Екібастұздағы төтенше жағдай: Сотқа дейінгі тергеу басталды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласындағы апатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу Павлодар облысы бойынша Полиция департаменті, Экономикалық тергеу департаменті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерінің ведомствоаралық жедел тергеу тобына тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«30 қараша күні Павлодар облысының прокуратурасы жылу желілеріндегі ірі зақымдану, желілерде су қысымының төмендетуі және «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның су жылыту қазандықтарының тоқтау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабымен (өз міндеттеріне немқұрайлы қарау) сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Ол үшін 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», - делінген Павлодар облысы прокуратурасының хабарламасында.

Апат салдарынан бірнеше ондаған көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, бірқатар әлеуметтік нысан жылудан ажыратылып, 123 тұрғын эвакуацияланды. Оның ішінде балалар да бар. Білім беру нысандары қашықтан оқыту форматына көшті, балабақшалардың жұмысы тоқтатылды.
«Сотқа дейінгі тергеу Павлодар облысы бойынша Полиция департаменті, Экономикалық тергеу департаменті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерінің ведомствоаралық жедел тергеу тобына тапсырылды», - деп нақтылады қадағалау органынан. Павлодар облысы прокурорының қаулысымен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру бойынша процессуалдық прокурорлар тобы айқындалды.
Тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынды.
Бұған дейін Екібастұз тұрғындарына жылу үшін төлем қайта есептелетіні хабарланған еді.

Авторы: Антон Гагарин.


Соңғы жаңалықтар