Екінші деңгейлі банктер ұсынып отырған несиелер шаруалар үшін ешқандай да тиімді емес - Н. Нығматулин

None
None
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Екінші деңгейлі банктер ұсынып отырған несиелер шаруалар үшін ешқандай да тиімді емес.

Бұны түзететін уақыт жетті. Бүгін «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлімдеді.

Сөз арасында спикер еліміздегі екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды кредиттеуге әлі де қызығушылық танытпай отырғанын атап өтті.

«Сондықтан да, дәл осы ауыл шаруашылығы секторында инвестициялық қызмет емес, тек бюджеттік қаржыландыру ғана басымдық алып отырғанын атап өткім келеді. Егер екінші деңгейлі банктер туралы айтатын болсақ, онда олардың агронеркәсіп кешенін қаржыландыру бойынша ұстанымын, оның ішінде мал шаруашылығын қаржыландыруға қатысты көзқарасын тек «сырттан бақылаушы» деп атауға ғана келеді», - дейді Н. Нығматулин.

Осыған орай палата төрағасы бірқатар статистикалық мәліметтерді алға тартты. Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктердің барлық берілген несиелерінің тек үш пайызы ғана ауыл шаруашылығына тиесілі екен. Оның ішінде берілетін несиенің 95 пайызын ірі және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші заңды тұлғаларға берілсе, кредиттің тек 4 пайызы шаруа және фермер қожалықтарына ұсынылған.

«Агроөнеркәсіп кешені халықтың ұдайы тұтынатын өнімдердің көзі болып табылатынын банкирлердің түсінетін уақыты жетті. Ал әзірше олар ұсынған кредиттер ставкасы қазақстандық фермерлер үшін ешқандай да тиімді емес екенін көріп отырмыз. Бұл жағдайды түзететін кез де келді деп санаймын», -деді спикер.

Соңғы жаңалықтар