Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Қазақстан экономикасы қандай болды?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыстан Кеңес Одағы экономика жағынан әбден титықтап шықты. Бұл тұста 32 мың өнеркәсіп орны, сондай-ақ 100 мың ауыл шаруашылық өнеркәсіп орындары үлкен шығынға батып, олардың біраз бөлігі толығымен жойылған еді. Сталинград, Ленинград, Киев, Минск секілді қалалар жермен-жексен етілді. Экономикалық қиындықтар жұмыс қолының жетіспеушілігіне байланысты күрделене түсті. Ал бұл кезеңде Қазақстандағы тек қана әскери тапсырыстар орындаған көптеген зауыттар жаңа жағдайда бейбіт өнімдер шығаруға көшкен болатын.

Дегенмен соғыстың зардабы Қазақстанға ауыр тиді. Мысалы: зауыттарда, фабрикаларда және ауыл шаруашылығында жүмыс күші жетіспеді. Бұл жағдай бірнеше себептерге байланысты туындаған болатын. Соғыс кезінде Қазақстанға қоныс аударған мамандардың көпшілігі туған елдеріне де қайтып жатты. Оның үстіне майданға аттанған көптеген қазақстандықтар ұрыс даласында қаза тапты және соғыстан оралмады. Екінші жағынан 1930-1934 жылдардағы шаруалардың күштеп ұжымдастыру кезіндегі жаппай қоныс аударуы, сондай-ақ республиканың ауыл шаруашылық аудандарының жартысына жуығының қырылуына алып келген аштық салдарлары соғыстан кейінгі кезеңде де айқын сезілді. Зауыт және фабрика жүмысшыларының мамандану дәрежесі, жалпы алғанда, жоғары болмады. Жетіспейтін жүмыс күшінің орнын толтыру үшін республикада жер-жерлерден еңбек ресурстары мектептері мен училищелері құрыла бастады. Жұмыс күшінің орны Кеңес Армиясы катарынан демобилизацияланған әскерлер, сондай-ақ фашистік тұтқыннан оралған репатрианттар есебінен толығып отырды. Қолданылған іс-шаралар нәтижесінде егін алқабының диқаншылары мен еңбекшілерінің қатары толықты.

1946 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып Жұмабай Шаяхметов тағайындалады. Кеңес Одағының басқа республикалары сияқты Қазақстан да фашистік оккупациядан зардап шеккен аудандарға қолдан келген көмекті аямады. Республикада тұтастай азық-түлік керуендері жасақталды. Қазақстандықтар Сталинградтың, Ленинградтың, Солтүстік Кавказдың соғыстан зардап шеккен шаруашылықтарын қалпына келтіруге белсене катысты. Тек 1945 жылдың өзінде Украинаға 500 трактор және басқа да ауыл шаруашылық машина, 140 паровоз, бірнеше жүздеген ауыл шаруашылық мамандары жіберілді. Фашистік оккупациядан зардап шеккен аудандарға жарты миллионнан астам ірі қара мал, жылқы, қой жеңілдетілген бағамен сатылды. Сондай-ақ тегін көмек көрсетілді. Қазақстан колхоздары неміс оккупациясынан азат етілген аудандарға көмек ретінде 17,5 мың ірі қара мал, 22 мындай жылқы және 350 мың қой жіберді.

Соғыстан кейінгі кезеңде елімізде көлiк пен байланыс жүйесiн дамыту жөнiнде қыруар жұмыстар жүргiзiлдi. Республика аумағында темір жолдың пайдалану ұзындығы 1631 шақырымға, жүк тасымалы 5,7 млн. тоннаға жеттi. Тұтастай алғанда соғыстан кейiнгi бесжылдықтарда (1946 - 1960) Қазақстан экономикасы бейбiт жағдайға көшiрiлiп, қандай да болсын халық шаруашылығы мәселелерiн шеше алатын, одақтың негiзгi ауыл шаруашылығы базаларының бiрiне айналды. Қазақстан халық шаруашылығының өзгешелiгi сонда, ол соғыстан кейінгі жылдары қалпына келтiру кезеңiне соқпай, бұрынғысынша ұдайы өндiрiс негiзiнде дамыды. Қазақстан керісінше соғыстан жапа шегіп, құлдыраған аудандарға металл, отын, шикізат қорларын, құрылыс материалдарын, жабдықтар, азық-түлік, асыл тұқымды мал және тағы басқаларын жөнелтіп тұрды.

1946 - 1950 жылдарында өнеркәсiптiң "А" тобы салаларын және ауыл шаруашылығын өркендету үшiн республикада барлық күрделi қаржының тиiсiнше 40,2 пайызы және 14,2 пайызы пайдаланылды. КСРО шеңберінде одақтық өнеркәсiптiң жалпы өнiмiнiң 1940 - 1950 жылдары аралығында өсу қарқыны 17,3 пайыз болса, Қазақстан өнеркәсiбiнiң өсу қарқыны 23,2 пайызға жеттi. Кәсiпорындардың саны 4 мыңға жеттi. Осы жылдары Қазақ металлургия, Балқаш мыс қорыту, Балқаш кен-металлургия зауыттары, Лениногор (Риддер) қорғасын комбинаты, Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш, Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары мен Ақтөбе химия комбинаты, Жамбыл (Тараз) суперфосфат зауыты, мұнай өндiретiн Қаратон және Мұнайлы кәсiпшiлiктерi, т.б. кәсiпорындар салынып, өндiрiстiк қуаттары кеңейтiлдi. Машина жасау және металл өңдеу өнеркәсiбi негiзiнен қайта құрылды.

Темір жолдың пайдаланылатын бөлiгiнiң ұзындығы Қазақстан аумағында 1940 жылы 6,6 мың шақырым болса, 1945 жылы 8,2 мың шақырымға, 1950 жылы 8,4 мың шақырымға, 1960 жылы 11,5 мың шақырымға жеттi. Өзен және автомобиль көлiгi жедел дамыды. Жүк тасымалы 1950 жылы 1945 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Республиканың 21 қаласында автокөлік қатынасы орнады. 1950 жылы мемлекеттік және кооперативтік бөлшек сауда тауар айналымы 1940 жылы деңгейiнен 48 пайызға өстi. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жеделдетiлдi. Қала мен жұмысшы қыстақтарының тұрғын үй қоры 5 млн. шаршы метрден астам өстi, ауылдық жерлерде 100 мың шаршы метр үй салынды. 1946 жылы оқу-ағарту, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыруға бөлiнген қаржы 1013,2 млн. сом болса, 1950 жылы 1734,9 млн. сомға жеттi, яғни, қаражат 70 пайыздан аса артты.

Осы кезеңдер ішінде еліміздегі ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасы нығайды. Мысалы, кеңшарлар саны 1940 жылғы 194-тiң орнына, 1950 жылы 269-ға жеттi. Ұжымшарлардағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын техникалық жағынан жарақтандыру 70 пайызға (1940 жылы 57,2 пайыз) жеттi. 1950 жылы ұжымшарларды iрiлендiру негiзiнде ауыл шаруаларын шоғырландыру басталды. Әр ұжымшарға келетiн егiс көлемі 2 есе ұлғайып, 2000 гектарға жеттi. Орта есеппен бiр ұжымшарға келетiн мал саны 3 есе өстi. 1946 - 1960 жылдары iрi қара саны 26,6 пайыз, қой мен ешкi - 75,9 пайызға өстi. Мемлекетке астық сату 2 есе, iрi қара саны 1,3, қой мен ешкi саны 2,2 есе көбейдi.

Осылайша, Қазақстан экономикасы соғыстан кейінгі жылдары күрт дамудың даңғылына түсіп, ол соғыстан тоқыраған аймақтарды серпілтуге көп үлес қосты. Нәтижесінде Қазақстан КСРО экономикасының біртіндеп бейбіт калыпқа түсе бастауын жеделдетті.

Соңғы жаңалықтар