Екібастұздағы апатпен күресті ақпараттандыруда көп қате кетті - саяси сарапшы

None
Фото: facebook.com/shatalov.nikita
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұздың жылу электр орталығындағы апатқа қатысты саяси сарапшы Никита Шаталов өз ойына ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апатты жою бойынша жұмыстарды жариялауда көптеген қателіктер жіберілді. Бірінші, төтенше жағдай ауқымын жасыру. Жағдай бақылауда, қорқынышты ештеңесі жоқ және мәселе жақын арада шешіледі делінді. Екінші, жағдай ушыққан соң Екібастұзға вице-премьер Р.Скляр барды. Үйлерге жылу беріліп жатыр деп мерзімінен бұрын хабарлама жасап, тұрғындарды тыныштандыруға тырысты. Аталған жағдайлар қала тұрғындары мен жалпы қазақстандықтардың ызасын тудырып отыр», - деді Н. Шаталов.

Оның айтуынша, бірінші қателік шұғыл жойылып, шешімін тапты. Ал екінші қателік шенеуніктердің ақпараттың заманауилығын түсінбеуінің нәтижесі.

«Мен айтқан бірінші қателік тез түзетілді. Мемлекет басшысы Франциядан қайтар жолда, менің білуімше, төтенше жағдайға жауапты шенеуніктермен қатаң сөйлесті. Сондай-ақ, Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Екінші қателік шенеуніктердің қазіргі ақпараттық шындықты толық түсінбеуінің нәтижесі. Үкімет пен әкімдік Президент Әкімшілігінің кезекті ескертуінен кейін ғана ақпараттандыру жұмысына кірісті. Шындығында, шаруа басқа өңірлерден жұмыс бригадалары екібастұздықтарға көмекке келгеннен кейін ғана өне бастады. Мысалы, менің жерлестерім қарағандылықтар көмекке барды. Әлеуметтік желілерде қиын сәтте қол ұшын созған жандарға айтылған алғыс көп болды», - дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы апатқа қарамастан жылу электр орталығының иесін жақтау жағдайының болғанын айтты.

«Бұл жерде мәселе тек тарифке қатысты емес. Апатқа себеп жылу беру желілерінің тозуы деген әңгімелер болды, ал ЖЭО-ның тозығы туралы айтылмады. Үкімет батылдық танытып, шындықты ұзаққа созбай айтуы керек еді. Жылу желілеріндегі ақаулар ЖЭО қазандықтары жағдайының өте нашар екенін көрсетті. Күрделі жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізілмеген. Осылайша қалыпты қысымды ұстап тұру мүмкін болмады. Себебі аяз көтерілді де жұмысшылар қазандықтарды бар қуатында іске қосты. Оның соңы апатқа алып келді, яғни желі қысымға төтеп бере алмады. Егер жылу электр орталығы уақтылы қайта жаңартылғанда жылумен қамту мәселесі туындамас еді», - дейді Никита Шаталов.

Спикердің сөзінше, тозығы жеткен жылу қазандықтары апаттың туындауына себепші болды.

«Қазір Үкіметте диверсия болды дегене әңгіме айтылып жатыр. Бұл шындыққа сай емес. Олигархты ақтауды тоқтатудың орнына, әдеттегідей Министрлер кабинеті кінәні өз мойнына алады. Қазірдің өзінде С.Жұманғарин тарифті көтеру мәселесін көтеріп жатыр. Қазір алдымен «ЦАТЭК» АҚ-нан неліктен шаруасы біткен активті осыған дейін ұстап келіп, енді мемлекетке 1 теңгеге ұсынып отырғанын қарастыру керек», - деп қорытындылады Н. Шаталов.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Айта кетсек, бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Екібастұздағы жағдай бойынша Президентке есеп берді.

Фото: facebook.com/shatalov.nikita


Соңғы жаңалықтар