Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске Қазақстан қандай үлес қосты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкіметтік комиссияның ҚР Президентінің мұрағатындағы, оның ішінде соғыс кезіндегі құжаттардың құпиясын ашуы бүгінгі күнге дейін белгісіз болып келген Қазақстан тарихына алғаш рет үңілуге мүмкіндік берді.

Мысалы, республикадағы оқ-дәрі өндірісі туралы деректер таң қалдырады - Қазақстанның қорғаныс кәсіпорындары шын мәнінде жауды талқандауға аса зор үлес қосыпты.

Әскери құрылымдардың жасақталуы, эвакуациямен қоныс аударғандарға көрсетілген көмек, жауынгерлерді киіммен қамтамасыз ету - бұлар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақстандықтар жасаған ұлан-ғайыр еңбектің бір бөлігі ғана. Осы бір сарғайған құжаттарды оқи отырып, жан берісер айқаста жауға ерлікпен қарсы тұрып, жеңіске жеткен халқымыз үшін кеудені мақтаныш сезімі кернейді.

Әскери құрылымдардың жасақталуы

Соғыс кезеңінде Қызыл Армияны толыққанды резервтермен және ең алдымен адам ресурстарымен уақтылы толықтыру жауды жеңуді қамтамасыз ету ісіндегі негізгі міндеттердің бірі болды.

Соғыстың алғашқы кезеңінде әскери міндеттемелерді есепке алуда елеулі кемшіліктердің болуына қарамастан, әскери комиссариаттар ел белсенділерінің көмегімен жағдайды тез түзеп алды. 1945 жылғы ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан соғыстың басынан бастап Қызыл Армияға және өнеркәсіп жұмысы үшін 1,5 млн адамды, оның ішінде әскерге - 1 млн 161 адамды аттандырды.

Майданда кейін гвардиялықтарға айналған бес әскери құрылым жауға қарсы күресті. Олардың арасында кейін 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы болған 316-атқыштар дивизиясы, кейін 73-гвардиялық Сталинградтық дивизия болған 38-дивизия, кейін 72-красноградтық дивизия болған 29-дивизия, кейін 30-гвардиялық дивизия болған 238-дивизия, кейін 312-атқыштар бригадасы болған 75-атқыштар бригадасы, Ақтөбеде құрылған, Смоленск атауы берілген дивизиясының 3-гвардиялық бригадасы бар.

Бұдан басқа, Қазақстан майданға бірқатар басқа да әскери құрылымдарды аттандырды, оның ішінде ұлттық: Өскеменде - кавалериялық дивизия, Алматыда - жеке атқыштар бригадасы, Ақтөбеде - жеке атқыштар бригадасы, Жамбылда - кавалериялық дивизия, Ақмолада - кавалериялық дивизия бар. Соғыс жылдары ішінде Қазақстан әскери комиссариаты майданға барлығы 14 атқыштар және кавалериялық дивизия, 7 бригада, 1 зениттік полк, 12 құрылыс және 2 автобатальон аттандырды. Бұдан басқа, осы кезең ішінде Қызыл Армия үшін 13130 жүк автомашинасы, 107 арнайы, 825 жеңіл автомашина, 57 мотоцикл, 1538 трактор, 110118 ат және 10260 арба жіберілді.

Мәлімет үшін, соғыстың басына қарай Қазақстан әскери комиссариаты республиканың барлық 14 облысын біріктірді, ал 1941 жылғы 5 желтоқсаннан бастап Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан Оңтүстік Орал әскери округінің, ал Қостанай - Орал әскери округінің қарауына көшті.

Майданға жіберілген оқ-дәрілер

Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары СССР-дің батыс облыстарынан эвакуацияланған 19 қорғаныс зауытының есебінен жаппай қорғаныс өнімдерін өндіруді бастады. Соғысқа дейін Қазақстанда үш зауыт және үш арнайы цех болған еді. 1941 жылдың қаһарлы қысы жағдайында эвакуацияланған зауыттар республикаға келіп, 1,5-3 айдан кейін-ақ майданға арналған өнімдерін шығара бастады. Уақытша энергия көздері ретінде паравоздар, тракторлар пайдаланылды. 1942 жылмен салыстырғанда 1945 жылдың басына қарай қорғаныс зауыттары өнім шығаруды 2 есе, ал №675 Петропавл зауыты және №621 Көкшетау зауыты - 3 еседан астамға ұлғайтты. Қазақстанның қорғаныс кәсіпорындары соғыс уақытында барлығы 1 миллиард рубльден астам сомада өнім шығарды.

Оның ішінде калибрлері 82 мм, 50 мм және 120 мм болатын барлығы 5214254 дана мина корпустары жасалды. Егер бір дивизияның миналар жиынтығы 120 мм калибрдегі миналары 1680, 82 мм - 2180 дананы құраса, Қазақстан зауыттары 1350 дивизияны миналардың әскери жиынтығымен жабдықтады.

Соғыс жылдары ішінде мына мөлшерде снарядтар шығарылды:

а) шағын калибрлі (20,37 және 45 мм) - 1989715 дана, немесе осы снарядтармен 200 дивизия толық қамтамасыз етілді;

б) орта калибрлі (76 мм) 1852790 снаряд дайындалды, немесе 420 дивизия үшін әскери жиынтық;

в) ірі калибрлі (203 мм) 20653 дана шығарылды, бұл 20 ауыр полктің қажеттілігін қамтамасыз етті.

г) 1159838 кг оқ-дәрі (порох) шығарылды, ол 80 дивизияның снарядтарын әскери жиынтықпен жабдықтау мүмкіндігін берді.

Сүңгуір қайықтардың 25 дивизионы торпедалық әскери запаспен толық жабдықталды.

Айтпақшы, теңіз миналары 1914-1919 жылдардағы империалистік соғыс кезінде барлық мемлекеттер шығарған миналардың шамамен 1/40-ына тең мөлшерде дайындалды.

Осының барлығы Қазақстанның соғыс жылдары шын мәнінде майдан арсеналы болғанын растайды.

Эвакуацияланған адамдарды Қазақстанда орналастыру қиындықтары

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстанның ерлік жылнамасының жеке маңызды беті - ол эвакуацияланған халықты, қорғаныс зауыттарын, фабрикаларды, мәдени және оқу орындарын қабылдауы және орналастыруы.

Өз бетінше босқан босқындар Қазақстанның аумағына соғыстың алғашқы айында-ақ келе бастады. Эвакуацияланған зауыттар мен фабрикалардың жабдықтары тиелген алғашқы эшелондар ағылды. Осының барлығын қабылдап, орналастыру қажет болды. 1942 жылғы қаңтарда ҚазССР-іне 381260 адам, оның ішінде майдан даласынан - 291355, Ленинградтан - 6198, Мәскеуден - 14518 адам келді, олардың 145 мыңы әйел, 135 мыңы балалар болды. Сондықтан келгендерді жұмысқа орналастыру бүкіл соғыс кезеңінде партия және кеңес органдары үшін басты мәселелердің біріне айналды. 1942 жылы еңбекке қабілетті 160708 адам ұжымшарлар мен кеңшарларға, 1280-і - МТС-қа, 36 мыңға жуығы - өнеркәсіптік кәсіпорындарға жіберілді. Соғыстың басында үй-жайлар да, пәтерлер де, жабдықтар үшін корпустар да жетіспеді. Осының барлығын орналастыру қажет болды, жедел түрде жерүйлер, басқа да уақытша тұрғын жайлар салына бастады, көшіп келген көптеген қорғаныс зауыттары көбінесе ашық аспан астындағы алаңдарға орналастырылып, бір мезгілде өнім шығарып және корпустар тұрғыза бастады.

ҚазССР-дің Совнаркомы мен Партияның ОК 1941 жылғы 4 қарашада «Эвакуацияланған халықты ҚазССР-іне қабылдау, орналастыру және жұмысқа орналастыру ісіндегі кемшіліктер туралы» арнайы қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Алайда бұдан кейін де жағдай өзгере қоймады. Осыған байланысты Совнарком мен ОК 1941 жылғы 1 желтоқсанда осы мәселені тағы қарады және егер келгендер орналастырылса да, эвакуацияланғандарға жұмыс беру және тұрмыстық қызмет көрсету ісінде жағдайдың мәз емес екені атап өтілді. Әсіресе негізгі ауыл шаруашылығы жұмыстарының аяқталуына және қысқы суықтардың басталуына байланысты адамдарды жұмысқа тұрғызу жағдайы күрт нашарлады. Шаруашылық басшылары эвакуацияланғандарды уақытша жұмыс күші ретінде қарап, оларға лайықты қамқорлық көрсетпеді. Әсіресе бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Семей облыстарында қиындықтар туындады. Эвакуацияланғандардың шағымдары ұзақ уақыт қаралмады.

ОК басшыларға қатысты қатаң шаралар қабылдады, мысалы, Сарқанд аупарткомының бірінші хатшысы және Бөрлітөбе ауаткомның төрағасы қызметтерінен босатылды. Эвакуацияланған азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша тұтас бағдарлама қабылданды. Эвакуацияланған халықты орналастыру мен жұмысқа тұрғызудан басқа, 140 астам өнеркәсіптік кәсіпорындарды, ондаған мәдени және оқу орындарын орналастыру қажет болды. Олардың барлығын республика бойынша теңдей орналастыруға тырысылды, алайда, әрине, мұндай ұйымдардың көбі алдымен Алматыға орналасты. Олардың арасында Харьковтен қоныс аударған №1 тігін-трикотаж фабрикасы, Мәскеу облысынан Дзержинский атындағы тігін-трикотаж фабрикасы, Мәскеу авиация институтының оқу-өндірістік шеберханалары, Евпаторияның жөндеу-механикалық зауыты, Ворошиловградтық машина жасау зауыты бар. Ақтөбе облысына Мәскеу қаласынан рентген зауыты және Днепропетровскіден «Большевик» зауыты, Шығыс Қазақстан облысына - Мәскеу маңынан электроникалық зауыт, Қарағандыға - Донбасстан № 317 зауыт, Батыс Қазақстан облысына - Ленинградтан № 231 зауыт көшірілді.

Эвакуацияланған кәсіпорындардың көпшілігі негізінен майдан үшін өнім шығарды. Мәселен, эксперименттік-оптикалық шеберхана (Харьковтен Алматыға келген) дүрбілер шығарды, № 242 зауыт (Харьков - Алматы) әскери ұшақтарды жөндеді, құю жабдықтары зауыты (Усмань қ. - Орал) құрлықтағы миналар дайындады, электротехникалық зауыт (Мәскеу маңы - Қызылорда облысы) - телеграф аппараттарын, № 222 станок жасау зауыты (Егорьевск қ. - Қостанай облысы) - қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасады және т.б.

Қазақстанға эвакуацияланған оқу орындарының тізімі де қызғылықты. Олардың ішінде Бүкілодақтың кинематография институты, Харьков мемлекеттік университеті, Мәскеу энергетика институты, Мәскеу авиация, тау-кен, заң, геологиялық барлау институттары, Харьков әскери академиясы және ВВС арнайы мектебі, сондай-ақ Мәскеуден, Симферопольден, Запорожьеден, Одессадан және Харьковтен 11 ғылыми-зерттеу институты бар.

Соғыстың алғашқы жылдарында майдан маңы аудандарынан Қазақстанның батыс облыстарына ірі қара малдың, жылқының, қой-ешкінің эвакуацияланғаны белгілі. 1943 жылғы 21 тамызда Одақ Совнаркомы және ВКП (б) ОК малды фашистік оккупациядан босатылған аудандарға қайтару туралы қаулы қабылдады. 54096 бас ірі қара, 139059 қой-ешкі және 14536 жылқы қайтаруға жатқызылды. Алайда тексеру кезінде малдың бір бөлігі болмай шықты (негізінен мал шешек пен аусыл ауруларынан қырылған). Мал басы қалпына келтірілгеннен кейін босатылған аудандарға тіпті 2600 бас артық мал бөлінді. Айдап өту үшін трассалар дайындалды, өзендер арқылы көпірлеп салынып, құдықтар қазылды. Оларды айдап өту үшін 3300 астам колхозшы және 12 зооветқызметкерлері тартылды. Қашықтық 60 - 200 км құрады.

Майданға көмек

Соғыс жылдарында әрбір қазақстандық отбасы ауыр күндерді бастан кешірді - үй жылытуға отын жетпеді, халық аш болды, таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істеді, сөйте жүріп бәрін майданға арнады, майданға көмектесу үшін қызмет уақытынан тыс жұмыс істеді. Қазақстан еңбекшілерінің Қызыл Армияға көрсеткен осы көмегі Екінші дүниежүзілік соғыс жылнамасында аңызды бетке айналды. Әрі бұл көмек жыл өткен сайын ұлғая түсті. Мұрағат деректеріне сүйенсек: 1941 жылғы 21 желтоқсанға қазақстандықтар қорғаныс қорына 52 млн 354 мың рубль аударса, 1942 жылғы сәуірде бұл сома 95 млн 315 мың болды, оның ішінде 40 млн 623 мың рубль қымбат бағалы бұйымдар болды. Бұдан басқа, 2970 алтын, 372 кг күміс, 640 платина тапсырылды. Бағалы заттары болмағандар ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсырды. Сәуірдің соңында қорға шамамен 8 мың тонна астық, 10206 гекалитр сүт, 233 центнер май, 717 тонна көкөніс, 273 тонна мақта, 8206 қой терісі тапсырылды.

1942 жылғы 11 маусымда қорғаныс қорына ақшамен және бағалы заттармен 110 млн 820 мың рубль түсті.

Қызыл әскерлерге арнап жылы киімдер жинау жөніндегі қозғалыс кең етек алды. 1942 жылдың ортасында әр түрлі атаудағы 1 млн 335 мың киім, оның ішінде 79587 қысқа тондар, 232244 пима, 32 мыңнан астам қолғап және т.б. жиналды.

1941-1945 жылдар ішінде республика тұрғындары майданға 1205 вагон әртүрлі сыйлықтар жіберді, 1943 жылы ғана 415 вагон, оның ішінде 16 вагон - 8-ші гвардиялық дивизиясына жіберілді. Сыйлықтардың арасында: қақталған және бұқтырылған ет, шұжық, сало, май, ет және балық консервілері, шарап, арақ, темекі, папиростар, кондитерлік өнімдер, сухарьлар болды.

Республика тұтастай «Киров» крейсері мен 8-ші гвардиялық панфилов дивизиясын қамқорлығына алып, шефтік көмек көрсетті; Алматы облысы - 73-ші гвардиялық және 391-ші дивизияны; Семей - 30-шы гвардиялық дивизияны, Балтық флоты теңіз ұшқыштарының 8-ші бомбалау бригадасын; Гурьев облысы - 195-ші дивизия мен автоматшылар батальонын; Қарағанды облысы - 71-ші гвардиялық дивизионды қамқорлығына алды және т.б.

Қазақстандықтар «Қазақстан колхозшысы», «Қазақстан шахтерлері», «Қазақстан металлургі», «Қазақстан мұнайшысы» танк колонналарының, «Қазақстан комсомолы» авиаэскадрильиясының құрылыстарына және т.б. қаражат жинау бойынша белсенді жұмысымен даңққа бөленді.

Мысалы, «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасының құрылысына 1943 жылғы 3 қаңтарда 270 млн 685 мың рубль, оның ішінде Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары 31 млн рубльден қаражат енгізді. Өз жинақтарын енгізгендердің ішінде: Қаратал ауданы «Қызыл бұлақ» колхозының төрағасы Оразбай Бөкенбаев - 300 мың рубль, Шаян ауданы Ақтас колхозының төрағасы Оңдасынов Бектай - 160 мың, Тереңөзек ауданы «Қызыл диқан» колхозының звеношысы Керейбаев Дүйсенбай - 145 мың рубль және т.б. қосты.

Осы колоннаның құрылысына қаражат жинау туралы шешімді ОК бюросы 1942 жылғы 11 желтоқсанда қабылдады, содан кейін барлық еңбек ұжымдарында жиналыстар өтіп, үндеулер қабылданды. Партияның облыстық комитеттері күн сайын ОК-ға келіп түскен қаражат туралы баяндап тұруға міндетті болды.

Соның нәтижесінде қазақстандықтар өз сөздерінде тұрды - «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасының құрылысы салынды. Оған жауап ретінде республика басшылығының атына: «Мемлекеттік міндеттемелерді орындағаннан кейін «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасының құрылысына 270685 мың рубль жинап, Қызыл Армияның қорына және өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары үшін 732287 пұт астық, 82 мың пұт күріш және 33889 пұт басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін берген Қазақ Советтік Социалистік Республикасының колхозшыларының атына менің туысқандық сәлемімді және Қызыл Армияның алғысын жеткізіңіздер. И.Сталин» деген телеграмма келді.

Жыл өткен сайын қазақстандықтар әскери құрылымдарға мәдени шефтік көмегін кеңейте түсті. 1942 жылғы 10 желтоқсан - 1945 жылғы 18 ақпан аралығында партия ОК мен Совнарком желісі бойынша Қиыр Шығыс майданына 4-ші армия мен Тынық мұхит флоты жауынгерлері мен теңізшілеріне арасында үгіт-концерт бағдарламасын жүргізу үшін 13 адамнан тұратын бригада жөнелтілді. Осы уақыт ішінде 81 концерт берілді, 102 баяндама жасалды, оның 20-сы қазақ тілінде жасалды. Баяндамадан кейін Қазақстаннан шыққан жауынгерлерге қазақ тіліндегі саяси және көркем әдебиет туындылары сыйға тартылды.

1943 жылғы наурызда Ленинградта болған Қазақстан делегациясы Ленинград майданының теңізшілерінің және жауынгерлерінің қатысуымен 15 митнингте сөз сөйледі, 200 астам баяндамалар мен әңгімелер өткізілді.

1941-1944 жылдары Қазақстанның өнер шеберлері майдан, госпиталь, Қызыл Армияның шақыру аункттері мен тыл бөлімдері үшін 20 мыңға жуық концерт берді. Әртістердің он бригадасы майданда болып, жауынгерлер үшін 870 концерт берді. Сол уақытта 1943 жылы Алматы мен облыстың өзіне ғана майдангерлердің 9 делегациясы келді, оларды қазақстандықтар қуана қарсы алды.

Қазақстанның жекелеген әскери бөлімшелерге көрсеткен шефтік көмегінен басқа, ОК пен Совнаркомның шешімі бойынша Ресейдің Орлов облысына да шефтік көмек көрсеткенін әркім біле бермейді. 1943 жылғы 21 қазанда бұл мәселе Орлов облысы делегациясы қатысқан үкіметтік комиссияда қаралды. Осы шефтіктің маңызы мен мәні туралы тиісті көпшілік-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Соның нәтижесінде қысқа мерзім ішінде 73967 жұмыс өгіздері, 552 жылқы, 782 шошқа, 13926 дана құс, 8465 пұт астық, сондай-ақ май, ет, тоңмай, құрғақ жемістер мен көкөністер жөнелтуге дайындалды. Сондай-ақ 148 комбайн, 61 сеялка, 89 трактор соқасы, 1042 шөп шабатын орақ және басқа да ауыл шаруашылығы құралдары жөнелтілді. Шефтік сыйлықтардың арасында киім, аяқ киім, кеңсе тауарлары, екі ауруханаға, екі шаштаразға, үш фельдшерлік пунктке арналған жабдықтар болды.

Бұдан басқа, Батыс Қазақстан облысы Ленинград облысының бірқатар аудандарына; Павлодар - Калинин аудандарына; Қарағанды облысы - Сталинград облысының екі ауданына; Қарағанды қаласы - Брянскіге, Жамбыл - Трубачевскіге, Алматы - Клинцы қаласына және т.б. шефтік көмек көрсетті.

В. ШЕПЕЛЬ, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері

Фото: e-history.kz

Соңғы жаңалықтар