Екібастұздықтар Ұлттық экономика министріне бизнес жоспарларын таныстырды

None
None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Екібастұздықтар ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке бизнес жоспарларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрмен кездесуде жергілікті мектеп оқушылары, студенттер, кәсіпкерлер қуырылған балмұздақ, экоагроробот және өзге де бизнес жоспарларын, стартап жобаларын таныстырды.

Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің 10-сынып оқушысы Темірлан Байғожин әмбебап экоагророботты жасап шығарған.


«Робот астықты жинауға, себуге және кептіруге арналған. Менің идеям - толық агроөндірістік кешен. Ол экологиялық таза бағытта, «Стирлинг» қозғалтқышының күшімен жұмыс жасайды. Ішкі және сыртқы ауаны тұрақтандырып отыруға мүмкіндігі бар», -  деді Темірлан Байғожин.

Оқушы роботты «Lego» құрастырғышының көмегімен жасап шығарған. Жоба ауылдық елді мекеннің тұрғындары мен фермерлерге жұмыстарын жеңілдетуге арналған. Кешен жұмыс күші мен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Тимур Сүлейменов облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбекке оқушыға грант берудің жолын қарастыруды ұсынды.


Көрме барысында Ұлттық экономика министрі, сондай-ақ қазіргі кезде «Шығыс» кен орнында пайдаланылып жатқан «идея фабрикасымен» танысты. «Фабрика» жобасы жұмысшылардың ұсынысымен танысу үдерісін қысқартып, қызметкерлерден келетін идеялардың санын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде олардың 47 пайызы жүзеге асырылып жатса, 8 пайызы қарастырылуда.

Сонымен қатар, оқушыларға арналған сайт, «BIG-dream» дайындық орталығы, қуырылған балмұздақ өндірісі сияқты өзге де жобалар ведомство басшысының назарына ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар