Екібастұздағы 26 көпқабатты үйден шағымдар әлі түсуде – әкім түсінік берді

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімдігінде өткен аппарат жиынында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жылу желілеріндегі ақаулар қашан жойылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.

«20 қаңтар, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша ЖЭО-да 6 қазандық жұмыс істеп тұр. 4 қазандықта ағымдағы жөндеу жүргізілуде. №6 қазандықта жұмысты бүгінгі күннің соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз. №11 қазандықта ертең кешке аяқталады. Ал №7 қазандықта кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар наурыз айына дейін көзделіп отыр», – деді Аян Бейсекин.

Қала басшысының айтуынша, жыл басынан жылу желілерінде 154 ақау анықталған. Бүгінде 131 зақым жойылды, 23-і бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
«Осы 23 ақау бойынша жөндеу жұмыстарын 10 күн ішінде аяқтаймыз деп отырмыз. Бірақ жылу желілері ескіргендіктен күнделікті ақаулар анықталып жатыр. Сондықтан жұмыстар жалғасатын болады», – деді Аян Бексекин.

Айта кетсек, Екібастұздағы көппәтерлі 26 үйден шағымдар әлі келіп түсуде. Үйлердің мекенжайлары анықталған. 13 үйде комиссиялық зерттеу толық жүргізілді.

«Негізінен үйлердің жылытылмау себебі – үй ішіндегі жылумен жабдықтау желілеріне байланысты. Сондықтан ПИК-термен бірге шешу жолдарын анықтап жатырмыз», – деді қала әкімі.

20 қаңтар күні қалада 7 учаскеде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Осыған байланысты 191 жеке тұрғын үй, көпқабатты 2 үй, 1 заңды мекеме бүгін кешкі сағат 18.00-ге дейін жылудан ажыратылған.


Соңғы жаңалықтар