Екінші отандық вакцинаның клиникалық зерттеуі қалай өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов Тараз қаласындағы көпбейінді ауруханада екінші қазақстандық вакцинаның қалай зерттеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық екінші суббірлікті вакцина бойынша айтсақ, клиникалық сынақтың бірінші кезеңінде зерттеуден 44 адам өтті. Енді екінші кезеңге 200 адам жинақталып жатыр. Қазіргі таңда 130 адам талдаулардың бәрінен тексеріліп, вакцина салынды. Қалған 70 адамды зерттеп жатырмыз. Зерттеуден дұрыс өткен жағдайда еріктілерге де вакцина егеміз», - деді басқарма өкілі.

Оның айтуына қарағанда, жаңа вакцинаның клиникалық зерттеуіне еріктілер аудандардан да тартылған.

«Басқа аудандардан ерікті адамдар әкелгеніміз рас. Қордай және басқа аудандардан келді. Олар Тараздағы көпбейінді аурухананың базасында ғана тексеріледі. Сол базаның өзінде зертхана бар. Тексерулердің бәрі сонда өткізіледі. Ол 6 айға дейін созылады. Еріктілердің өз келісімі бойынша 6 айдың ішінде олар кестеге сәйкес талдау тапсыруға және қадағалауға келіп тұрады», - деді Хамит Мырзақасымов.


Соңғы жаңалықтар