Екібастұздағы жылу жүйесін жөндеу 15 желтоқсанға дейін аяқталады - Павлодар облысының әкімі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұздағы жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталады. Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Президентке Екібастұз ЖЭС-інің жылу желілеріндегі апаттың салдарын жоюға бағытталған шаралар жөнінде есеп берді. Айтуынша, Екібастұз қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталады.

Сондай-ақ, облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы мен тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстар аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.

4 желтоқсанда Роман Скляр телефон арқылы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қалалық жылу желілеріндегі апаттың зардаптарын жою барысы туралы баяндады.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдады.

Фото: t.me/Kzgovernment
Соңғы жаңалықтар