Екібастұзда теміржолшылар үш жыл бойы вагондарды тонап, 24 млн теңге шығын келтірген

None
None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Көліктегі полиция қызметкерлері пойыздан 24 миллион теңгенің дүниесін ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Модум–Транс» компаниясы мен «Қазтеміртранс» АҚ павлодарлық филиалы директорының міндетін атқарушы шағымданып, вагондардан ірі көлемде ұрлық жасалғанын хабарлаған.

«Атап айтқанда, ұрылар 95 жүк вагоны мен 116 жартылай вагоннан тежегіш құралдарының бөліктерін, штурвалдарды, біліктерді қолды еткен», - дейді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Сарықұл Жоланов.

Оның айтуынша, ұрлықтың кесірінен 24 090 694 теңге шығын келген. Қылмыстық кодекстің 188-бабының бірнеше бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында көліктегі полиция қызметкерлері теміржол қызметкерлерін ұстады. Олардың бәрі де - Екібастұз қаласының тұрғындары», - дейді Жоланов.

Қылмысқа қатысты адамдар 2017 жылдан бері вагон тонап жүргенін мойындапты. Ұрланған темір-терсекті «болгаркамен» өңдеп, сырлап, тазартып, өткізіп жүрген.

«Павлодар облысының Екібастұз аудандық сотының үкімімен ұсталған адамдар кінәлі деп танылып, олар 2,6 жылдан 5,6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды», - дейді полиция полковнигі.


Соңғы жаңалықтар