Екібастұздағы апат: Ажар Ғиният ауруханаларға қатысты түсінік берді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Екібастұз ауруханаларындағы науқастарға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенатта өткен Үкімет сағатында тілшілер министрден Екібастұздағы ауруханалардан науқастарды басқа жерге көшіру мәселесі жайында сұрады.

«Екібастұз қаласының медициналық ұйымдарына тоқталсақ, апат болған алғашқы күннен бастап бақылауға алынды. Екі-үш сағат сайын Денсаулық сақтау министрлігіне ақпарат түсіп тұрады. Бүгін аурухана палаталарында ауа температурасы 21-22 градус болса, кейбірінде 24-ке жетті», - деді А. Ғиният.

Ол апат болған алғашқы күннен бастап ауыр науқастар, жүкті әйелдер шұғыл түрде Павлодарға жеткізілгенін атап өтті.

«Ал тиісті жағдай жасалған ауруханаларда науқастар емделіп жатыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Министрлік ондағы денсаулық сақтау нысандарына қатысты жағдайды қадағалап отыр. Сонымен қатар бейнебақылау жүйесі арқылы да көмек көрсетіледі. Босанатын әйелдер бірден Павлодарға жіберіледі», - деді министр.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.


Соңғы жаңалықтар