Екінші ИКАО жаһандық симпозиумы аясында бірқатар келісімге қол қойылды

Фото:
СЕУЛ. ҚазАқпарат - Сеулде (Оңтүстік Корея) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) енгізуді қолдау жөніндегі екінші жаһандық симпозиумы (GISS) өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Шараға ИКАО Бас хатшысы, ИКАО-ға мүше мемлекеттердің көлік министрлері, авиациялық билік органдары және авиация саласының басқа өкілдері қатысады. Қазақстан тарапынан Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, «Қазаэронавигация» РМК және «Азаматтық авиация академиясы» АҚ өкілдері барды. Делегацияны Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бас директорының орынбасары Салтанат Томпиева басқарады.

Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі ұйымдастырған жаһандық симпозиум ИКАО Дүниежүзілік авиациялық форумын (IWAF), жаһандық авиациялық дайындық симпозиумын (GACS) және TRAINAIR PLUS-ты ИКАО-ның ең жаңа цифрлық құралдарын, авиацияның тұрақтылығын, инновацияларды, тұрақты дамуды және жедел шешімдерді қолдау бойынша негізгі бастамалар мен бірлескен күш-жігерді қамту мақсатында біріктіреді.

Форум аясында ИКАО мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі арасында персоналды оқыту қызметтерін көрсету туралы келісімге қол қойылды. ИКАО атынан құжатқа ИКАО құзыреттілігін дамыту және енгізу бюросының директоры Хорхе Варгас қол қойды.

Сондай-ақ, Біріккен авиациялық басқару органдарын оқыту ұйымы (JAA TO) мен Авиация әкімшілігі арасында оқыту қызметтерін көрсету туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.


Негіздік келісімге Біріккен авиациялық билік органдарын оқыту ұйымының бас директоры Паула Виейра де Альмейда мен Авиация әкімшілігі бас директорының орынбасары Салтанат Томпиева қол қойды.

Сондай-ақ, форум алаңында азаматтық авиацияны одан әрі дамыту мәселелері бойынша ИКАО және Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.


Соңғы жаңалықтар