Екібастұздағы жылу желілері мемлекет есебінен жөнделеді

Автор:  
Дәулет Ізтілеу

Екібастұздағы жылу желілері мемлекет есебінен жөнделеді

АСТАНА. КАЗИНФОРМ – Екібастұз қаласындағы жылу желісі бюджет қаражатымен жөндеуден өткізіледі, ал жылу электр орталығын меншік иесі жөндейді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылу желілерін жөндеу бойынша Павлодар облысының әкімдігі мен «ОАЭК» компаниясы бірлесіп бағдарлама әзірленді. Қаржыландыру екіжақты жасалған меморандумға сәйкес жүргізіледі. Жылу желілерін жөндеу жұмысын бюджет есебінен қаржыландыру жөнінде шешім қабылданды. Ал ЖЭО-на меншік иесі өзі инвестиция құяды»,– деді Жандос Нұрмағанбетов Парламент Сенаты қаржы және бюджет комитетінің отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Вице-министрдің айтуынша, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жағдайды егжей-тегжейлі түсіну үшін сынақ жүргізіледі.

Яғни жылу құбырларының қай жерін ауыстыру қажет және оған қанша қаржы талап етілетіні анықталады.

Айта кетсек, Екібастұз ЖЭО меншік иесі - «Павлодарэнерго» АҚ, ол - өз кезегінде «Орталық Азия отын-энергетика компаниясы» АҚ корпорациясының бір бөлігі.

Бұған дейін «Екібастұзжылуэнерго» серіктестігіне 27,6 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.





Серіктестер жаңалықтары