Екібастұзда уақытты үш есе үнемдейтін экоагроробот құрастырылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласындағы «Зерде» дарынды балалар мектебінің 10-сынып оқушылары Темірлан Байгожин мен Қажымұрат Хаммет астық егуге арналған робот машина - экоагроробот жасап шығарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасынан мәлім етті. Физика пәнінің мұғалімі Мансұр Калиевтің жетекшілігімен қолға алынған жобаның мақсаты - ауыл шаруашылығында роботтардың пайдасы мен маңызын арттыру. Экоагроробот экономикалық әрі экологиялық жағынан үнемділігімен ерекшеленеді.

«Экоагроробот бірнеше жұмысты бірден істей алады, жерді жыртады, егеді, кедергі заттарды алып тастайды, кран арқылы дәнді тасымалдайды. Шынжыр табан тәріздес доңғалақтары сулы жерлерден өтуге көмектеседі. Бұл роботтың моделін LEGO Mindstorms Education EV3 конструкторлық жиынтығы арқылы құрастырдық. Алғашқыда қарапайым құрастырылған роботқа бірнеше функцияны іске қостық»,- дейді Темірлан Байгожин.

Экоагроботтың ауыл шаруашылығындағы рөлін толық зерттеген оқушылар өз жұмыстарын облыстық ғылыми жобалар сайысында сәтті қорғап, сертификатқа ие болған. Темірлан Байгожин «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты облыстық сайыста жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады.

«Бұл робот көп функционалды, яғни агрономдар көптеген техникаға, отынға қаражат жұмсамайды, - дейді Хаммет Қажымұрат. «Сонымен қатар өзінің уақытын, энергиясын, шығындарды үнемдей алады. Экологиялық жағынан қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді. Экоагроробот Стирлинг қозғалтқышының көмегімен жұмыс істейді. Стирлинг қозғалтқышының жұмысы температураның айырмашылығы арқылы жүзеге асады».

Айта кетерлігі, қалаға арнайы келген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің алдында таныстырған кезде министр жұмыстың жаңашылдығына қызығушылық танытып, болашақта бұл жобаға грант бөлу жөнінде ұсыныс айтқан.

Соңғы жаңалықтар