Екінші толқынға дайындық: қосымша дәрі-дәрмек, қазақстандық вакцина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда елімізде коронавирус инфекциясына қатысты эпидемилогиялық жағдай тұрақталғанымен, басқа мемлекеттерде індет қайта ушыға бастады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы індетке қарсы күрес барысында қанша науқас пен қанша дәрігер қайтыс болып, қанша науқас сауыққаны туралы және індеттің екінші толқынын болдырмау мақсатында қандай шаралар қолға алынатыны туралы айтты.

Дәрігерлер жалақысы екі есеге өсуі мүмкін

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, 2020 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша COVID-19 және пневмониямен ауыратын 12 830 медицина қызметкері тіркелген. Оның ішінде 8 339-ы кәсіби қызметпен байланысты. Өңірлік комиссиялар 8 320 істі қарады және олардың 67 пайызын растады.

«Бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің 88%-ы немесе аймақтық комиссия деңгейінде расталған жағдайлардың 3 454-і COVID-19 бойынша өтемақы алды.Өкінішке қарай, пандемия басталғалы Қазақстанда 182 медициналық қызметкер көз жұмды. Аймақтық комиссия 58 өтінім бойынша коронавирустан қайтыс болған медициналық қызметкерлердің туыстарына өтемақы беру туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта 37 отбасы өтемақы алды, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», - дейді ол.

Алексей Цой әрбір медициналық қызметкерге өтемақы беруге ниетті екенін, бірақ бірқатар маңызды мәселені ескеру керектігін айтты.

«Дәрігер қабылдауында болатын науқастың барлығы коронавирус инфекциясымен ауырады деуге болмайды. Ал егер дәрігер инфекциялық стационарда жұмыс істейтін болса – бұл жерде дәрігерге төнетін қауіп, тәуекел деңгейі мүлдем басқа. Мысалы, дәрігер ота жасап жатқан науқас гепатит немесе ЖИТС-пен ауыруы мүмкін. Бұл да дәрігер үшін қауіпті. Жалпы алғанда, Үкіметтің, Мемлекет басшысының қолдауымен медициналық қызметкерлер еңбегіне лайықты жалақы алуға қол жеткіздік. 2023 жылы медициналық қызметкерлердің жалақысы 2 есе өсуі мүмкін», - дейді Денсаулық сақтау министрі.

Медициналық құрылғылар жеткілікті деңгейде

Министрдің айтуынша, коронавирустың таралу қаупінің алдын алу үшін бірқатар шара қолға алынады.

Коронавирустың жаңа толқыны бола қалған жағдайда еліміз бойынша 70 000 орын қарастыруға дайынбыз, оның 51 мыңы стационарларда Covid-19-ға арналған орындар. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар шаралар қабылданды. Covid-19-ға арналған дәрі-дәрмектерді 2 айға артығымен алып қойдық, ол аймақтарға таратылып қойды. Оның құны 11,4 миллиард теңге. Барлық аймақта ең қажетті деген дәрі-дәрмектер үшін 13 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. Амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектер тізімі ұлғайды. Covid-19-ға арналған тағы 5 дәрі қосылды», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сондай-ақ, коронавирусты үйде емдеу үшін 1 миллион науқасқа арналған тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Ал медициналық құрылғыларға қатысты заңнамалық деңгейде бекітілген талаптар бар.

«Инфекциялық және провизорлық стационарларда 3379 өкпені жасанды желдететін аппарат бар. Қосымша 2 619 дана осындай аппарат сатып алынады, оның ішінде 1 500 аппарат отандық өнім. Қазақстанда жасалған өкпені жасанды желдету аппаратының кепілдік мерзімі – 3 жыл. «Қазақстанда жасалған өкпені жасанды желдету аппараттары еліміздегі стацонарларда сынақтан өтті. Ол науқастарға қолдануға жарамсыз және ақау болып жатқан жағдайда өндірушіге қайтарылады. Жұқпалы ауруы бар адамдарды қабылдайтын әрбір ауруханада өкпені жасанды желдету аппараты кем дегенде 15% болуы керек деген ұсыныс айттық. Бұл нормативтерді орындау өте маңызды. Қазіргі уақытта осындай құрылғылар қосымша сатып алынып, аймақтарға жеткізілуде», - дейді ол.

Сонымен қатар, 21 мың орын оттегімен қамтамасыз етілді, ал қазан айының соңына дейін қосымша 9 000-нан астам орын дайындалады. Аудандық ауруханаларға елімізде шығарылған қосымша 53 рентген аппараты алынады. Жедел жәрдем қызметі 1 167 дана санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы халықтың медициналық қызметке қолжетімділігі 100-ге жуық жылжымалы медициналық кешенді сатып алумен жүзеге асырылады. Ол аудандарға қазан айының ортасына дейін жеткізіледі.

Түркияға рейс саны азайтылады

Қазақстанға инфекция әкелудің алдын алу мақсатында ведомствоаралық комиссия бірқатар шешім қабылдаған.

«Биыл 5 қазаннан бастап әуе қатынасы жаңартылған барлық елдерге әуе қатынасын тоқтату және рейс санын көбейтпеу, Түркияға ұшатын рейс санын азайту, екінші санаттағы елдерден ұшып келген жолаушылардан сауалнама толтыру, термометриядан өту және Covid-19-бен ауырмайтыны туралы анықтама талап етілетіні туралы шешім қабылдады. Ол анықтама үш күнге жарамды. Анықтама болмаған жағдайда Қазақстанға ұшып келген жолаушы карантиндік стационарға 2 күнге оқшауланады. Ол жерде зертханалық тексерістен өткен кезде ауру жұқтырғаны анықталған адам инфекциялық ауруханаға жатқызылады. ЕАЭО құрамына кіретін елдер мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасынан өтетін пунктерде де осындай талаптар қойылады», - дейді министр.

Қазақстандық вакцина сынақтан өтіп жатыр

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық вакцинадан үміт күтетінін айтты.

«Қазақстандық вакциналар клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өткен. Енді клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Оны сынап көргісі келетін еріктілер де жиналып қойды. Сынақтың 1, 2-сатысы қараша, желтоқсан айына қарай аяқталып, нәтижесін көреміз. Сол кезде ол вакцинаның қаншалықты тиімді, қауіпсіз екенін білеміз. Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратынан қазақстандық вакцинаны ешкім қабылдаған жоқ. Әзірге сынақ нәтижесін күтіп отырмыз. Нәтижесі шыққаннан кейін сіздерге хабардар етеміз, егуді ұсынамыз немесе өзімізге де егеміз», - дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда вакцина өндіретін зауыт салынып жатыр.

«Ол зауыттың қазақстандықтардың қажеттіліктерін өтеуге күші жетеді. Өз вакцинамыз сынақтың барлық сатысынан өткен жағдайда осы зауыттан шығарылатын болады. Клиникалық сынақтан өткенге дейін вакцинаның бағасы қанша болатыны нақты белгілі емес, бірақ 2-3 доллар көлемінде болады деп ойлаймыз», - дейді ол.




Соңғы жаңалықтар