Екібастұзда жөндеуге байланысты ажыратылған 48 жер үйге әлі жылу берілген жоқ

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Екібастұзда бүгін уақытша жылудан ажыратылған көпқабатты тұрғын үйлер мен екі әлеуметтік нысанға қайта жылу берілді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

«15 қаңтар күні сағат 13:30-да 4Л жылу камерасынан М. Жүсіп көшесі 124 мекен жайына қарай бекіту арматурасын қосу бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Оған 8 жұмысшы 1 мамандандырылған техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта бұған дейін уақытша жылудан ажыратылған нысандар (20 көпқабатты тұрғын үй, 106 жеке тұрғын үй, 14 заңды тұлға және 2 әлеуметтік нысан) жылуға қосылды. Қазіргі уақытта жылу желісі бірқалыпты жұмыс істеп тұр», - делінген Екібастұз қаласы әкімдігінің Іnstagram парақшасында жарияланған хабарламада.

Дегенмен әлі 48 жеке тұрғын үйге жылу берілген жоқ. Әкімдік дерегінше, жаңадан орнатылған желілерге қосу жұмыстарына байланысты олар жылудан уақытша ажыратылған.

«15 қаңтар күні сағат 9:00-ден бастап Амангелді көшесінен Бұқар Жырау көшесіне дейінгі учаскеде жылу желісін жаңадан орнатылған желіге қайта қосу жұмыстары жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты 48 жеке тұрғын үй уақытша жылудан ажыратылды», - деп мәлім етті әкімдіктен.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Екібастұзда екі әлеуметтік нысан уақытша жылудан ажыратылған еді.

Соңғы жаңалықтар