Екібастұзда жылу желісін қалпына келтіру жұмысы қалай жүріп жатыр

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір басшысы ТЖ кезінде зардап шеккен жылу желілері мен пәтерлерді жөндеу жұмысының барысын тексеріп, жедел штаб отырысын өткізді.

Асайын Байханов қажетті жылу параметрлері сақталмаған Көшербаев пен Беркімбаев көшелеріндегі жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерді аралады.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жаңа желіні №7 жылу магистраліне қосу жоспарланғанын, бұл көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беруді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

- Бұл жұмыстарды қатаң бақылауға алып, «Екібастұз жылу энергиясы» АҚ жұмысын күшейту қажет. Бүгіннен қалмай жұмысшылардың жаңа тобын құрып, ддәнекерлеу жұмыстарын бастасын, - деп тапсырды Асайын Байханов. – Алда жаңажылдық мерекелер келе жатқандықтан бәрін істеп үлгеру керек.

Сондай-ақ, өңір басшысы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 55-үй мекен-жайындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан пәтерлерді аралады.

Пәтерлердің бірінің иесі Юлия Злей 27 қарашадан бері жылусыз қалып, 1 желтоқсанда жылу радиаторлары жарылып, су астында қалғанын айтты.

Бұл үйде елордалық мердігер ұйым жұмыс істейді. Пәтерде тұсқағаздар желімделіп, созылмалы төбелер орнатылып, едендегі линолеум ауыстырылды.

Пәтерлерді қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. 20 пәтерде жөндеу жұмыстары аяқталса, кезекте тұрған 32 пәтердегі жұмыстарды 10-12 күн ішінде аяқтау жоспарлануда.

- Тұрғындардың шағымдары болмас үшін жөндеу жұмыстарын сапалы әрі жылдам жүргізу керек, - деді Асайын Байханов.

Қаланы аралап шыққаннан кейін өңір басшысы ағымдағы жылыту жағдайы бойынша жедел штаб отырысын өткізді.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, жылумен жабдықтау жүйесін реттеу, зақымданулар мен ақауларды жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Жөнделуі тиіс 110-ға жуық зақымданулар бар, оларды жоюмен 86 адам айналысып жатыр.

- Осы уақытқа дейін жүйені теңгерімдеу дұрыс жолға қойылмаған, бір ай бойы жылу берудің нақты параметрлеріне жете алмай отырмыз. Екібастұз ЖЭО-да тұрақты жұмыс жүргізілмейді, - деді Асайын Байханов. - Біз мереке күндері адамдардың жылусыз қалуына жол бере алмаймыз. 4 көппәтерлі тұрғын үй мен 45 жеке меншік үйлердегі параметрлерді қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтау қажет. Қаладағы жылу жағдайы қалыпқа келгенше ТҮКШ басқармасының басшысына Екібастұзда қалуды тапсырамын.

Сонымен қатар, өңір басшысы қала тұрғындарымен ақпарат ұсыну жұмысының әлсіздігін атап өтіп, қала билігі мен коммуналдық қызметтер халықтың кез келген шағымына дереу әрекет етіп, жедел байланыс орнатуды, кемшіліктерді түсіндіріп, оларды түзетуге шақырды.

- Екібастұзда әлеуметтік желілердегі чаттар бар. Мен сіздің жауаптарыңызды көріп отырамын, барлық өтінімдер тез қабылданып, пысықталуы керек. Әкімдік шағымдар бойынша нақты жұмыс істеуі тиіс, - деп атап өтті Асаин Байханов.

Кеңес барысында облыс әкімі Екібастұз ЖЭО-да апатты жағдайға жол бергені үшін осы мәселеге жауапты облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

- Басқа адамдарға қатысты тиісті кадрлық шешімдерді жақын арада қабылдаймын, - деді Асайын Байханов.

Айта кетейік, Екібастұз ЖЭО-дағы апат бойынша тергеумен арнайы комиссия айналысуда, оның нәтижелері сараптама жұмыстары аяқталғаннан кейін айтылады.


Соңғы жаңалықтар