Екінші дүниежүзілік соғыс: ақиқат пен ақтаңдақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі. Бұл жаһандық деңгейдегі ең сұрапыл, ең қанқұйлы, зардабы әлі күнге созылып келген Екінші дүниежүзілік соғыстағы негізгі майданының аяқталған уақытына, яғни фашистік Германияның тізе бүккен, Кеңес Одағы бастаған елдердің жеңіске жеткен күніне арналған айтулы дата. Адамзат тарихындағы ең ауқымды соғыстың аяқталып, бейбіт күннің орнауына Қазақстанның, яғни қазақ жерінен аттанған майдангерлер мен тылда талмай еңбек еткен аға-буынның қосқан үлесі зор. Strategy2050 ресурсында жарияланған соғыстың адамзат тарихындағы орны және бүгінгі күн тұрғысынан қалыптасқан көзқарас жайлы мақаланы оқырман назарына ұсынамыз.

Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын Жеңіс күні алыстап, сол күннің орнауына зор үлес қосқан ардагерлеріміздің саны да азайып, арамыздан кетіп жатыр. Өйткені аталған соғысқа тек соңғы жылдары ғана қатысқан ардагерлердің ең кішілерінің өзі бүгінде 95 жасқа келіп отыр. Тек ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының өзінде бүгінде көзі тірі 25 ҰОС ардагері ғана қалған.

Адамзат тарихындағы алапат оқиғаның, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы уақыт өткен сайын күрделеніп, бұрын айтыла бермейтін немесе білінбеген ақтаңдақтардың ашылуымен және жаңа деректердің пайда болуымен қоғамда қалыптасқан көзқарас, тарихи сана өзгерістерге ұшырауда.

Тарихшылар Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесі және оның қорытындысы бойынша қабылданған қарар, бекітілген тәртіп жүйесі Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуындағы негізгі себептердің бірі болғанын әлдеқашан айтып келеді. Бірінші дүниежүзілік соғыста тізе бүккен Германияға қойылған ауыр талаптар (атап айтқанда әскер санын 100 мың адамға дейін азайту, белгілі бір әскери қару-жарақ түрлерінің санына лимит қою сияқты демилитаристік мақсаттағы шектеулер, жеңімпаздарға, зардап шеккендерге берілетін репарация түріндегі 32 миллион маркаға бағаланатын алтын, неміс отарларының Антанта елдері арасында бөлініске түсуі, ұнжырғасы түкен халық пен әскер т.б.) уақытша ымыра жағдайын қалыптастырғанымен, неміс ұлтының ішкі намысын жанып, ұлтшыл әрі фашистік бағыттағы сезімдердің қайта бас көтеруіне және оның мемлекеттік деңгейдегі мықты идеологияға айналуына алып келді. Нәтижесінде экономикасы біртіндеп нығайып, қайта күшіне мінген Германия араға уақыт салып, өзгеде кеткен «есесін» алу жолында жаңа күреске шықты.

Жалпы кеңестік идеология Екінші дүниежүзілік соғыстың шығу тарихына қатысты бір жақты баға беріп, кінәні тек фашистік режимнен, оның лидері Адольф Гитлерден ғана іздеп келді. Шынтуайтына келсек, Германияда фашизмнің кең қанат жаюында және оның біртіндеп Еуропа елдерін жаулап алуында, тіпті Польшаны құпия екіге бөлген Молотов-Риббентроп пактісіне қол қою процесінде Германиядан бөлек өзге де ірі мемлекеттер мен одақтардың болғандығын, кемшіліктің тек бір жақтан кетпегенін айта кеткен әділ болады.

Сталин мен Гитлер «Риббентроп-Молотов пакітісінде» келіскендей 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Екінші дүниежүзілік соғыстың отын тұтатты. Дәл сол күні Германия әскері Польшаның батысына басып кіріп, ресми Екінші дүниежүзілік соғысты бастап жіберді. Кеңес Одағының әскері де «Польшаны құтқарамыз» деген сылтаумен (шын мәнісіндегі себеп Польшаның шығыс бөлігін өз иелігіне алу) 1939 жылғы 17 қыркүйекте Шығыс Польшаға басып кірді. Сондықтан кеңестік тарихнамада көп жылдар бойы айтылып келгендей, Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғысқа араласқан күні 1941 жылғы 22 маусым емес, 1939 жылғы 17 қыркүйек деп санауға әбден болады. 1941 жылғы 22 маусым Германияның Кеңес Одағына шабуыл жасаған күні ретінде ғана қарастырылуы тиіс.

Сондай-ақ, сол кездегі геосаяси тарихқа көз жүгіртсек, Екінші дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын Гитлер бастаған Германияның біртіндеп күшейіп, Еуропаның бірнеше мемлекетін біртіндеп жаулап алуына Ұлыбритания Премьер-Министрі Невилл Чемберленнің «ымыраластыру саясаты», АҚШ, Англия, Франция бастаған еуропалық ірі мемлекеттердің қауіпке көз жұму саясатының да ықпалы зор болғанын айта кеткен жөн.

Соғыс негізінен екі блок арасында, атап айтқанда Германия, Италия, Жапония бастаған агрессор мемлекеттер мен КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай бастаған қарсы тарап арасында алты жылға жалғасты. Бұл соғысқа әлемдегі бес құрылықтың да мемлекеттері қатар қатынасты. Алғашқы жылдары Германияға Еуропаны тұтастай өз ықпалына алуға, көп мемлекеттерді басып алуға мүмкіндік туды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен қаза тапқан адамдар саны 55 миллионға жуық болса, оның әлемдік деңгейдегі экономикалық шығыны 4 триллион АҚШ долларын құраған. Шамамен 10 мыңға жуық елдімекен қиратылып, бүлінген. Бұдан бөлек майдан даласына айналған ұлан-ғайыр атырапта ауылшаруашылығы саласы, өндіріс ошақтары орны толмас шығынға ұшырап, көп жылдар бойы қалпына келе алмады. Бұл соғыс адамзатқа, оның ішінде бейбіт тұрғындарға қарсы ядролық қару қолданған жалғыз соғыс ретінде де тарихта қалды. Тұтас адамзат баласы нәсілдік, ұлттық белгі бойынша жауласудың соңы орны толмас ауыр зардаптарға алып келетінін, оның алдын алу қай кезде де өзекті екенін білді. Алайда саясаткерлер, импершілдер арасында ықпал аймағына иелік ету, өзара бәсекелестік сезімі соғыстан кейінгі «Қырғи-қабақ» соғысын туғызып, жаппай қарулану сайысының жандануына түрткі болды. Өкінішке орай, соғыстың зардаптарын тезірек қалпына келтіруге болатын алапат қаржы, жаппай қырып-жоятын қаруларды дайындауға, әскери салада өзара жарыс саясатына жұмсалды.

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыстың экономикалық, әлеуметтік, саяси және психологиялық зардабын адамдар соғыс біткеннен кейін де ұзақ жылдар бойы татып келеді.

Тек Қазақстанның өзінен майдан даласына жалпы шамамен 1 300 000 адам аттанып, оның тең жартысына жуығы қайта оралмаған. Оның ішінде қайтыс болғаны, ұшты-күйлі жоғалғандары, тұтқынға түскендері бар т.б. Елге оралғандардың ішінде мүгедек болғандары, от пен оқ кешіп, соғыстан кейінгі жылдары ішкі жан азабымен қиналып күн кешкендері қаншама. Ата-ана баласынан, әйел жарынан, бала әкесінен айрылып, қиындықта күн кешке отбасылар аса көп. Қазақстанда сұм соғыстың салқыны тимеген, зардап шекпеген отбасы жоқ шығар.

Осы соғысқа аттанып, майдан даласында ғаламат ерлік көсеткен қазақстандықтар саны – 497. Олардың ішінде ікі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бегелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов и Леонид Беда сияқтылар, есімі тарихта алтын әріптерімен жазылған хас батырлар – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Нұркен Әбдіров, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Сұлтан Баймағамбетов және әйелдерден Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды батыр майдангерлер шықты.

Қазақстаннан шақырылған сарбаздар Екінші дүниежүзілік соғыстың барлық фронттарында, барлық бағыттарындағы ұрысқа қатысты. Әсіресе Иван Панфилов басқаратын 316 атқыштар дивизиясының Мәскеу түбіндегі ерлігі, 1073 атқыштар полкін басқарған Бауыржан Момышұлының жанқиярлық әрі ұтқыр тактикалық ерліктері, Қасым Қайсеновтың партизандық ерлігі тарих беттерінен ойып орнын алды.

Қазақстандық сарбаздар Мәскеу түбінде, Ленинградты қорғау кезінде, Сталинград шайқасында, Курск түбінде, Белоруссия, Прибалтика, Молдавия, Украина, Шығыс Еуропаны азат ету сынды маңызды ұрыс алаңдарына қатысып, ерлік көрсетті. Негізгі майданда жеңіске жетіп, Германия тізе бүккеннен кейін қазақстандықтар Жапонияның Квантун армиясына қарсы соғысқа да қатысты.

Жалпы соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы, төрт ұлттық кавалериялық дивизия, жеті атқыштар бригадасы, елуге жуық полк пен батальон дайындалып, майданға аттандырылған.

Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға әскер аттандырып қана қоймай, соғыстағы әскерге тылдағы еңбек күші арқылы көп көмек көрсетті. Қауіпті орындарда немесе жау қолында қалған өндіріс орындары қауіпсіздеу саналған Қазақстан территориясына көшірілді. Ел экономикасы соғысқа қажетті арсеналды нығайтуға жұмыс істеді. Түрлі полиметалдар, қорғасын, мыс өндіру бағытындағы Қазақстан үлкен рөлге ие болды. Ел зауыттарында қару-жарақ түрлері, снарядтар өндірілді. Соғыс жылдары елдегі көмір өндірісі де үлкен қарқынмен дамыды. Еңбек армиясына Қазақстаннан 700 мың адам, өндіріс орындарына 600 мың адам аттандырылған. Яғни, сол кездегі халық санымен есептесек елдегі әрбір төртінші тұрғын майданға аттанған немесе тылда еңбек етуге жұмылдырылған.

Қазақстанда кейбір деректерге сүйенсек , халықтың мобилизациясы соғыс өртін тұтатқан Германиядан да асып түседі. Мысалы, Германияда соғыс кезінде халықтың 12 пайызы соғысқа жұмылдырылса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 24 пайызды құрайды. Сол кезде қазақстанның кейбір өңірлерінде халықтың соғысқа жұмылдырылуы 50-60 пайызына дейін жеткен. Яғни, кішкентай балалардың, әйелдердің өзі күндіз-түні жұмысқа жегіліп, соғыста жеңіс туының желбіреуіне жанқиярлықпен үлес қосқан.

Қазақстанда 1941-1945 жылдары 460 жаңа кәсіпорын ашылды. Оның ішінде 142 өндіріс орны КСРО-ның өзге аймағында орналасқан жерінен елімізге көшірілген болатын. Аталған процестің бәрі өте қысқа уақытта атқарылды. Өйткені әрбір уақыт, сағат, күн қымбат болатын. Өндіріс орындарын дамытуға бөлінген қаражат та соғысқа дейінгі кезеңнен әлдеқайда көп болатын. 1945 жылға қарай Қазақстанда көмір өндірісі соғысқа дейінгі кезеңнен екі есеге жуық ұлғайса, мыс өндірісі жағынан жалпы КСРО-да 30 %, молибденнің 60 %, қорғасынның 85 % өндірген болатын. Айта кетерлігі, мұның бәрі Қазақстанды жарылқау мақсатымен жүзеге асқан үдеріс емес. Майдан даласын тылмен қамтамасыз етуде түскен таңдау Қазақстан еді. Алайда мұның бәрі соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де елімізге пайдасын тигізген, ел экономикасына қызмет еткен, талай адамды жұмыспен қамтыған өндіріс ошақтарына айналғанын да атап өтуіміз керек.

Сонымен қатар, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласы да Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Қазақстандықтан тұрақты түрде майдан даласын етпен, астықпен, киім-кешекпен т.б. қамтамасыз етіп отырды. Сондықтан жеңіс күніне жетуде тек майдан даласында жан алысып, жан беріскен сарбаздар ғана емес соғыстың тірегіне айналған тыл ардагерлерінің де қосқан үлесі орасан зор.

Биыл Жеңіс күні мерекесіне 76 жыл толып отыр. Бұл күн адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстың қорытындыланған сәтінің, фашистік агрессияның тізе бүккен, қайғы мен қуаныш қатар сыйлаған алмағайып заманның белгісі.

Сол кездегі ауыр жылдарға бүгінгі күн тұрғысынан қанша тереңдеп қарауға тырыссақ та, аға буынның көрген қиындығы мен қуанышты сәтін шынайы сезінуіміз қиын. Сондықтан бұл соғыстан бізге қалған ең басты сабақ тарихи тағылым болса керек.

Сәкен Есіркеп


Соңғы жаңалықтар