауазымына Беларусь өкілі Станислав Засьті бекітті.

«Отырыс барысында Бас хатшыны тағайындауға қатысты мәселе қаралды. Бүгін мемлекет басшылары (ҰҚШҰ-ға мүше елдердің) 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы лауазымға тағайындалған Беларусь өкілі Станислав Засьті құттықтады», - деді ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков сессия жұмысынан кейінгі брифингте.

Осы орайда ол тағайындау туралы бұл қадам 2015 жылдағы Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесі шешімін орындау аясында іске асырылғанын атап өтті. Бұл шешімде орыс алфавитіне сәйкес ауыспалы негізде Бас хатшыларды тағайындау тәртібі регламенттелген. Бұған дейін бұл қызметте Армения өкілі болды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Беларусьтің кезегі келеді, сәйкесінше бұл лауазымға Беларусь өкілі тағайындалды. Айта кетейік, қазіргі уақытта ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы қызметін В. Семериков орындап келеді.

Сонымен, Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы саяси мәлімдеме қабылдады. Қырғызстан астанасында қабылданған құжаттар ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Құжаттар Ұйымның ашықтығын және оның өзге елдермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын кеңейтуге бейілдігін аңғартады.

Жалпы, Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша 17 құжатқа, соның ішінде, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы мәлімдемеге және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 14 шешіміне қол қойылды.

Олардың арасында «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі туралы Ережесіне өзгерістер енгізу туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы органдары рәсімдерінің Қағидаларына өзгерістер енгізу туралы», «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық іс-қимылдар жоспары туралы», сондай-ақ «Тәжік-ауған шекарасы маңындағы шиеленісті азайтуға бағытталған қосымша шаралардың тізбесі туралы» құжаттар бар.

Соңғы жаңалықтар