Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралдағы Карев үйінде де госпиталь орналасты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралдағы Карев үйінде де госпиталь орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мемлекеттік архивінің директоры Айжан Сауғабаеваның айтуынша, эвакуациялық госпитальдарды ұйымдастыру соғыс басталған жылы-ақ қолға алынған.

Бастапқыда Оралда СССР қорғанысы халық комиссариаты қажеті үшін жалпы саны 1 мың төсектік екі госпиталь (оның біреуі ауруханалар, екіншісі бейімделген ғимарат есебінен) әзірлеу көзделген.

Бұл госпитальдардың жаралыларды 1941 жылдың 25 қыркүйегіне дейін қабылдауға дайын болуы керектігі атап көрсетілген.

Госпитальдарды маман-дәрігерлермен, медициналық құралдармен, көліктермен, жиһаз және басқа керек-жарақтармен қамтамасыз ету қажеттігі де айтылады.

Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті мен облыстық партия комитеті бюросының «Оралға келетін эвакогоспитальдарды орналастыру туралы» қаулысында қалада 1500 адамға арналған эвакогоспиталь орналастырылатыны айтылған. Бұл үшін Совет (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) көшесі 81-мекенжайындағы ауыл шаруашылығы техникумы жатақханасы, Совет көшесі 103-тегі мемлекеттік пароход шаруашылығы басқармасы, Совет көшесі 109-дағы пединституттың бұрынғы ғимараты, Совет көшесі 108-дегі №5 орта мектеп және қымызбен емдеу орнын (Кумысолечебница) беру көзделген.

Архив құжаттарына қарағанда, Оралда госпитальдың екеуі 1941 жылғы 9 қазаннан және біреуі 17 қазаннан жұмыс жасай бастаған.

Үш қабатты Киров (Карев) үйінде орналасқан №3974 госпитальдың бастығы 2 дәрежелі әскери дәрігер Острецов, комиссары аға саяси жетекші Королевский болған. Смета бойынша госпиталь 500 төсекке есептелген.

Батурин (қазір М.Ықсанов) көшесіндегі №3975 госпитальдың бастығы 3 дәрежелі әскери дәрігер И.Кузнецов, комиссары саяси жетекші Горбачев болған. Бұрынғы перзентхана, тубдиспансер және жетіжылдық қазақ мектебі ғимаратында орын тепкен бұл госпиталь 600 төсекке есептелген 5 корпустан тұрған.

Қаладан 15 шақырым жердегі Кумыскада орналасқан 155 төсектік №4111 госпитальға 2 дәрежелі әскери дәрігер А.Свиридов пен комиссар Костюков басшылық еткен.

Госпитальдардың алдыңғы екеуі СССР Денсаулық сақтау халық комиссариатына бағынса, енді біреуі Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесіне (ВЦСПС) қараған.

Сонымен қатар үкімет шешіміне сәйкес 1942 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімге жаралыларды қабылдау үшін қосымша 200 төсектік эвакогоспитальды жасақтау қажет болған. Соған сәйкес еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті бұрынғы №5 мектепте №3011 және бұрынғы пединститут ғимаратында №2997 госпитальды орналастыру жөнінде шешім қабылдаған.

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы эвакогоспитальдарды тексеру кезінде бірқатар ірі кемшіліктердің анықталғаны, соған байланысты жауапты адамдардың орнынан алынғаны да архивте көрініс тапқан.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімі 1942 жылы 1 қаңтарда облыс аумағында 5 эвакогоспитальдың болғандығын мәлімдеген:

Госпиталь нөмірі

Төсек саны

Қызметкерлер саны

3 974

500

186

3 975

600

206

4 111

200

105

3 011

200

105

2 997

300

138

Тағы бір архивтік құжатта №3974, №3975 және №4111 госпитальдағы төсек саны 1 300 болса, 1942 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша соның 824-інде жаралылар жатқан.

Тексерушілер болған кезде №3975 госпитальда (бастығы Кузнецов, комиссары Кудряшов) жаралыларды емдеу жұмысы жақсы ұйымдастырылғаны атап өтілген. Госпиталь басшылығы емделіп шыққан жауынгерлер мен командирлерден алғыс алса, қабырға газетінде бөлімше бастығы, дәрігер Лидия Беловаға ризашылық білдірілген. Сондай-ақ саяси-көпшілік және мәдени-тәрбиелік жұмыстардың көптеп өткізілетіні де айтылған.

1942 жылғы 1 қаңтар мен 1 мамырдың аралығында №3974 госпитальда емделгендердің 42 пайызы, №3975 госпитальдан 37,1 пайызы және №4111 госпитальдан 0,9 пайызы жауынгерлер сапына қайта қосылған.

Айта кетейік, №3974 госпиталь орналасқан Карев үйі сол қалпында сақталған. Заманында аса көрнекті болған ғимаратты белгілі көпес Александр Карев 1900 жылы салдырған. Қазіргі Н.Назарбаев даңғылы мен А.Карев көшелері қиылысында тұрған үш қабатты ғимаратта бастапқыда қонақүй, офицерлер жиналысының клубы болған. Кеңес дәуірінде Киров үйі деп аталған ғимаратта көптеген мекемелер, соның ішінде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциялары орналасты. Кейін мұнда Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы қалды.

Өңірге танымал ардагер-ұстаз, тыл еңбеккері, 95 жастағы Меруерт Жолдықайырова соғыс жылдары Орал педагогикалық институтында білім ала жүріп, жұмыс та жасаған.

«Мен 1942 жылы институттың 1 курсында оқитын едім. Жағдайдың қиындығына байланысты №4 қазақ орта мектебінде (қазір дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты) аға пионер вожатый болып еңбек еттім. Госпитальдарды аралап, пионерлердің күшімен концерт қоятынбыз. Солардың ішіндегі ең үлкені Карев үйіндегісі еді. Жаралылардың хат жазуына, бой жазып, серуендеуіне көмектесетінбіз. Сталинград майданының жақындығына байланысты басқа мектептермен қатар біздің білім ордасы да жабылып, ғимараты госпитальға айналдырылды. Кейін мектептер қайта ашылды», - дейді ол.

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттен алынған мәліметке қарағанда, соғыс кезінде облысқа №2343, 1806, 304, 2997, 3011, 4111 және 3261 жылжымалы госпитальдар көшіп келген. 1941 жылдың шілде айында облыстық әскери комиссариаттың шешімімен №3974 (бастығы – 3 дәрежелі әскери дәрігер Острецов), №3975 (бастығы – 3 дәрежелі әскери дәрігер Кузнецов) госпиталь құрылып, оған облыс дәрігерлері тартылған.

Облыстың Жәнібек ауданында №1584 эвакогоспитальда Сталинград майданында жараланған 750 адам емделіп шығып, 93 адам қайтыс болып, бауырластар зиратына жерленген.

Сталинград майданына тиіп тұрғандықтан, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Орда (қазір Бөкей ордасы) аудандары соғыс жағдайында деп жарияланғаны мәлім. Осы маңдағы тұрғындар соғыс демін айқын сезінді. Жау, әсіресе, теміржол өтетін Жәнібек, Сайқын, Шоңай стансаларын жиі-жиі бомбалады.

Өлкетанушы-журналист, соғыстан қайтпай қалған боздақтар тағдырын зерттеп жүрген Ахмедияр Батырханов Сталинградтан Жәнібекке №1584 госпитальдың көшірілгенін жеткізді. Осындағы мектепте орналасқан эвакогоспиталь 1942 жылғы шілдеден 1943 жылдың жазына дейін жұмыс істеген.

«Жәнібектегі эвакогоспитальда бұрын 140 жауынгер қайтыс болды делініп келді. Жақында ресейлік із кесушілер тағы 71 адамның Жәнібек госпиталінде көз жұмғанын анықтады. Сонда қазір 211-ге жетті», - дейді А.Батырханов.

Демек, Батыс Қазақстан облысында орналасқан госпитальдар тарихы әлі де нақтылай түсуді қажет етеді.


Соңғы жаңалықтар