Екібастұздағы жылу магистралін жөндеуге өзге өңірлерден бригадалар жұмылдырылды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұздағы жылу магистралін жөндеу жұмыстарына өзге өңірлерден бригадалар жұмылдырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің телеграм каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін қаланың Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 17 көп пәтерлі үйді жылыту жүйелеріне қосу үшін Қазақстанның басқа өңірлері мен кәсіпорындарынан, атап айтқанда Астана, Павлодар, Қарағанды, Босшакөлден (Kazminerals) жеткен жөндеу бригадалары жұмысқа кірісті.

Бригадалардың жалпы саны 34-тен 42-ге дейін өсті.

Сондай-ақ, Үкімет пен жедел штаб мүшелері Мәметов, Шешембеков көшелерінде орналасқан тұрғын үйлерді, «Өнер» мәдениет үйін аралап көрді.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қараша күні сағат 1:20 шамасында Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын.

Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.

Үкімет отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақов қаладағы ахуалға қатысты есеп берді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Екібастұзға барды. Бүгін сағат 8:00-де өткен Екібастұздағы төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штабтың отырысында қаланың жылу желілеріндегі қазіргі жағдай мен температуралық режимді қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Фото: t.me/KZgovernment


Соңғы жаңалықтар