Екінші бесжылдықта өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыспен қамтылу деңгейі арта түседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Кәсіпқор холдингі» индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына мамандар даярлауға жәрдемдеседі.

Атап айтқанда, холдинг кәсіптік білім беру саласында әсіресе өндірістік, тәжірибелік даярлыққа барынша мән береді. Бұл ретте дуалдық білім берудің құрамдасы ретінде практикалық даярлықта оқудың екі деңгейлі жүйесі енгізіледі. Бірінші деңгейде студент теориялық білімге қанығады, бұл үшін колледждер заманауи оқу-өндірістік жабдықтармен қамтылады. Сонымен бір мезгілде студенттер өндіріске жіберуге рұқсат ететін жүйе бойынша қосымша үлгілерді оқиды. Осылайша, өндіріске рұқсат алған студент оқудың екінші деңгейіне өтеді әрі тікелей кәсіпорында жұмыс тәжірибесіне араласады.

Осы орайда «Кәсіпқор холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасованың сөзіне қарағанда, өндірістік тәжірибеде колледж студенті тәлімгердің көмегімен нақты өндіріс нысанында толықтай жұмыс нормасымен қамтылады. Осылайша, жұмыс берушілер мен түлектер арасындағы талап алшақтығы жойылады. Ал бітірушілерге қазақстандық үлгідегі және шетелдік әріптестердің дипломы мен біліктілік сертификаттары беріледі.

Бүгінгі күні өзінің әлеуеті, мамандықты бағдарлауы, материалдық-техникалық жағдайы тұрғысынан өңірлік даму жобасына сай келетін 10 колледж айқындалды. Олар үшін кадр даярлау бағытында дамудың жекелей бағдарламасы әзірленеді.

Индустрияландыру бойынша мамандармен қамтамасыз ету жұмысы жүйелі түрде атқарылатын болады. Инвестициялар және даму ведомствосы Білім және ғылым министрлігімен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен меморандумға қол қойып, индустрияландыру бойынша қажетті мамандықтар аясында бірлесе жұмыс істеуде. Жалпы, екінші бесжылдықта өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыспен қамтылу деңгейін 2019 жылға таман 29 мың адамға арттыру көзделеді. Оның ішінде 18 мың адам «Кәсіпқор холдингі» есебінен, 11 мыңы жоғары оқу орындарының есебінен қамтылмақшы.

Белгілі болғандай, келесі жылдан бастап ҚР ИДМ мен «Кәсіпқор холдингі» бірлесе отырып, жоғары технологиялар енгізілген кәсіпорындардағы әрбір маманның біліктілігін арттыру бойынша келіссөздер жүргізеді.

Соңғы жаңалықтар