Екібастұздағы апатқа қылмыстық іс шеңберінде баға беріледі – Роман Скляр

Фото:
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр журналист Асхат Ниязовтың Екібастұз жылу электр орталығындағы апаттың себептері мен кінәлілері туралы сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апат ЖЭО-да болған жоқ. Тексерудің нәтижесі бойынша құбырлардағы ақаулар станциядағы қызметкердің қате әрекет жасауынан болған. Салдарынан желідегі қысым артқан. Қысым жоғарылап кеткендіктен құбырлар көп жерден жарылған»», - деді Роман Скляр.

Вице-премьер жылу электр орталығының жағдайы жақсы болмаса да, осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

«Жылдар бойы ЖЭО мен желілер қалай басқарылғаны, басшылар қандай жұмыс жасағаны, қаншалықты күтіп ұсталғаны және жөндеулерге қанша қаржы бөлінгеніне қылмыстық іс шеңберінде баға беріледі», - деп тоқталды Премьер-Министрдің орынбасары.

Брифинг барысында журналист Асхат Ниязов олигарх Александр Клебановтың қазір қайда екенін де сұрады.

«Александр Клебанов қазір Астанада. Өндірістік мәселелерді шешумен айналысып жатыр. Екінші акционер – Сергей Кан осында, яғни станцияда. А.Клебанов ертең келеді», - деп жауап берді Роман Скляр.

Премьер-Министрдің орынбасары Александр Клебановты жауапкершілкке тарту туралы сұраққа мәселе бойынша тиісті тұжырым жасалған кезде қарастырылатынын айтты.

27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқитыны хабарланды. Қала әкімінің айтуынша, 3 шағынауданға әлі жылу берілген жоқ.

28 қараша таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығы тарапынан немқұрайдылық болғаны және инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Кеше таңертең ұсынылған мәліметке сәйкес, 17 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу желісіне әлі қосылған жоқ. Онымен қоса, 58 тұрғын үй судан ажыратылды.

Соңғы жаңалықтар